Картаңыздан ақша ұрлау үшін алаяқтар үнемі жаңа айла-тәсіл ойлап табуға тырысады. Өзіңізді қорғаудың керемет тәсілі бар.

Ол өте қарапайым және сенімді: 

SMS-ХАБАРЛАМА АРҚЫЛЫ КЕЛЕТІН ҚҰПИЯ СӨЗДЕРДІ ЕШКІМГЕ АЙТУШЫ БОЛМАҢЫЗ! 

Бұл ақпарат өз ақшаңызды сақтау үшін жеткілікті.

Ол қалай жұмыс істейді? Нақтырақ тоқталып өтейік.

Алаяқтар әлемнің кез келген елінде отыруы мүмкін. Олар сіздің нөміріңізді әдетте интернеттен тауып жатады. Мәселен, тегін хабарландыру шығатын сайттардан алып жатады.

Ал сіздің аты-жөніңіз бен әлеуметтік жағдайыңызды білетін бірнеше тәсілі бар – негізінен әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлер, сол сияқты қызметтер.

Сондағы зардап шегушінің сауалы мынадай болады: «Алаяқтар менің аты-жөнім мен телефон нөмірімді қайдан біледі? Банктер өз клиенттерінің жеке мәліметтерін тарата ма?».

Алаяқтар мәліметтер базасымен бас қатырмайды. Себебі телефон нөмірлерін хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерден алуға болады. Сол сияқты көздеген адамының аты-жөнін білу де қиын емес. Өзіңіз де бір-екі тәсілді есіңізге түсіріп көрсеңіз болады.

Алаяқ интернет-банкке кіріп, сіздің телефон нөміріңізді енгізіп, құпиясөзді өзгертуге тырысады. Ал банк бұл іс-әрекетті бөтен біреу емес сіз жасап жатқаныңызға көз жеткізу үшін телефоныңызға SMS-код жібереді және «Ешкімге айтпа!» деп ескертеді.

Міне осыдан кейін алаяқтың өзі сізге хабарласады. Алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, сеніміңізге кіру үшін сіздің атыңызды да айтады. Содан кейін: «Сіздің құпия сөзіңізді біреу өзгерткісі келіп жатыр! Шотыңыздағы ақшаны біреу ұрлап алмақшы. Біз оның алдын алу үшін телефоныңызға келген СМС-кодты бізге айтуыңыз керек», — дейді.

Мұндай күтпеген хабардан кейін адам сасқалақтап қалуы мүмкін. Қорқып тұрып, СМС-кодты айтып қояды. Мұндай келеңсіздік басыңыздан өтпес үшін балалық шағыңызға тағы бір мәрте саяхаттап қайтыңызшы. Анаңыз сізді үйге жалғыз қалдырып бара жатқанда «Есікті ешкімге ашушы болма!» дегені есіңізде ме? Бұл да тұп-тура сол жағдай.

«СМС-кодты ешкімге айтушы болма! Ешкімге!»

ЕСІҢІЗДЕ САҚТАҢЫЗ: ЕГЕР «БАНК ҚЫЗМЕТКЕРІ» ТЕЛЕФОН АРҚЫЛЫ СМС-КОДТЫ СҰРАЙТЫН БОЛСА, ОЛ – БАНК ҚЫЗМЕТКЕРІ ЕМЕС!

Зардап шегушінің сауалы: «Егер ол алаяқ болса, СМС-код неліктен банктен келді?».

Себебі банк сіздің құпия сөзіңізді бөтен біреу өзгертпек болып тұрғанын байқап қойды! Бөтен адам сіздің құпия сөзіңізді ауыстырып, жеке кабинетіңізге кірмес үшін банк тек сіздің нөміріңізге СМС-код жіберді. Ал, алаяқ ол кодсыз арам пиғылын жүзеге асыра алмайды. Сол себепті ол сізге хабарласып, қулық жолмен СМС-кодты біліп алуға тырысады.

Егер кодты айтып қойған болсаңыз, алаяқ осы арқылы құпия сөзіңізді ауыстырып, банк сайтындағы жеке кабинетіңізге емін-еркін кіреді.

Банктерге өз клиентін алаяқтар тонап жатқаны ұнамайды. Сол себепті олар СМС-код жіберіп қана қоймай, күмәнді іс-әрекетті бақылап отырады. Банк стандартты емес транзакцияны бұғаттап, іс-әрекетті кім жасап жатқанын нақтылау үшін өзіңізге тікелей хабарласады.

Банктің жаңа қызмет түрі пайда болғаннан кейін қылмыскерлер де ұрлықтың жаңа түрін ойлап шығарады. Соңғы үрдіс – алаяқтар жеке кабинетіңізге кіргеннен кейін сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдейді. Ал ол ақшаны банкоматтан ғана алу мүмкін болғандықтан алаяқтар өзіңізге хабарласып, банкоматтан шығарып алуыңызды сұрайды.

Оның айтқанын сіз неліктен күмәнданбай орындайсыз? Себебі алаяқ әдеттегідей өзін банк қызметкерімін деп таныстырады. Ол сіздің соңғы уақыттағы шығындарыңыздан (шотыңыздағы ақшаңызды қайда жұмсағаныңыз жөнінде) хабардар болып отырады. Алаяқ сізге хабарласып, қылмыскерлер алдыңызды орап кетпес үшін несиені жылдам арада банкоматтан шығарып алу керектігін айтады.

Зардап шегушінің сауалы: «Егер ол банк қызметкері болмаса менің соңғы уақыттағы шығындарым жайлы қайдан біледі?».

Сіз оған СМС-кодыңызды айтып қойғаннан кейін ол жеке кабинетіңізге оп-оңай кіріп, қаражатыңыз қайда жұмсалғанынан хабардар болып отырады. Жеке кабинетіңіздегі мәліметтер арқылы алаяқ сіздің кеше екі келі шұжық, екі литр сүт алғаныңызды, ал алдыңғы күні коммуналдық қызмет пен балабақшаның ақшасын төлегеніңізді біледі.

Сіз осыдан кейін дереу банкоматқа жүгіріп, несиені қолма-қол ақша етіп шығарып аласыз. Бірақ ол несие сізге қажет емес еді. «Еш қаймықпаңыз, — дейді өзін банк қызметкері ретінде таныстырған алаяқ, — осы ақшаны картаңызға қайта салыңыз. Оны банкомат немесе терминал арқылы жасауға болады. Сонда несиеңіз төленген болып есептеледі».

Оның айтқанын орындауға сіз үйреніп қаласыз. Терминалға барып, қолыңыздағы ақшаны өз картаңызға саласыз. Бұл ақшаны сіз бен банк қызметкерінен басқа ешкім көрмейді деп ойлайсыз. Ал, сіз алаяққа құпия кодты айтып қойғаннан кейін ол жеке кабинетіңіз арқылы бәрінен хабардар болып отырады. Сонымен онлайн несиенің ақшасын өз картаңызға салып болғаннан кейін алаяқ оның бәрін өзіне аударып алады. Осылайша сіз ақшадан да айырыласыз, оның үстіне несие де мойныңызға ілінеді.

Зардап шегушінің сауалы: «Егер мен ақшаны өзімнің жеке шотыма салған болсам ол ақша қалай жоғалып кетеді? Бұл банк қызметкерінсіз болуы мүмкін бе?».

Алаяққа біреумен қылмыстық сөз байласудың еш қажеті жоқ. Сіз СМС-кодты жіберу арқылы жеке кабинетіңізге кіретін жолды оп-оңай ашып бердіңіз. Міне, осыдан кейін ол сіздің шотыңыздағы ақшаны өзінің Зимбабве еліндегі шотына еш қиындықсыз аудара салады.

Бұл әлеуметтік инженерия деп аталады. Яғни алаяқтар адамның сеніміне кіріп, ойына келгеннің бәрін жасайды. Ал қазір оның бәрін дүниенің екінші шетінде отырып, цифрлы технологияны қолдана отырып жасауға мүмкіндік мол.

Банктер өз кезегінде қорғаныстың жаңа тәсілдерін ойластырады. Бірақ әлі ешкім өзіңіздің қатысуыңызсыз сенімді қорғаудың жолын ойлап тапқан жоқ.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.