«Атам жолда қайтыс болды, әпкемді қарға лақтырды…»
«Ит құрлы көрмеді адамдарды, оларға нан берді, ал адамдарға — жоқ…»
«Әйелдер ерлердің көзінше зорланды…»
«Біз қысық көзімізден ұялатын едік…»
(Сталин бұйрығымен депортацияланған адамдар әңгімесінен)
Депортация немесе күштеп жер аударту — КСРО тарихындағы ең қайғылы беттердің бірі. 1936 жылдан 1951 жылға дейін, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлік мәліметі бойынша, 3 600 000 адам — оның ішінде кәріс, неміс, шешен, қырым татарлары, месхетин түріктері және басқа да ұлттар күштеп қоныс аударды.
Шамамен 1,2 миллионға жуық адам Қазақстан аумағына көшірілді, ал Қырғызстанға 137 мыңнан астам адамды қоныс аударды.
«Отарлаудың ақтаңдақтары» атты мемлекетаралық жоба аясында екі редакцияның зерттеуінде біз кәріс, шешен және месхетин түріктері өкілдерінің тарихын баяндаймыз.
- 1930-жылдар соңында 172 мың кәріс Қиыр Шығыстан Орта Азияға көшірілді. Оларды «жапон тыңшылары» деп атады.
- 1944 жылы «Чечевица» атты арнайы операция жүргізілді — Солтүстік Кавказдан шешендер мен ингуштар жаппай көшірілді, нәтижесінде 450 мыңнан астам адам Қазақстан мен Орта Азия республикаларына жер аударды. Оларды кеңес үкіметіне қарсы шығады деп есептеген.
- 1944 жылдың қараша айында Оңтүстік Кавказ халықтары — месхетин түріктері, курдтер, ассирийліктер жаппай жер аударды. 115 мыңнан астам адам. Кеңес үкіметі оларды шеқара асып кетеді деп есептеп, Түркия халқымен туыстық байланыстары бар деп айыптаған.
Тарихшылар бұл айыптаулар негізсіз деген пікірде. Бұл зерттеуде олардың көзқарасы мен дәлелдерін де келтіреміз.
ҮШ ТАҒДЫР
«Оларды өлімге айдады, ал олар аман қалды»
«1937 жыл, нағашы атам ол кезде 7 жасар бала. Ол малмен бірге вагонда жол жүргенін үнемі еске алатын. Оларды Хабаров өлкесінен Орта Азияға жіберді. Оның әкесі бай адам болған. Кейін оны ату жазасына кесіп, отбасы жер аударды. Олар отбасыда жеті бала болған, бір әпкесі жолда қайтыс болды», — деп еске алады Владислав Тен.
Владислав Теннің ата-бабалары алғашында Өзбекстанға жер аударып, кейін Қазақстанға көшкен.
«Олар қайда бара жатқанын білмеген. Кәрістерді соғысқа алмайды деп айтатын, алайда атамның сөзінше, оларды тапса ұстап, соғысқа жіберген екен. Атамның ағасы, 1941 жылы шамамен 19 жаста болған, ол қамыс арасында тығылып жүрген екен. Атам оған тамақ әкеліп тұратынын, жол-жөнекей үнемі аяғы қан-қан болғанын да айтатын. Тамақ болмағандықтан, құр қолмен балық аулаған екен. Өзбек пен қазақтар кәрістің көбісінің өмірін сақтап қалды. Балаларын асырап алатын, осылайша кәрістер аман қалды», — деп еске алады Тен атасының әңгімесін.
Жер аудару себептерін оның туыстары кеңес билігінің қорқынышымен түсіндірген екен, олар кәрістер «жапон тыншылары» болуы мүмкін деп қауіптенген.
«Бізді «жаман жапондар» деп атаған екен. Біз жапондар жағына шығамыз деп қорыққан. Корея Жапонияның колониясы болғандықтан, бізге сақтықпен қарады. Сондықтан кәрістерді өлімге айдады. Бірақ бізге өзбек және қазақ халқы қол үшін беріп, аман қалдық», — дейді Тен. — «Мен үшін өзбектер мен қазақтар — ең жақын халықтар, олар үшін көп нәрсе жасағым келеді, сондықтан өзбек және қазақ тілін үйрендім».
Бүгінде Өзбекстанда ең үлкен кәріс диаспорасы өмір сүреді, ал Қазақстанда шамамен 100 мыңдай этникалық кәріс тұрады.
Депортацияға ұшыраған кәріс ұрпақтары ана тілін және өз тілінде есімдерін жоғалтқанын Владислав Тен жер аудару салдары деп санайды.
«Біздің ата бабаларымыздың есімдері мен тегі кәрісше болған, бірақ балаларына орыс есімдерін берген, ал фамилиялары орыс транскрипциясымен жазылған. Бұл өмір сүру оңай болуы үшін, ешкімнен ерекшеленбес үшін жасалған. Кәрістер қазір өз тілін білмейді. Атам айтқандай, оларға ана тілінде сөйлеуге ешкім тыйым салмаған. Өздері тіл білген, бірақ белгілі себептермен балаларына үйретпеген. Кәрістер ассимиляцияға ұшырады, басқа амалы болмаған. Діліміз, тіліміз — барлығы орысша болып кетті. Өйткені біз орыс болғымыз келді, тіпті қысық көзімізден қысылатын едік, менің өзімде сондай болған», — деп күйінеді Владислав.
Владислав Тен Астанада тұрады, ол өзі құрған Lingua Ten мектебінің басшысы. Кәріс, өзбек, қазақ тілін жетік меңгерген және оны тіл білмегендерге үйретеді.
Владислав Тенмен сұқбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз:
«Олар ұлтымыздың сағын сындырмақ болды»
«Менің әжем Ачхой Мартан деген шағын қалада, Шешен-Ингуш АССР-да тұрған. Қайғылы оқиғалар орын алған кезде ол 12 жаста еді. 1944 жылы 23 ақпан күні таңертең қарулы адамдар үйге келіп, жиналуды бұйырды, оларға көшірілетіні туралы айтылды. Ешкім не болып жатқанын түсінбеген: неге, қайда көшу керек? Алғашында оларды Грозный қаласына әкелді, одан соң мал таситын вагондарға отырғызып, шамамен 27 ақпанда эшелондар Грозныйдан шықты», — деп баяндайды ата-бабалар тарихын қазақстандық журналист Шуддин Саидов.
Саидов жер аударған шешендер ұрпағы, оның әже-аталары Қазақстанға айдалған.
Саидовтың сөзінше, бөтен жерге жету өте ауыр жағдайда өтті.
«Мүмкін, олар ұлт рухын сындырмақ, оны жоюды көздеген шығар. Адамдарды әбден азапқа салды, мысалы дәрет сындыруға мүмкіндік болмады. Ерлер әйелдермен бірге вагонға отырғызылды, олардың арасында қыздары, келіндері болды. Ерлер шыдап, дәрет сындырмай бүйрек ауруынан қайтыс болып жатты. Ал әйелдер үнсіз, жылап, астына жіберіп отырды, басқа амалдары қалмады. Атам таныстарының, туыстарының қайтыс болғанын, оларды жолда лақтыра салғанын айтатын».
Әжесі Саидовке вагондағы адамдар наразылығын танытқанда, солдаттар оларға автомат қаратып, бір-бірін ұрып соғуға мәжбүрлегенін айтып берген.
«Солдаттар иттерге нан берген, ал адамдарға ол да бұйырмапты. Жолда әйелдерді ерлерінің көзінше зорлаған. Әрине, мұны қазір ешкім мойындамайды, себебі бұл масқара, ұят. Осындай қорлау болды, мұны көз алдыңа елестету де қиын (…) Қазақ жері отанымызға, үйімізге айналды, — деп айтатын әжем. Күн сайын осыны есімізге салып отыратын, егер Алла мен қазақтың қолдауы болмаса, бізде болмас едік, осыны ұмытпаумыз керек деп».
Шуддиннің атасының тағдыры да ауыр болған:
«Ол туған жерінен кеткісі келмей, қашпақ болады, бірақ оны ұстап соққыға жығады, атам ағасы екеуі ата-анасынан, туыстарынан айырылып екеуі ғана қалады. Оларды вагонға отырғызып басқалармен бірге Қазақстанға жібереді. Атам Түлкібас ауданы, Қызылту деген ауылдан бірақ шығады, оны қазақ отбасы асырап алады, ол 15 жасына дейін сонда болған, кейін оқуға түседі».
Шуддин Саидовпен сұқбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз:
«Әжеме үш күнде қайтып келесіңдер деген»
Гүржістанның оңтүстік-батысындағы Месхети аймағы берекелі жер. Жайлауы аз болса да, мол жаңбырдан тауы күздің соңына дейін көк болып тұрады. Бұл жерді үш ғасыр бойы ондаған ауылдарда месхетин түріктері мекендеген.
Атамша Дурсуновтың туыстары көрші ауылда тұратын, 1944 жылдың қараша айында оның әжесі кішкентай ұлын арқалап, төркініне көрші ауылға қонаққа кеткен. Үйде үш кішкентай қызы қалған. Жас ана келесі күні қайтып ораламын деп ойлаған, бірақ айырылысу ұзақ жылдарға созылды.
Атамша Латифұлы Кыргызстандағы «Ахыска» месхетин түріктері қоғам төрағасы, ол отбасы тарихын еске алғанда толқуын жасыра алмады:
«Атам 1941 жылы соғысқа аттанды, оның жұбайы, әжем, төрт баламен қалды — үш қыз және ұлы, менің әкем. Әжем ата анасының үйіне қонаққа кеткен түні халқымызды күштеп қоныс аудару операциясы басталды.
Оларға тек үш күнге жететін азық-түлік алуға рұқсат етілді. Жұртты әскери жаттығу болып жатыр, сондықтан ауылдан уақытша кету керек деп алдайды. Әжем мен әкем Қырғызстанға жөнелтілді, ал үш қызын Самарқанға бара жатқан пойызға отырғызады. Кейін олар тек бес жылдан кейін жүздеседі…
1944 жылы атам соғыста жарақат алып, бір аяғынан айырылады. Оны үйіне қайтарады, келсе туған ауылында ешкім жоқ. Ол әскери комиссариатқа барып жөн сұрайды, сонда отбасың Орта Азияға «көшіп» кетті дейді. Атам отбасын бір жыл іздеп Самарқаннан екі қызын табады, біреуі қайтыс болып кеткен екен. Бес жылдан кейін әжемді тапты, ол Шу облысындағы Быстровка ауылында, әкеммен бірге тұрған екен. Осылайша, отбасы қайта қауышып, Қырғызстанда қалады».
Атамша Дурсуновпен сұқбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз:
ДЕПОРТАЦИЯ СЕБЕПТЕРІ
Азия зерттеу институтының басшысы, қазақстандық тарихшы Сұлтан Әкімбеков Сталин халықтарды жер аудару шешімінде тарихтағы шығыс тәжірибесіне сүйенген дейді:
«Сталин ежелгі Месопотамия, Египет немесе Қытай сияқты күшті мемлекетті құруды аңсаған. Ол легизм [қарсылықты басу], идеологиясын ұстанған яғни табысқа жету үшін алдымен халықтың қарсылығын басу керек деп санайтын. Барлығы оның билігін еш күмәнсіз қабылдауы керек, бәрі осы ұлы машинаның бұрандасы болуы тиіс еді».
Осы тұрғыдан алғанда жер аудару — халықтардын сағын сындырып, оларды тамырынан айырып, бағынышты етудің тәсілі десе болады.
Қазақстан жер аударудың негізгі орнына айналғаны кездейсоқ емес. Кең алқап жерлер, патшалық Ресей құжаттары бойынша мұнда 40 миллион гектарға дейін «бос жерлер» бар делінген. Кеңес билігі үшін бұл жерлер ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру көзі ретінде қарастырылды.
«Егер сол жерлерде тұрақты шаруашылықтар ұйымдастырса, дән мен ет өндірісін ұлғайтуға болады», — деп түсіндіреді Әкімбеков.
Балқаш, Қарағанды сияқты өнеркәсіптік аймақтар құрылған кезде жұмыс күшіне деген қажеттілік өте өзекті болды, қоныс аударған халықтарды арзан жұмыс күш ретінде пайдалану мүмкіндігі туды.
1930-1940 жылдар аралығында Қазақстанға шамамен екі миллион адам күштеп көшірілді.
Көптеген этникалық топтар сол уақытта дәлелсіз айыпталып сенімсіздікке байланысты депортацияланды. Мысалы, 1937 жылы, Жапониямен қарым-қатынас шиеленіскен кезде, Қиыр Шығыстан кәрістер жер аударды.
Кәрістер «бесінші колонна» деп есептелді. Оларды Қазақстанға әкелген себебі олар жақсы диқаншы еді, ал мұнда көптеген игерілмеген жерлер болды», — дейді Әкімбеков.
Кавказдағы мұсылман халықты жер аударуға осыған ұқсас себептер болды, олар 1944 жылы Түркияға қарсы мүмкін соғыс жағдайында Орта Азияға депортацияланды. Негізінен бұл грузин-мұсылмандар еді, яғни месхетиндер, оларды кеңес үкіметі түрік-месхетиндер деп атады. Бірақ олар этникалық грузиндер еді, түрік және грузин тілінде сөйлейтін.
«Совет билігі Түркияға қарсы жаңа әскери операцияға дайындалып жатты… сондықтан бірқатар мұсылман халқын жою керек болды. Жер аудару қисыны осындай еді», — дейді Гүржістандағы Sovlab ұйымының тарихшысы Ираклий Хвадагиани.
Ол сондай-ақ КСРО жасаған депортацияларды патшалық Ресейдің шет аймақтарды отарлау және олардың этникалық құрамын өзгерту саясатының жалғасы деп біледі: «Бұл шет аймақтарда орыстарды көбейту бойынша ресми бағдарлама еді».
Сталин депортациялар шарықтау шегі — 1944 жылы 24 ақпанда шешендер мен ингуштарды күштеп көшіру үшін арнайы «Чечевица» операциясы ұйымдастырылды. Операцияны КСРО Ішкі істер министрі Лаврентий Берия басқарды.
НКВД әскерлері танктер мен жүк көліктерімен елді мекендерді қоршап, барлық шығу жолдарын бөгеп тастағанда, осылайша «Чечевица» операциясы басталды деп Берия Сталинге хабарлады. Сол кездегі деректер бойынша, 352 647 адамды 86 пойызға тиеп жаңа қоныстарына жіберді.
Операция кезінде сұмдық жағдайлар орын алды. Тарихшы айтуынша, Хайбах ауылында чекістер адамдарды ат қорасына қамап, өртеп жіберген. 700-ден астам тірідей өртеніп кетті.
Бұл қатыгездік мысалы депортация халықтарды туған жерінен көшіру ғана емес, ол террор актісі болғанын көрсетеді, оның мақсаты — адамдарды қорқытып, қарсылықтың алдын алу және халықтарды жою еді.
Тарих ғылымының докторы, профессор Цира Месхишвили, депортация Сталиннің сыртқы саясаттағы жоспарларына, мысалы, жоғалтқан жерлерді қайтару, ешкім бөгет жасамасын деген мақсатпен жасалды деп түсіндіреді.
«Егер ол бұл жоспарын іске асырса, онда қарсылық білдіретін мұсылман халқы болмауы тиіс еді», — дейді Месхишвили.
Ол сондай-ақ, сенімсіздікті депортацияның негізгі себебі ретінде көрсетеді:
«Алайда мен Қырым татарлары мен Солтүстік Кавказ шешендерін жер аударғанын түсіне алмаймын. Мүмкін, бұның негізгі себебі — сенімсіздік».
Месхишвили депортация алдында билік жергілікті халық арасында сауалнама жүргізгенін айтады: Олардан «Өзіңізді грузин бе әлде түрік деп білесіз бе?», «Ана тіліңіз грузин бе әлде түрік пе?» деп сұраған. 90% халық мұсылманбыз деп жауап берген және өздерін түрікпіз деп айтқан. Мүмкін, бұл да себеп болды депортацияға, дейді ол.
Тарихшылар тағы бір маңызды жайтқа назар аударады: адамдар аш күйде тасымалданған, ал инфрақұрылымды құруға үлкен шығын жұмсалған. Мысалы, адамдарды тасымалдау үшін Месхетиде арнайы теміржол салынады, ол шалғай аймаққа дейін созылды. Барлығы операцияны тез аяқтау үшін жасалған.
_
1944 жылы 17 қарашаға дейін Гүржістаннан 25 эшелон жөнелтілді. Адамдар мал вагондарында тасымалданды, еш гигиеналық жағдайлар сақталмаған. Нәтижесінде, бір ай жол жүрген уақытта 17 мыңға дейін адам қаза тапты.
_
«Бұл сан толық емес, — деп есептейді тарихшы Хвадагиани. — Шынайы қайтыс болғандар санын анықтау өте қиын, себебі кеңес билігінің мақсаты — бәрі сәтті өтті деп көрсету болған».
_
Оның сөзінше, адамдар өте ауыр жағдайда тасымалданды, вагондарда қалыпты тамақтануға жағдай жасалмады, жылыту және санитарлық-гигиеналық жағдай болмаған. «Адамдар қамалып отырды, олар стресс жағдайында болды. Пойыз әдеттегі теміржол бекеттерінде емес, тек жүк станцияларында тоқтап, қатаң бақылау болды, ешкімнің қашып кетпеуін қадағалады. Бұның бәрі — зорлық-зомбылық, стресс, ауыр жағдайлар, тамақтың жетіспеушілігі және санитарлық жағдайдың нашарлығы көптеген адам шығынына алып келді», — дейді ол.
_
Тарихшы Цира Месхишвили мәліметінше, қайтыс болғандар саны көп болғаны, қарт адамдар мен балалар жолды көтере алмағандықтан: «Өлгендерді жолда тастап кетті. Қайтыс болғандарды жерлеу үшін арнайы адамдар болды, олар қайтыс болғандарды жол жөнекей жерледі».
Осылайша, Сталиннің депортациясы ауқымды әлеуметтік-инженерлік стратегияның бөлігі болғанын қорытындылауға болады:
- қарсылықты басу (легизм идеологиясы),
- шет аймақтарды игеру (экономикалық пайда),
- ықтимал сатқындықтың алдын алу (этносаяси паранойя),
- және империялық басқару тәжірибесін қайта жаңғырту.
Бұл қатыгез, жүйелі және саналы түрде жасалған саясат еді, тарих көрсеткендей, репрессияға ұшырағандар және КСРО үшін де қиратушы әрекет еді.
ДЕПОРТАЦИЯДАН КЕЙІНГІ ӨМІР
Қоныс аударған адамдар бір айдан астам жол жүрді. Шешендер ақпан айының соңында жөнелтіліп, көктемде жіберілген жеріне жетсе, месхетин турктері қақаған қыста жетті.
«Месхетиндер жаңа қоныстарына жеткізілген кезде, қыс түскен еді, адамдар бөтен жерде, қатаң климатта қыстауға мүлдем дайын емес болды. Оларды айдалада тастай салды, сондықтан олар күзетші айдауымен бірнеше шақырым жүруге мәжбүр болды. Кей жағдайларда адамдар өздері тіпті ашық жердің үстінде қандайда бір ғимараттар тұрғызуы керек болды. Олардың жылы киімдері болған жоқ, себебі киім алуға мүмкіндік берілмеді, жиналуға бірнеше сағат қана берілді. Сондықтан алғашқы уақытта көптеген адам қайтыс болды. Мұндай сынақтан месхетиндер ғана емес, депортацияланған барлық халықтар өтті, себебі жүйе барлығына бірдей еді», — деп түсіндіреді тарихшы Хвадагиани.
Владислав Тен нағашы атасының жаңа жердегі алғашқы жылдарда көрген қиыншылықтары туралы естеліктерін келтіреді:
«Алғашында тамақ жоқ, құр қолмен балық аулайтын едік. Жергілікті тұрғындардың көмегі арқасында аман қалдық — өзбек пен қазақтар көптеген кәрістердің өмірін сақтап қалды. Оларды асырап алатын, осылайша аман қалды».
Атамша Дурсуновтың әжесінің есінде Қырғызстандағы алғашқы күндері туралы ең жылы естеліктер қалған.
«Әжем айтатын, ауыр жолдан кейін оларды қарсы алып, жергілікті қырғыз отбасыларына орналастырған. Суық вагондардан кейін жылы үйлерде болу бақыт еді. Келген халық орыс тілін білмесе де, қырғыздармен түсінісе алатын. Барымен бөліскен, көмек қолын созған қырғыз бауырлар арқасында көбісі тірі қалды. Біз мұны әрқашанда ұмытпаймыз және алғысымыз шексіз», — дейді Атамша Дурсунов.
Шешендер де ең ауыр кезеңде көмектескен қазақ халқын алғыспен еске алады. Шуддин Саидовтың сүзек ауруына шалдыққан әжесін жергілікті дәрігер асырап алған екен.
«Шешемнің бауыры, ағамыз Ахмет Табиев, қазір ол кісі 96 жаста, депортация кезінде жеті жастағы бала еді. Оны вагоннан Түлкібаста тастап кеткен, ол орысша немесе қазақша білмеген. Оны да бір қазақ отбасы асырап алған, кейін олар біз үшін туыс болып кетті», — дейді Саидов.
Жер аударғандар негізінен ауылдық жерлерге орналастырылды. Мысалы, Владислав Теннің ата-бабалары Ташкент облысының Әлімкент ауылына, елорда маңында бір колхозда тұрды.
«Олар өмір бойы пияз егетін, бұл іс кәрістердің қолынан келетін. Тапқан табыстарының қомақты бөлігін колхозға берген. Атам сауатсыз болғанымен, өте ақылды еді. Егер ол білім алғанда, өмірі басқаша болатын еді. Кейінірек атам Ташкенттен үй сатып алды, яғни менің ата-анам, сонда дүниеге келді», — деп әңгімелейді Тен.
Атамша Дурсуновтың әжесінің естеліктеріне сүйенсек, кеңес билігі қоныс аударғандарға материалдық көмек ретінде бір сиыр мен он қой берген. Мұны тарихшы Цира Мехишвили де растайды: «Мен Сталин мен Берияның бұйрығын көрдім, әр отбасыға өтемақы қарастырылған». Алайда, оның айтуынша, бөлінген қаражат барлық отбасына жетпеген.
Алғашында адамдар туған жерлеріне тез арада ораламыз деп ойлаған. Алайда мұндай мүмкіндік тек Сталин қайтыс болған соң туады. Бірақ барлығына емес. Мәселен, месхетин туріктерінің қайту мәселесі әлі де шешілген жоқ, сондықтан жас ұрпақ Қырғызстанды өз Отаны деп біледі.
ҚОРЫТЫНДЫ
Сталин кезіндегі миллиондаған адамды жаппай жер аудару ұзақ уақыт бойы құпия болып келді. Тек КСРО ыдырағаннан кейін сол әрекет құрбандарын ақтау процесі біртіндеп басталды.
«Бұл сұмдық жағдай, адамгершілікке қарсы факт, кеңес билігі оны түсінгендіктен жасырып отырды», — деп атап өтті тарих ғылымдарының докторы Цира Месхишвили.
Оның пікірінше, адамгершілікке жатпайтын осы әрекеттердің ауқымы нацистік Германия қылмыстарынан ғана кем түседі. Мыңдаған отбасы туған жерінен айырылды, ал тұтас халықтар бөлініп, өздерінің тарихи ортасынан ұзатылды.
Депортацияға ұшырағандар үшін мұның салдары әлі де сезіледі.
Мәсхетин туріктерінің ұрпағы Атамша Дурсунов болған қылмысты геноцид деп сипаттап, «халық алдында кешірім сұрау — әділдікке жасалған қадам болар еді» дейді. «Менің ойымша, — дейді ол, — Гүржістан билігі оралғысы келетіндерге мүмкіндік беруі керек, себебі бұл біздің жеріміз еді… Бұл қателікті түзеу керек. Кім қайтады, кім қайтпайды ол басқа мәселе, бірақ адам туған жеріне қайту құқығына ие болуы керек».
Депортацияланған кәрістер ұрпағы Владислав Тен де ұқсас көзқараста: «Біз кез-келген режим саясатын сынаған кезде, олардың өз мүдделеріне сай әрекет еткенін түсінеміз. Белгілі бір мақсат болды, бұл геноцид, сол кездегі мемлекеттің, биліктің саясаты».
Шешендер мен ингуштар үшін «Чечевица» операциясы туралы естеліктер тек өткен тарих емес, жазылмас жара. Журналист Шуддин Саидов: «Біз бұл қасыретті еш ұмытпаймыз. Бұл абсурдты шешім еді. Әр ұлтта қаскөйлер бар, бірақ бізде ол кезде адам да қалмаған — барлығы майданда еді», дейді.
Тарихшылар пікірінше, жер аудару — зорлық-зомбылық пен жаншудың ауқымды жүйесінің бөлігі болды. Сталин режимі террор және жаппай жою арқылы жалық арасында қасақана үрей қалыптастырды. Тарихшы Хвадагиани ойынша, Сталин халықтың санасында генетикалық үрей қалыптастырып, мақсатына жетті:
«Жаппай жер аудару, «тазарту», насихат пен әртүрлі айла-шарғы жасау нәтижесінде жаңа буын наразылық пен қарсылық білдіру сезімі жоқ болып өсті. «Біз кімбіз?», «Қайда өмір сүреміз?», «Басқа бір өлшем болуы мүмкін бе?» секілді сұрақтар қоғамда сирек туындады».
Дегенмен, тарихшы «адамгершілікке қарсы әрекет еткен жасанды режим ақыр соңында қирады», себебі кеңес қоғамында өмір сүрген, барлығымен қамтамасыз етілген, «аштық көрмей, бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз» деп ойлайтын буынның арасында да наразылық туындап, олар жабық тақырыптарды ас үйде талқылайтын, деп есептейді.
Бүгінде, сол қасырет орын алғаннан бері қаншама жылдар өтсе де тарихты толық ұғыну болған жоқ. Қазақстандық тарихшы Сұлтан Әкімбеков: «КСРО кеңістігінде терең пайымдау әлі де болмады. Қоғамдарда біртұтас көзқарас жоқ. Кейбіреулер утопиялық қоғам құру әрекеті қайғылы салдарға әкелгенін түсінбей Кеңес Одағын жақтайды», — деп атап өтті.
Сонымен бірге, осы қылмыстарды естелікте сақтау — құрбандарға деген құрмет көрсету ғана емес, болашақта сақтық ретінде де қажет. Естелік және мойындаудың болмауы — шынайы кешірімнің болмауы. Болашақта сондай жағдайлар қайталанбас үшін де қажет.
Мақаланы дайындауға Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан),
және Лейла Саралаева, Даяна Оселедко (Қырғызстан) қатысты.
«Отарлау ақтаңдақтары» жобасының басқа мақалалары төмендегі сілтемелер бойынша:
_
- «Хотели стереть с карты: как Казахстан и Кыргызстан стали родиной для депортированных Сталиным народов»
- «Не повторить судьбу предков»: что важно знать о «Большом терроре» в Казахстане и Кыргызстане
- Өткеннің қасіретін қайталамау: Қазақстан мен Қырғызстандағы «Үлкен террор» туралы не білу маңызды
- «Почти все, кто добрался, выжили». Как кыргызы спасали казахов во время Голодомора — оценки..
- «Көптеген адам аман қалды». Ашаршылық кезінде қырғыздар қазақтарды қалай құтқарғаны туралы бүгінгі баға мен…