«Оларды бірнеше күн бойы аш ұстап, тікесінен тұрғызып қойып, тергеген. 
Көрші бөлмеде бала мен әйелдері жылап жататын».

(«Халық жауларын» азаптау туралы деректерден)

Өткен ғасырдың 30-50 жылғы сталиндік репрессиялар – қазақ және қырғыз халықтарының тарихындағы ең қанды беттердің бірі. Сол жылдары ұлттық зиялылардың басым бөлігі жойылды.

Саяси репрессиялар кезінде жала жабу арқылы Қазақстанда 100 000 астам адам сотталып, олардың 25 000 жуығы атылды. Елде жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заң 1993 жылы қабылданды. Алайда, тек 2020 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия өз жұмысын бастады. Үш жылдық жұмыстың нәтижесінде 2,4 миллионнан астам істің құпиясы ашылып, 311 мың адам ақталды.

Фото с сайта Музейно-мемориального комплекса «АЛЖИР»

Қырғызстанда 40 мыңнан астам адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Олардың тек 4 мыңы туралы деректер бар. Республикада 2024 жылдың соңында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Бұл заң 1994 жылы қабылданған, алайда істердің толықтай құпиясын ашу жұмыстары әлі де алда.

Қазақстанда қуғын-сүргін құрбандарына арналған екі ірі мұражай бар: Карлаг 2001 жылы, ал АЛЖИР мемориалдық кешені 2007 жылы ашылды.

Қырғызстанда «Ата-Бейіт» тарихи-мемориалдық кешені 34 жылдан бері жұмыс істеп келеді.

«Отарлық саясаттың ақтаңдақтары» атты мемлекетаралық жоба аясында екі редакция жүргізген зерттеуде қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің ұрпақтары отбасы бастан кешкен қайғылы оқиға туралы баяндайды. Тарихшылар тоталитаризм мен авторитаризмнің әрдайым қуғын-сүргінмен қатар жүретінін түсіндіреді. Ал, саясаттанушылар бұл құбылысты қазіргі күнмен байланыстырып, Қазақстан мен Қырғызстанда биліктің кез келген ой-пікірді басу үшін репрессивті әдістерді әлі де қолданып келе жатқанын атап өтті.

Қазақстандағы «Үлкен террор»

КСРО-дағы жаппай репрессиялардың басталуы ауыл шаруашылығын мәжбүрлі ұжымдастыру және 1920-жылдардың соңы мен 1930-жылдардың басындағы жедел индустрияландыру кезеңімен байланыстырылады. Сондай-ақ бұл Сталиннің жеке билігін нығайтуымен қатар жүрді. Репрессиялардың шарықтау шегі 1937-1938 жылдарға сәйкес келіп, «Үлкен террор» деген атау алды. Дәл осы жылдары жүздеген мың адам саяси қылмыс жасады деген айыппен атылып немесе ГУЛАГ лагерлеріне жіберілді.

1930-жылдары Қазақ КСР аумағында ГУЛАГ жүйесіне кіретін 20-ға жуық лагерь құрылды (ГУЛАГ – Еңбекпен түзету лагерлерінің бас басқармасы). Ең ірі 11 лагерьдің қатарына АЛЖИР (Отан сатқындарының әйелдеріне арналған Ақмола лагері), ҚарЛАГ, «Дальний», «Песчаный», «Степной», «КамышЛаг» кірді.

1938 жылы АЛЖИР лагеріне Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен келген 8000-ға жуық  әйел қамалды. Олардың арасында маршал Михаил Тухачевскийдің қарындасы, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов және басқа да қазақ зиялылардың жұбайлары бар еді.

Фото с сайта музейно-мемориального комплекса «АЛЖИР»

Сталин репрессияларынан Қазақстанда алғашқы болып ұлттық зиялылар зардап шекті. Оларды совет үкіметіне қарсылық, тыңшылық, ұлтшылдық үшін айыптап, ату жазасына кескен. Көпшілігі Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылындағы бауырластар зиратына жерленген.

«Әкем бұл туралы айтпайтын еді…»

«Әкеміз бұл жағдай туралы бізге айтқысы келмейтін. Ол бұл тақырыпты тіпті қозғағысы келмейтін. Бұл осы жағдайдан қатты зардап шеккен адамдарда жиі кездесетін нәрсе. 1937 жылы атамдарды тұтқындағанда, әкем небәрі 7 жаста, анам – 5 жаста болған. Дәл сол сәт естерінде қалмаған.

Мен дүниеге келген кезде, 60-жылдары репрессияға ұшырағандар ақталып жатты. Менің алғашқы балалық шақтағы естеліктерімнің бірі – мүсіншінің шеберханасына барып, Ораз Жандосовтың ескерткішін көргеніміз. Сол кезде алғаш рет аталарымыздың тағдыры неге бұлай болды, деген сұрақ туындады» – деп бастады әңгімесін белгілі қазақ қайраткерлер немересі Жанар Жандосова.

Жанар Жандосова

Жанардың аталары – Ораз Жандосов және Ілияс Жансүгіров репрессия жылдары ату жазасына кесілген, ал әкесінің анасы – Фатима Сүтюшева «халық жауының әйелі» ретінде бірнеше айын түрмеде өткізді.

Жанар Джандосова, Алматыда тұрады, ол әлеуметтанушы, аталарының тағдыры туралы есейген шағында білді, ол әлі күнге дейін бұл жағдай зерттеп келеді.

Ілияс Жансүгіров

«Мүлде түсініксіз, қалай, неге олар осы жағдайға тап болып, құрбан болды? Жансүгіровті «жапон тыңшысы» деп айыптаған, бірақ ол бірде-бір жапондықты танымайтын. Жапонияны бұл іске қалай араластырды – түсініксіз, мұны түсіну өте қиын.

Ораз Жандосовқа «ұлтшыл» деген айып таққан. Ол 1916 жылы Қытайға кеткен қазақтарды қайта көшіріп, оларды бұрынғы жерлеріне орналастырумен айналысты, ал бұл аймақтарға орыстар қоныстандырылған еді. Ол қазақтарды атамекеніне қайтару керек деп есептеген және бұл ісіне шын ниетімен кіріскен.

Ораз Жандосов

Ол өте адал, шыншыл еді. Шын мәнінде, Голощекинге қарсылық танытқан жалғыз адам еді, сондықтан Голощекин оны жек көретін. Оның халықпен жұмыс істеу қабілеті, танымалдығы Голощекиннің ашуын келтірді. Ақырында оны жұмыстан шығарып, Нарынқолдың ең алыс ауданына жіберді, партиядан шығарды, соңында ауыр айыптар тақты».

Сондай-ақ, Жанар Жандосова ата-анасы – Санжар Жандосов және Ильфа Жансүгірова алғаш рет әкелерінің істері бойынша құжаттармен танысқаны туралы айтып берді:

«1989 жылы әкем КГБ-ға сұраныс жіберіп, рұқсат алған соң, анам екеуі мұрағатқа қол жеткізді. Әкеме Жандосовтың, анама Жансүгіровтың ісін берді. Қайтып келгенде, екеуі де сұп-сұр болып, мүлде тіл қатпады.

Анам кейін айтып берген еді: «Құжаттарды жазуға, суретке түсіруге, тіпті қол тигізуге де рұқсат бермеді. Тек басыңды изеп, келесі бетке өтуге рұқсат сұрауға болатын. Алғашқы бетте жазба бар, ал ары тек бос ақ парақтар».

Мен әлі күнге дейін бұл құжаттарды қарауға батылым жетпеді, бірақ жақында барамын».

Әңгіме барысында Жанар Жандосова көзіне еріксіз жас келеді:

«Ойласам, жыламау мүмкін емес… Өте ауыр тағдыр, олар не үшін құрбан болып кетті…Мен Ілияс атамның соңғы түрмеде түсірілген фотосына қарай алмаймын, бұрыңғы суреттермен салыстарғанда жүдеу, әбден азап көрген адам… Мен қазір олардың жасынан әлдеқашан асып кеттім, алайда қаншама іс атқарып үлгерді. Ал олар өмірмен коштасқан шағында небәрі біреуі 39-да, екіншісі 44 жаста еді. Мен мұнымен ешқашан келісе алмайтын шығармын…»

Жанар Жандосовамен бейне сұхбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз.

«Бізде үрей қалып қойған». Тарихшы пікірі

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, тарих ғылымының докторы, Хангелді Әбжанов Қазақстанда Сталин репрессиясынан кемінде бір миллион адам зардап шеккен дейді.

«130 мың адам деген сан шамамен алынған, оны кезінде НКВД, КГБ, ҰҚК және басқа органдар қылмыстың ауқымын азайту үшін берген. Ал атылған 25 мың адам өте аз көрсеткіш. Құжаттарға сенсек, бізде кем дегенде 1 миллион адам зардап шеккен. Президент мұрағатында 700 мың іс сақталған. Кейде бір істің шеңберінде 20-30 адам өтетін», — деп түсіндіреді тарихшы.

Хангелді Әбжанов

Профессордың айтуынша, адамдарға тағылған айыптар ақылға қонымсыз еді:

«Құғын-сүргінге ұшырағандарға «диверсант», «контрреволюционер», «ұлтшыл», «антисоветчик» деген айыптар тағылды… Мыңдаған адам «тыңшы», «агент» деп жарияланды, бірақ оларды мұндай көп мөлшерде анықтау мүмкін емес еді. Осындай айып Санжар Асфендияровқа, Жанайдар Сәдуақасовқа және қазақ интеллигенциясының көптеген өкілдеріне тағылған».

Тұтқындалғандарға өте қатал азаптау әдістері қолданылған.

«Олар күндіз-түні отырмай, жатпай, тікесінен-тік тұрып жауап беруге мәжбүр болды. Аш, сусыз қалып, ақыры есінен танып құлайтын. Көрші бөлмеде баласының шырылдаған дауысы, жұбайының жылағаны естіледі. Мұндайға кім шыдайды? Әрине, олар кез келген құжатқа қол қоюға келіседі – осылайша үкімдер шығарылды».

Адамдар екі-үш айдың ішінде мүлде танымастай өзгеретін.

«Сәкен Сейфуллин тұтқындалғаннан екі ай өткен соң әйелі Гүлбаһарам оны көруге келгенде: «Неге баламыз Аян туралы сұрамайсың?», дейді. Сонда Сейфуллин: «Ол тірі ме еді?» деп жауап береді. Адамдар есінен айырылып, түс пен өнін шатастаратын жағдайға жететің», — деп Әбжанов құжаттардан дерек келтіреді.

Қазақ зиялыларына қарсы көптеген істер жасырын шағымдар негізінде қозғалған.

«Мысалы, Сәкен Сейфуллинге қарсы оның студенттері мен әріптестері куәлік етіп, жала жапқан. Өйткені оларды аяусыз соққыға жығып, аштықпен азаптаған. Сондықтан олар қол қоюға мәжбүр болды. Осындай құжаттар өте көп. Бұл – НКВД-ның жұмыс тәсілі еді », — дейді Хангелді Әбжанов.

Оның ойынша, репрессияның басты мақсаты — билікті күшейту болған:

«Бұл заңсыздық пен бассыздықтың шарықтау шегі еді. (…) Біз бұл қорқыныштан әлі толық арыла алмадық. Өйткені бірнеше ұрпақ репрессивті саясаттың құрбаны болды».

Әбжановтың пікірінше, саяси-құғын сүргін тақырыбы терең зерттеуді қажет етеді және оған тарихи тұрғыдан әділ баға берілуі тиіс. Ол Польшадағы Халық жады институтының тәжірибесін қолдануды ұсынады.

«Біз бұл мәселені толық ашып алмасақ, тарихтағы ақтаңдақтар жойылды деп айта алмаймыз», — дейді Әбжанов.

Хангелді Әбжановтың бейне сұхбатын мына сілтеме арқылы көре аласыз.

«Алашордалықтар» репрессиядан қашып Қырғызстанды паналаған

Репрессия жылдары қазақ және қырғыз зиялыларын біріктірген «Алаш» партиясы тағдыры ерекше атап өтуге тұрарлық. Құғын-сүргіннен құтылу үшін «алашордалықтар» Қазақстаннан көрші республикаларға кетуге бел буған еді, бірақ сонда да Сталин режимінің құрбаны болды.

«Біз Ташкенттің сол кезде қазақ ұлттық зиялылар шоғырланған жері болғанын білеміз. Бірақ «Алаштың» көптеген қайраткерлері Қырғызстанға кеткені туралы мәлімет көпшілікке беймәлім. Уақытында бұл ең дұрыс шешім еді.

1932 жылы ОГПУ-дың (Біріккен мемлекеттік саяси басқарма) Қырғыз КСР-і бойынша жазбасында бойынша республика аумағында «Алаш Орда» қозғалысының 40-қа жуық белсенді қайраткері анықталғаны айтылған. Бұл анықталғандары ғана, бәлкім, олардың саны әлдеқайда көп болған шығар», — дейді Ш. Уалиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Тимур Рысқұлов.

Тимур Рысқұлов

Оның айтуынша, «алашордалықтар» арасында тарихи тұлғалар аз емес еді.

«Қазақ және қырғыз зиялыларының мүддесі бір жерден шығып бір-біріне өте жақын болды. Орынбордағы алғашқы жалпы қазақ съезіне қырғыз зиялылары да қатысқан болатын. Олардың арасында революцияға дейін байланыстар орнатылған еді», — деді тарихшы.

Оның мәліметі бойынша, Қырғызстанда кеткен «алашордалықтар» тағдыры әрқилы болды:

«1929 жылдың соңында, Сталиннің жеке билігі нығайған кезде, қазақ және қырғыз зиялысы Совет үкіметінің саясатына қарсы шықты. Нәтижесінде, «үлкен террор» кезеңінде олар контрреволюционерлер, буржуазиялық ұлтшылдар, жапон тыңшылары болып танылды».

Тимур Рысқұловтың сұхбатын осы сілтеме арқылы көре аласыз.
Қырғызстандағы «Үлкен террор» 

Қырғыз Республикасының тәуелсіздігі жарияланардан бір күн бұрын, 1991 жылы 30 тамызда, «Ата-Бейіт» тарихи кешенінің зиратында 1938 жылы репрессияға ұшырап, атылған 137 адамның мәйіті қайта жерленген еді. Бұл тәуелсіздігін алған жас мемлекет үшін өткен шақпен қоштасудың символы болды.

«Ата-Бейит»

Осы тарихи оқиғадан кейін Қырғызстан қоғамы Сталин репрессиялары туралы ашық айту мүмкіндігіне ие болды — бұл тақырыпқа көптеген жылдар бойы тыйым салынған болатын.

Қырғыз тарихшылар мәліметтері бойынша, 1920-1953 жылдар аралығында Қырғыз елінде шамамен 40 мың адам саяси құғын-сүргінге ұшыраған. Бүгінгі таңда 18 мың адам туралы мұрағат деректері ашылды.

Бауырластар зираты туралы құпия

1990 жылдың желтоқсан айы еді. Бұл дүрбелең күндер еді: КСРО қирауға шақ қалып, қоғам қайнап, қызыл империяның ыдырау үдерістері жүріп жатты. Дәл осы күндері Фрунзеде мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне тауда «үлкен кісілердің» жаппай жерленгені туралы ақпарат түседі.

КГБ жоғары мектебін тәмамдаған жас қызметкер Болот Абдрахманов бұл ақпаратты тексеруге тапсырма алды. Осылайша Бюбюра Қыдыралиеваның әкесі қызына табыстаған қорқынышты құпия қоғамға жария болды.
Бүгінде Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрыңғы подполковнигі, тарих ғылымының докторы және «Ата-Бейіт» мұражай басшысы Болотбек Абдрахманов сол кезеңдерде Чон-Таш елді мекенінде НКВД қызметкерлері үшін демалыс үйі болғанын еске алады. Жергілікті тұрғын Абықан Қыдыралиев ол жерде күзетші еді, оның Бюбюра атты 8 жасар қызы болған.

Бюбюра

1938 жылдың қараша айында күзетші отбасын бірнеше аптаға көрші ауылға алып кетеді, оралғанда, қыз үйдің шетінде жаңа көтерілген төбені байқайды, бұрын ол жерде кірпіш зауыты тұрған еді. Қызының сұрағына әкесі: «Күшті жел болды да, бәрі қирап қалды» деп жауап береді. Бірақ қыз ата-анасының мінез-құлқында өзгеріс барын сезеді. Күнде кешке әкесі мен анасы сыбырлап сөйлесіп, жылап, сол төбеге барып дұға оқуды шығарды. Төбеден кешке қарай бір жарық сәуле шыққанын байқаған қыз кейінірек одан жаман иіс тарай бастағанын сезеді. Біраз уақыттан кейін отбасы басқа ауылға көшіп кетеді.

Тек 1973 жылы, әкесі қайтыс болар алдында, ол Бюбюраға ол жерде репрессияға ұшырап, атылған адамдардың сүйектері жатқанын айтып береді: «Уақыты келгенде, сен осыны айт. Онда жәй адамдар жатқан жоқ», — деп әкесі өсиет қалдырады.

70-80 жылдары КСРО-да репрессия тақырыбына тыйым салынған болатын. Горбачев билікке келгенде және Сталин репрессиялар туралы баспасөзде жазыла бастағанда, Бюбюра уақыттың келгенін түсінді.

1991 жылдың көктемінде КГБ қызметкері Абдрахманов ақпаратты тексеруге мүмкіндік алады. Бюбюра Қыдыралиева ол жерді бірден тапты. Қазба жұмыстары сол жылы жазда басталды.

«Күн сайын 10-15 адамның сүйектерін табатынбыз. Біз бас сүйектерді санадық, барлығында оқ іздері бар еді. Тереңдіктен киім бөлшектері табылды. Солардан репрессияға ұшырағандардың кім болғанын білуге болатын еді. Гимнастерка, галифе шалбар, шапан, көйлек, галош табылды. Сонымен қатар, 5-6 алтын тістері бар сүйекті таптық. 30-жылдары алтын тіс салдыру әркімнің қалтасы көтере бермейтін. Кейінірек Жүсіп Абдрахмановтың қызы, әкесі Кремльде жұмыс істегенде, тісін емдеп, бірнеше алтын тіс салдырғанын айтты. Демек, бір сүйек Жүсіп Абдрахмановқа тиесілі еді», — дейді тарихшы.

Кейінірек тереңдіктен төртке бүктелген, қарайған қағаз табылды. Онда былай деп жазылған: «Бекітілді. 58-бап бойынша «халық жауы» ретінде Жүсіп Абдрахмановты ату». Қол қойған: Подполковник И. Лоцманов. Күні: 1938 жылдың 5 қарашасы. Келесі күні Төреқұл Айтматовқа катысты дәл осындай айыптау қағазы табылды. Осы құжаттар бойынша КГБ архивінен 137 ату жазасына кесілген адамның тізімі табылды. Олардың арасында халық комиссарлары: Төреқұл Айтматов, Жүсіп Абдрахманов, Иманалы Айдарбеков, ғалым Қасым Тыныстанов, басқа да белгілі қырғыз қайраткерлері, жұмысшылар мен шаруалар болды.

Болот Абдрахманов

Отыз жыл Болот Абдрахманов КГБ архивінде жұмыс істеді, нәтижесінде «Қырғызстанда 1920-1953 жылдары құғын-сүргінге ұшырағандар» деген 10 томдық кітап шықты. Кітапта 18 мың репрессияға ұшыраған адамның аты-жөні мен олардың үкімдері жинақталған. Олар 55 ұлттың өкілдері. Ең көп қырғыздар — 7000 адам, одан кейін орыстар, украиндер, немістер, ұйғырлар және басқалар.

Жасырын жауды іздеу — тоталитарлық режимнің табиғаты, деп еске алады Абдрахманов.

«Мәскеуден «халық жауларын» табу жоспары берілетін, қанша адамды ату керек, қанша адамды соттау керектігі көрсетілетін. НКВД қызметкерлеріне өз бастарын аман сақтап қалу үшін осы жауларды табу және соттау қажет болды. Сондықтан олар үшін кімнің шынайы жау екенін дәлелдеудің қажеті жоқ еді. Басқа ұлт өкілі болсаң немесе жасырын хаттың болуы жеткілікті еді».

Тарихшы үш нақты қылмыстық істің мысалын келтіреді.

Бірінші іс. Екі құрбы болады, олар ренжісіп қалады. Ал біреуі кек алу үшін Сталиннің портретін газеттен қиып алып, бұрынғы құрбысының аяқ киіміне салып, НКВД-ға хат жазады, онда Сталинді жек көреді және оны қорлап, суретін ұлтарақ етті делінген. НКВД қызметкерлері келіп, тексеріп, құрбысын халық жауы ретінде қамауға алады.

Екінші іс. Ерлер колхоздың егіс алқабында шөп шауып жатады. Демалған кезде шегірткелерді ұстап, ойын ойнайды: «Бірі Сталин, бірі Гитлер болсын». Ойында шегіртке Гитлер Сталин шегірткесін жеңді. Ал Гитлер шегірткесін ұстап тұрған адам: «Мен жеңдім! Ура!» деп айқайлады. Бұны естіген біреулер бұл ойын туралы керек жерге хабар жеткізеді, екеуі де қамауға алды.

Үшінші іс. Дейс деген неміс ұсталады, ол сұраққа неміс тыңшысы емеспін деп жауап береді. Бір айдан соң ол шпион екенін «мойындап», колхоздың ат қорасын өртегенін айтады. Үштіктің — сотсыз шешімімен оны атуға үкім шығарылады. Кейін ол колхозда ешуақытта өрт болмағаны анықталды. Бірақ оны ешкім тексерген жоқ. Сотсыз және тергеусіз атып тастады.

Болот Абдрахмановпен сұхбатты осы сілтеме арқылы көре аласыз.

«Ол нағыз коммунист еді. Бірақ Сталин репрессиялары оны аямады»

Атақты жазушы Шыңғыс Айтматовтың әкесі қырғыз қайраткері Төреқұл Айтматовтың тағдыры сол уақыттағы ұлт қайраткерлерінің өмір жолына ұқсас еді.

«Мына суретте ол 35 жаста. Ол менің атам, бірақ мен жас жігітті көріп тұрмын, өмірі жаңадан басталған, сол жасында мемлекеттік қызметкер болып көп жетістікке жеткен. Оның және басқа да басшылар арқасында «Манас» эпосы сақталып қалды. Мен оның суретіне қарап, таң қаламын, ол биік мақсатқа ұмтылған, еліне, халқына, Кеңес Одағына қызмет еткісі келді. Ол коммунизмге берілген еді. Бірақ Сталиннің репрессиялары оны аямады», — дейді Эльдар — Төреқұл Айтматовтың немересі, Шыңғыс Айтматовтың ұлы.

Шыңғыс Айтматовтың ұлы

Шыңғыс Айтматовтың естеліктеріне қарағанда, әкесі қамалатынын білген екен. Сондықтан бірнеше күн бұрын ол отбасын Мәскеуден Қырғызстанға Шекер ауылына пойызбен жіберген. Төреқұл Айтматов отбасын пойызға отырғызып, өзі пойыз артынан ұзақ жүгірген екен.

Төреқұл Айтматовты түркішілдік партия құрған және антисоветтік әрекет жасағаны үшін айыптады. 1938 жылдың қарашасында ол ату жазасына кесіліп, денесін Чон-Таш тауларының етегіне бауырластар қабіріне көміп тастады.

Төреқұл Айтматов

Ұзақ жылдар бойы оның туыстары «халық жауының» отбасы ретінде зардап шегіп келді. 

«Олар аман қалу үшін көп қиыншылықты бастан кешірді. Анамды ешқайда жұмысқа алмайтын, ол кез келген жұмыс жасап күн көретін», — дейді Эльдар Айтматов.

Шынғыс Айтматов пионер болуға тиіс болғанда, оған: «Сен жақсы оқисың, бірақ сенің әкең «халық жауы» деген сөздер айтылды. Бұл алғашқы соққы еді. Екінші соққы, ол институтқа түсе алмай, зоотехникалық училищеде оқуға мәжбүр болды. Тек Сталин қайтыс болғаннан кейін, ол қалаған жерінде оқуға рұқсат алды.

Шыңғыс Айтматов атақты жазушы болғанда әкесі туралы ақпаратты бүкіл жерден іздеді. Қорқынышты шындық Чон-Таштағы бауырлас қабірді қазу кезінде ашылды.

«Сол уақытта әкем Люксембургте КСРО елшісі болатын. Біз анаммен Қырғызстанда едік. Бірде КГБ бастығы Асанқұлов келіп, анамды және Роза Тореқұлқызын алып, Чон-Таштағы қазба жұмыстарына апарды, өйткені олар Төреқұл Айтматовтың өлтіріліп, сол жерге көмілгенін растайтын құжаттар тапқан екен. Олар қайтып келгенде жылап оралды. Атамның қабірін тауып, тек ол ғана емес, басқа да атылған адамдардың денелері бар екенін айтты. Қазір эксгумация жүріп жатыр. Құжатты видеоға түсіру керек болды. Мен камераны алып, түсіре бастадым. Құжат жақсы сақталған, ол атамның кеудесінің қалтасынан табылды. Құжатта оқтың кірген тесігі мен қан тамшылары болды. Мен түсіріп отырдым, бұл менің көз алдымда, сол тарихи дәуірге тікелей қатысқандай сезімде болдым. Бұл сәт мәңгі есімде қалды».

Эльдар Айтматов сұхбатын мына сілтеме арқылы көруге болады.

Қазақстан-Кырғызстан: бүгінгі құғын-сүргін

Қазақ және қырғыз сарапшылары сталиндік репрессиялар мен бүгінгі екі елдегі жағдайды салыстырады.

Қазақстандық саясаттанушы Шалқар Нұрсейттің пікірінше, өткен ғасырдағы репрессиялар мен қазіргі Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің үш ұқсас белгісі бар.

Біріншіден, бұл – пікір саналуандығын қудалау.

«Кеңес заманында адамдар әртүрлі кедергілерге қарамастан пікірін білдіретін, алайда көпшілігі ұзақ уақыт абақтыда өткізді. Қазіргі Қазақстанда билікті қолдамайтын саяси белсенділерді, тәуелсіз журналистерді, қоғам қайраткерлерін қудалауда».

Екіншіден, ақпаратты толық бақылауға алу – цензура және өз-өзіне цензура қою.

«Кеңес Одағында тек бір ғана саяси күн тәртібі болды, ол үкіметке жақын медиа арқылы насихатталды. Қазір Қазақстанда тәуелсіз БАҚ өте аз, олар әртүрлі қиындықтарға тап болуда. Мемлекеттік БАҚ ауқымды насихаты да Кеңес дәуіріндегі насихатқа ұқсас ».

Үшіншіден, бұл – көрнекі соттар және жаза.

«Кеңес үкіметі өз қарсыластарының үстінен ашық сот процестерін ұйымдастырып, оларды пропагандистік материалдарда халықтың жауы ретінде көрсететін еді. Бүгінгі таңда да солай болып тұр. Соңғы 30 жылда бізде көптеген саяси сот процестері болды. Олардың мақсаты біреу – қоғамға билікті сынағандар жаза алатыны туралы хабардар ету».

Алайда, саясаттанушының айтуынша, өткен кезеңдегі репрессиялар мен қазіргі репрессиялар арасында айырмашылықтар да бар:

«Егер Кеңес Одағында жаппай құғын болса, қазіргі Қазақстанда олар әлдеқайда мақсатты түрде жүргізілуде. Олардың әсері күштірек. Бұл домино эффектін тудырады, және тіпті белсенді адамдар да бірдеңе жазуға немесе пікір білдіру алдында ойланады».

Оның пікірінше құғын мақсаты әрдайым бірдей:

«Бұл билік басындағылардың сенімсіздігі, қорқынышы және барлығын бақылауға алу ниеті – саясаттан бастап азаматтардың күнделікті әрекеттеріне дейін. Егер билік көпшіліктің қолдауына сенімді болса, олар мұндай репрессивті әдістерді қолданбайтын еді. Бұл саяси режимдердің ортақ мотивациясы».

Шалқар Нұрсейттің пікірінше, егер маңызды саяси реформалар жүргізілмесе, репрессиялар жалғаса береді.

Шалқар Нұрсейт сұхбатын мына сілтеме бойынша көре аласыз.

Қырғызстандық сарапшы Алмаз Тәжібай қазіргі репрессиялар 2022 жылы Ресейдің Украинаға бастаған соғысынан кейін күшейді дейді.

«Репрессиялар – бұл азаматтық бостандықтарды басу. Кеңес Одағында олар Сталин қайтыс болғаннан кейін де жалғасты, бірақ жұмсақ сипатта болды. Мысалы, егер адам Компартияның көзқарасына қарсы тұрса, оны жұмысқа алмайтын, кейбірін елден қуатын. Тәуелсіз Қырғызстанның алғашқы жылдарында репрессиялар билікке қарсы тұрған оппозиция мен тәуелсіз журналистерге қарсы болды, Акаев кезінде оларды соттайтын, Бакиев кезінде – өлтіретін», – дейді саясаттанушы.

Қазіргі Қырғызстанда билік сыншыларына қарсы күресті ол былай сипаттайды:

«Бүгінде оппозицияға қарсы қылмыстық істер «жаппай тәртіпсіздіктерге шақыру», «экстремизм» немесе «билікті басып алу» баптар бойынша ашылады. Бұл баптар өте ауыр, оларды кез келген адамға тағуға болады. Сондықтан бәрі үнсіз. Оппозиция жоқ, азаматтық белсенділер қамауға алынды, журналистер сотталды, БАҚ жабылуы немесе айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан ешкім тәуекелге бармайды. Авторитарлық елдерде билікпен келіспесе де бәрі үнсіз қалады».

Алмаз Тәжібай сұхбатын мына сілтеме бойынша көріңіз.
ҚОРЫТЫНДЫ

«Үлкен террор», Сталин дәуірінде Кеңес Одағының республикаларына тараған, Қазақстан мен Қырғызстан тарихындағы қасырет. Мұны репрессияға ұшырағандардың ұрпақтар куәліктері, тарихи фактілер мен архивтік құжаттар растайды. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта азаматтық бостандықтарды басатын заңдар, билікпен келіспейтін қарапайым халыққа қарсы қолданылатын қылмыстық істер қазіргі саяси қудалау өткен замандардағы репрессияларға өте ұқсас.

Тарихшылар «Үлкен террорға» қатысты барлық «ақтаңдақтарды» терең зерттеп, бұл құбылысты саяси және тарихи тұрғыдан бағалау қажеттігін айтады. Ал қазіргі заман тарихын зерттейтін сарапшылар, өткеннің қасыреті қайталанбауы үшін бүгін үндемей қалмай, болып жатқан оқиғаларға ашық түрде пікірі білдіруіге шақырады.

Мақаланы дайындауға Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан),
және Лейла Саралаева, Даяна Оселедко (Қырғызстан) қатысты.

Эта статья на русском языке по ссылке ниже:

_

«Тарихи ақтаңдақтар» жобасының басқа мақалалары:

 

ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»

_

В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.

_

«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.

_

Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.