«Орталық: сендер біз үшін тек уран, мұнай және бидай ғана... 
Біз, Мәскеу,
бұл жерде қожамыз және
сендердің қалай өмір сүру керектігін білеміз".

Саясаттанушы Валерий Володин Желтоқсан туралы

1991 жыл Қазақстан мен Қырғызстанда тәуелсіздік алған жыл. Шын мәнінде тәуелсіздікке жол әлдеқайда ерте, 1986 жылы Алматының ызғарлы алаңында және 1989 жылы Фрунзенің шаң басқан шетінде басталған еді.

Алғаш болып кеңестік жүйеге қарсы шығуға жастар бел буды. Қазақ және қырғыз жастары өмірлерін қауіпке тігіп, әділдік талап етіп, ана тілінде сөйлеуге және өз жерінде үй салуға құқықтарын қорғау үшін бас көтерген еді.

Желтоқсаншы Мұрат Ақжолов Алматыдағы алаңға шыққанда 21 жаста болатын. Суретші Сәуле Сүлейменова бар болғаны 16 жаста еді — ол мектеп оқушысы бола тұра, Абай мен Фурманов көшесінің қиылысында халық алдында бостандық туралы өлеңдерің оқыған. Эмилбек Каптағаев едені жоқ, саман үйде тұрған. Бұл оқиғалар тарихқа еңіп, кеңестік жүйеге ашық қарсы шыққан алғашқы буын болатынын олардың ешқайсысы ойлаған жоқ еді.

Қазақстандағы Желтоқсан мен Қырғызстандағы «Ашар» қозғалысы КСРО империясының ыдырауына әкелген алғашқы қадамдар.

«Отарлау ақтаңдақтары» жобасы аясында екі редакция — «Республика» (Қазақстан) және «Новые лица» (Қырғызстан) — екі мемлекеттегі жастар наразылығының бастауын зерттеді. Бүгінде бұрынғы кеңестік республикаларда ұлттық бірегейлік пен құқық мәселелері қайтадан күн тәртібіне шыққан шақта, осы жолдың қалай басталғанын еске салу маңызды.

ҚАЗАҚСТАН

Алматыда Желтоқсан көшесі 1986 жылғы оқиғалар құрметіне аталған. Мұнда Желтоқсанның 20 жылдығына орай 2006 жылы орнатылған «Еркіндік таңы» ескерткіші қайғылы оқиғаларды үнемі еске салып тұрады.

Ресми деректер бойынша, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі кезінде 200 астам адам жарақат алып, 1000 аса адам тұтқындалған, 2 адам қаза тапқан.

Алайда нақты қаза тапқандардың саны әлі күнге дейін белгісіз. Желтоқсанға қатысушылардың айтуынша, 1989 жылы арнайы Комиссия сол күндері алаңнан 152 мәйіттің шығарылғанын анықтаған. Алайда кейін комиссия бұл деректің расталмағанын мәлімдеді.

Желтоқсан көтерілісіне Қонаевты алып тастап, орнына жат Колбинді әкеліп қойғаны себеп болған деген қалыптасып кеткен пікір бар. Алайда сол оқиғаларға қатысқандардың пікірінше, Колбиннің тағайындалуы халық наразылығының түрткісі болды. Наразылықтың негізгі себептері ұзақ жылдар бойы қордаланып, халықтың орталық билігінен құтылып, еркіндікке ұмтылу ниетінен туған еді.

«Желтоқсан болмаса, Тәуелсіздік болмас еді»

Бүгінде желтоқсаншылар жасы 60-қа таяп қалды, ал сол оқиға кезінде олар жас студент болатын. 1986 жылы 16 желтоқсанда Қонаев басшылық қызметінен алынып, оның орнына бөтен біреуді тағайындалғаны белгілі болған кезде, алғаш болып студенттер қарсы шыққан еді. Сол күні кешке жатақханаларда студенттер кеңестер жиналып, жастарды алаңға шығуға үндеді.

«Төменнен қоңырау үні естілді, біз түсіп барсақ, жігіттер жиналып қалыпты. Комендант және студенттер кеңес мүшесі Серік Құбашев деген Аягөздің жігіті сөз сөйлеп жатты: атамызды 20 минутта жабық пленумда қызметтен алып, орнына біреуді қойды. Ол қазақтың дәстүрін де, қазақтың кім екенін де білмейді. Біз қалай қарап отырамыз? Егер жастар шықпаса, кім шығады?».

Студенттер барлық жатақханаларды аралап, ертеңіне бәрін алаңға шығуға шақыруға шешім қабылдады.

«Таңғы жеті шамасында мен алаңда болдым», — дейді Мурат Ақжолов. – «Әр жерде 20–30 адам топталып тұрды. Күн суық, енді ғана таң атып келе жатқан кез…Милиция, әскер жоқ. Сағат тоғызға таман адам көбейе бастады, шамамен 1500 адам жиналды. 15–35 жас аралығындағы жастар… Адам көбейген соң милиция мен әскер де келе бастады».

Оның айтуынша, бәрі бейбіт түрде басталған еді, жастар Шәмшінің әндерін, әнұран айтып тұрды.

«Жұрттың арасында: «орыс болса да, өзіміздің, Қазақстан азаматы болсын» деген әңгімелер айтылып жатты».

Мұрат Ақжолов

Түске таман алаңда әскерлер көбейді, милиция, қолына қызыл таңғыш таққан әртүрлі мекемелердің қызметкерлері пайда болды. Арасында орысы да, қазағы да бар.

«Солардың біреуіне ұсталып қалдым, қарасам орыс жігіттері, қолымды артқа қайырып автобусқа итеріп салды. Қалтамда студенттік билетім бар. Маған «Мұнда не істеп жүрсің?» — деді. Мен: Қонаевқа сұрағымыз бар, елді 25 жыл басқарды, неге бұлай болды?» — дедім. Олар: алаңнан кетіңдер, бұл жақсылыққа апармайды, — деді. Бір, шамамен 20–30 адам ұстлып қалды. Бірақ бізді босатып жіберді. Біз алаңға қайтып бардық», — деп жалғастырады Мұрат Ақжолов.

Қонаев жастардың алдына шықпады. Халықты тарауға шақырғандардың ішінде белгілі ақын Олжас Сүлейменов, КСРО-ның Халық әртісі Роза Бағланова және басқа да белгілі адамдар болды. Жастар алдына Қазақстанның болашақ президенті, сол кездегі Министрлер Кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев та шықты.

«Ол қазақша және орысша сөйледі. Жастар тынышталмай, сұрақ қоюын жалғастырды: неге өз адамымызды қоймадыңыздар, неге қазақ емес?, — деп. Ол үндемей қолымен амал қанша дегендей болды. Ал жігіттер оны қармен атқылай бастады, ол тас сияқты  қатты еді. Қар бетіне тиіп жатса ол үнсіз тұрды, орнынан қозғалмай, сосын оны алып кетті», — деп еске алады Мурат Ақжолов.

Содан кейін алаңда халық саны соншалық көбейді, милиция оларды ұстап тұра алмады, шеп бұзылды. Халықты тарату басталғанда алғашқы қақтығыс болды.

«Желтоқсан, күн қатты суық болатын. Қолымызда тек сабаққа баратын папкалар мен дипломаттар ғана болды… Әскерилер өрт сөндіру көліктерімен келіп, су атқыштармен халықты мұздай сумен шаша бастады… [Су] киімге, шашқа тигенде бірден мұз болып қататын. Қысымы өте күшті еді, адамдарды жерге құлататын. Халық алаңдағы шыршаларды, екі биік ғимараттың мәрмәр қаптамасын жұлып, сонымен қорғанды», — деп еске алады Ақжолов.

17 желтоқсан 1986 жыл, Алматы
Мұрат Ақжолов

Сол күні, Мурат Ақжоловтың айтуынша, әскерилер резеңке таяқ қолдана бастаған.

«Дубинка дейді ғой, сырты рәзіңке, ал іші қорғасын, тиген кезде терінді сыпырып алғандай болады, маған бірнеше рет тиді арқама. Елдің бәрін п жатты. Бір кезде бізді Байсейітова көшесімен қуды, енді жан керек қой, жігіттер қаша жөнелді. Сол кезде мені таңғалдырғаны және әлі күнге дейін таңғаламын қазақ қыздарының батырлығына. Олар бізді тоқтатып: «Жігіттер, қайда қашып бара жатырсыңдар, намыс қайда?» — деді. Сөйтіп өздері солдаттарға атылды».

Ал 18 желтоқсан күні таң атпастан алаңды әскерлер қоршауға алған.

«Қазір оларды спецназ дейді, ал ол кезде олар КСРО-ның «Метель» деп аталатын арнайы операциясына дайындалған сарбаздар еді. Олар Мәскеу, Тәшкент, Новосибирск, Тбилиси, Красноярскіден келген. Қару-жарақпен толық жабдықталған, бойлары 180-нен асады. Кейін білдік, бұлар негізінен балалар үйінде өскен жетім балалар екен, оларды бала кезден бұйрықты екі етпей орындауға үйретеді екен».

Сол күні сапер күректері де қолданылды: «Олар алақандай ғана, бірақ балтадай шабады», — дейді ол. Сонымен қатар иттер пайда болды.

Мұрат Ақжолов басқалары сияқты қоқысқа апарып тастаудан аман қалды (бұл туралы ол сұхбатында айтады), бірақ сол күндерді еске алғанда жүрегі әлі күнге дейін қан жұтады.

«Біз әлі күнге дейін қанша адам қаза тапқанын білмейміз», — дейді ол.

Оның айтуынша, Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік —  егіз ұғымдар: «Егер Желтоқсан болмаса, тәуелсіздік те болмас еді».

Биыл Мурат Ақжолов 60 жасқа толды, ол металл құрылымдар зауытында жұмыс істейді. Желтоқсаншы ретінде бар болғаны ол қоғамдық көлікте тегін жүре алады және жылына бір мәрте, 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне орай 250 000 теңге жәрдемақы алады.

Мұрат Ақжоловпен толық сұхбатты мына сілтемеден көре аласыз.

«Қазақ, көзіңді аш!»

Сәуле Сүлейменова 1986 жылдың желтоқсанында небәрі 16 жаста болған.

«Тарих үнсіз қалмайды» жобасына берген сұхбатында ол қайғылы күндерді былай еске алады:

«Анама мектепке барамын деп өтірік айтып, өзім алаңға бет алдым. Абай мен Фурманов көшелерінің қиылысында түнде орысша жазған өлеңімді оқығаным есімде. Онда мынадай жолдар бар еді: «Қазақтар, көздеріңді ашыңдар, біз дубинка соққысына, мұздай суға, өлімге, бәріне де төземіз, біз енді біртұтас боламыз…». Жанымда тұрған қазақ жігіттер: «неге орысша сөйлейсің, деп бас салып еді, бір апай: ол маңызды емес, бірге болайық» деа айқай салды. Сосын бәріміз Абай бойымен кеттік, халық «Қазақ жасасын!» деп ұрандата бастады. Бойымды бір керемет сезім билеп алды…

Бір мезетте артымыздан солдаттар қуа жөнелді, қатты аяз еді. Жүк көліктері келіп тоқтады, солдаттар қыздарды шаштарынан сүйреп, лақтырып жатты.

Мен солдаттарға жақындадым, жап жас 18-гі жігіттер екен. Есімде, олар қолдарына ұстаған сапер күректерден қан тамшылап тұрды. Мен оларға: «Сендер өздерің сияқты жастарға қалай қарсы тұрасыңдар?» — дедім».

Мектепті бітірген соң, Сәулеге жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігінен айыратын теріс мінездеме берілді. Ал анасы, консерватория деканы қызының тәрбиесіне қатысты ескерту хатын алған.

Бүгінде Сәуле Сүлейменова белгілі қазақстандық суретші. Ол 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы мен 2022 жылғы Қаңтар қырғыны арасында ұқсастықтар туралы айтады.

«Меніңше, бұл оқиғалар ұлттық және адами сана-сезімнің айқын көрінісі. Ондайда көшбасшылардың қажеті жоқ, халық өз құқықтары үшін күресуге дайын болды», — дейді ол.

Қызығы, Алматыдағы Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткішті оқиғадан жиырма жыл өткен соң, Сәуленің әкесі, белгілі қазақстандық сәулетші Тимур Сүлейменов салды.

Сәуле Сүлейменовамен сұхбаттың үзіндісін мына сілтемеден көре аласыз.

1986 жылы Қазақстанда жастардың көтерілісінен кейін ұқсас оқиғалар Минскіде — 1988 жылы, Тбилисиде — 1989 жылы, Бакуде және Душанбеде — 1990 жылы, Вильнюсте және Ригада — 1991 жылы орын алды.

_

Олардың ресми себептері әртүрлі болды. Эстонияда азаматтар Вирумаа фосфорит шахтасының құрылуына қарсы шықты, ол Эстонияға экологиялық апат қаупін төндірді. Латвияда Даугавпилс су электр станциясының құрылысына халық қарсы шықты. Грузияда Абхазияның республика құрамынан шығу бастамасы наразылық тудырды. Шын мәнінде бұлардың бәрі республикалар халықтарының Мәскеу билігіне қарсылығы еді.

ҚЫРҒЫЗСТАН

Сол уақытта ұлттық сананың оянуы Қырғыз республикасында да басталып жатты.

«Ашар» қозғалысы және Қырғызстан Демократиялық қозғалысының негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері Эмилбек Каптагаев 1989 жылы 32 жасар Ғылым академиясының қызметкері, комсомол ұйымының хатшысы еді.

Эмилбек Каптагаев

Сол кезеңді ол былай еске алады.

«Бұл Кеңес Одағы тарихындағы күрделі кезең еді. 1985 жылдан бастап қайта құру, ашықтық, қоғамды демократияландыру процестері жүрді. Осы процесте кеңес қоғамының барлық аурулары ашыла түсті. Әлеуметтік-экономикалық жағдайға, сондай-ақ этникалық саясатқа қатысты көптеген наразылықтар туындап жатты. Кеңестендіру, орыстандыру сияқты жүрді.

Жалпы Кеңес Одағы бойынша ұлттық шет аймақтар мәдениетіне, әлеуметтік және мәдени дамуына қысым болып жатты. Көптеген мәселелер Мәскеу арқылы шешілетін. Бұл жағдай көпшілікке ұнамайтын еді.

Мысалы, 1987 жылы бізде қырғыз балабақша мен мектептер ашу мәселесі, «Манас» эпосына қатысты үлкен пікірталас туындады. Ал сол кезде Балтық республикалары мен Оңтүстік Кавказ республикаларында (Әзірбайжан, Армения, Грузия) Кеңес Одағынан бөліну мәселелері қызу талқыланып жатты. Қайта құру ондаған жылдар бойы жиналған қайшылықтар бетін ашты».

Қырғызстанда саяси жағдай тұрақты еді, бірақ наразылық өсіп жатты.

Қырғыз жастар тұрмысы: тауық қора, едені мен төбесі жоқ үйлер

Қырғызстанда тәуелсіздік үшін күрес жастардың туған жерінде баспана салуға мүмкіндік алу талабынан басталды.

Жоғары оқуды аяқтаған қырғыз жастары үшін Қырғыз КСР астанасы Фрунзе қаласында баспанаға ие болу мүмкін емес еді. Тұрғын үй алу үшін кезекке тұру керек болатын, ал кезекке тұру үшін жұмыс табу керек еді, жұмысқа тұру үшін қалаға тіркелу қажет, ал тіркелу үшін тұрғын үй керек еді. Осындай тұйық шеңбер еді. Қазіргі жастар үшін бұл қиындықты елестету қиын», дейді Эмилбек Каптағаев.

Ол жұбайымен бірге бір бөлмелі мазанкада тұрған кезін былай сипаттайды:

«Ескі, іргетасы жоқ, төбесі жазық, қамыспен және үстінен рубероидпен жабылған. Еден жоқ, тек бояумен боялған рубероид. Төбесі төмен, фанермен жабылған, шетінің бәрі тесік. Сондай бөлмеде өте қиын жағдайда қыс өтті, бөлме суық, ылғал, түнде температура нөлден төмен түсіп, шелек ішінде су мұз болып қататын…»

Алайда басқа республикалардан келген жас мамандарға кезексіз пәтерлер бөлініп жатты. Нәтижесінде Фрунзеде қырғыздар тек 18% еді. Бұл әлеуметтік әділетсіздік жылдар бойы жиналды.

Эмилбек Каптағаевпен сұхбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз.

Тұрғын үй мәселесі – наразылық түрткісі

Әлеуметтік жарылыс Фрунзе маңында түрiк-месхетиндерге жер бөлінетіні туралы сыбыс тараған кезде болды. 1989 жылы Өзбекстанда жергілікті халық пен 1944 жылы Орталық Азия республикаларына депортацияланған түрiк-месхетиндер арасында этникалық қақтығыс болды. Өзбекстан аумағынан 20 шақты түрiк-месхетин басқа республикаларға шығарылды.

Толығырақ: «Жер бетінен жойып жібергісі келді »: Қазақстан мен Қырғызстан Сталин әмірімен жер аударғандардың Отанына айналды

«Ашар» қозғалыс мүшесінің бірі Сапар Мурзақұлов, мыңдаған жас қырғыздар секілді, жоғары оқу орнын бітірген соң Фрунзеде жалдамалы пәтерлерде тұрды.

«Түрiк-месхетиндерге астананың маңында жер беріліп жатыр деген сыбыс тарады. Оларға түнде жаңа үйлердің іргетастарын құйып үлгерген дейді, билік бұл шешімінен бас тартпасын деп. Осыдан кейін толқулар басталды. Жергілікті халыққа бір шаршы метр жер бұйырмағаны өкінішті болды, ал кеше ғана босқын болғандарға астананың шетінде ең жақсы жерлерді бөлінді…».

Сапар Мурзақұлов

Жерді басып алу шұғыл басталып кетті. Жастар жерді иеленіп, үй салмақ болғаны туралы сыбыс тез тарады. Фрунзе тұрғындары қала маңындағы дала мен саябақтарда жиналған жастарды қорқынышпен бақылап отырды.

«Митингілерде «біз өз жерімізде тұрамыз, еңбек етеміз, бірақ жақын арада өмірімізді жақсарту мүмкіндігі жоқ» деген ой кеңінен айтылды. Бірнеше апта бойы Фрунзенің түрлі жерлерінде жастар жиналып, топтасып, сөз сөйлеп жүрді.

1989 жылы 22 маусымда үлкен митинг ұйымдастырылып, республика билігі мен компартия жетекшісі Абсамат Масалиев келді. Біз талаптарымызды қойдық — қырғыз жастарына үй салу үшін жер берілсін деп. Масалиев: «Ұйымдастыру комитетін құрыңдар, біз онымен келіссөз жүргіземіз» деді, әрі Мәскеуде бұл мәселені шешуге уәде етті. Егер Мәскеу келіссе, бізге жер бөлінеді… Осылай «Ашар» қозғалысы дүниеге келді», — дейді Сапар Мурзакулов.

Сол кезде Тбилисиде «күрек түні» трагедиясы және Вильнюсте совет билігі күш қолданған, жүздеген зардап шеккендер туралы оқиғалар орын алды. Мүмкін, осы себептен Мәскеу келісім берді — қырғыз жастарына үй салуға 500 гектардан астам жер бөлінді.

«Ашардың» саясилануы

Негізінде, «Ашар» — Кеңестік Қырғызстандағы алғашқы үкіметтік емес ұйым болды. Штабтың өмірі қайнап жатты, елдің барлық аймақтарынан адамдар өз мәселелерімен келіп, көмек пен қолдау күтті, партиялық және кеңестік аппараттардың бюрократия мен немқұрайлығына шағымданып жатты.

«Ак-Орго» атты алғашқы жаңа тұрғын ауданды ұлттық сипатта, құрылыс нормаларына сай келетін, тұрғындардың әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық қажеттіліктерін шешетін тұрғын аудан ретінде жоспарлаған болатын. Архитекторлар арасында байқау жарияланды.

Бірақ бұл жоспар жүзеге аспай қалды.

«…Жер алғаннан кейін құрылысқа кіріскенде жол, жабдық мәселесі туындап, билікпен келіспеушілік пайда болды. Сол кезде республикалық және одақтық басылымдарда біздің қозғалысты сынаған «Беймәлім республика» деген мақала шықты», — деп еске алады Мурзакулов.

«Ашардың» саясилануы өте жылдам жүрді, 1989 жылдың күзіне қарай бұл қозғалыс құрылыс мәселелерін шешетін қауымдастық емес, нағыз саяси ұйым ретінде қабылдана бастады.

«Ресми түрде тіркелген алғашқы бейресми ұйым ретінде «Ашар» көпшілікті өзіне тартты, мүшелер саны күннен күнге артып жатты. Қатысушылар көбейген сайын екіге бөліну байқалды — бірі құрылысқа жер алғандар, олар құрылыс мәселелерін шешуге ұмтылды, ал басқалары саяси мәселелерге бет бұра бастады. Олар қырғыз «диссиденттерінің» бұрын тыйым салынған еңбектерін жариялау, 30-жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау, қырғыз тілінде оқытатын мектептер мен балабақша ашу сияқты мәселелерді көбірек көтере бастады», — деп еске алады Эмилбек Каптагаев.

«Ашар» жетекшісі Жыпар Жекшеев Литваның Каунас қаласында өткен демократиялық күштер форумына қатысып, Борис Ельцин басқарған Демократиялық фронттың өкілдерімен танысты. Қайтып келген соң, Қырғыз КСР «Ашар» арқылы МАДО — Демократиялық ұйымдардың аймақаралық қауымдастығының мүшесі болғанын хабарлады. Бұл қауымдастық 1989 жылдың 16–18 қыркүйегінде Ленинградта өткен Бүкілодақтық демократиялық қозғалыстар конференциясы кезінде құрылған еді. МАДО құрамына КСРО-ның әр түкпірінен 90-нан астам бірлестіктер, клубтар және топтар кірген.

«Осыдан кейін «Ашар» қысымға ұшырады, компартиямен қайшылықтар күшейді. Бізді аудандық атқару комитетінің ғимаратынан қуып шықты. Жекшеевтің кеңсесінде штаб құрдық, ол жерге жастар келіп, тіл мен ұлттық мәдениетті сақтау сияқты маңызды мәселелерді талқылайтын. 1990 жылдың 26 қаңтарында біз Қырғызстанның тәуелсіздігін талап еткен алғашқы қырғыз митингін ұйымдастырдық», — деп еске алады Сапар Мурзакулов.

Осылайша, қырғыз жастарының әлеуметтік құқықтары үшін күресі ұлттық-азаттық қозғалысқа ұласты.

Сапар Мурзакуловпен сұқбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз.

Желтоқсан мен «Ашар» сабақтары 

Желтоқсан және «Ашар» қозғалысы тек наразылықтың жарқылдары ғана емес, сана сезімнің оянуы болды. Кеңес жүйесінде өскен жастар өздерінің дауысы бар екенін түсінді. Тәуелсіздік тез әрі бірден келмеді, бірақ дәл сол кезде, 1986 жылдың желтоқсанында және 1989 жылдың жазында қазақ және қырғыз жастары жүйенің жалған екенін сезініп, өз құқықтарын ашық қорғады.

Қазақстандық саясаттанушы Валерий Володин 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын тәуелсіздік үшін күрестің бастауы дейді.

«1986 жылға қарай Кеңес Одағы қирауға жақын еді. Орталықтан Колбиннің осында тағайындалуы — нағыз триггер болды. Орталық кімге қалай өмір сүру керектігін біледі деп шешті, ал біз бәріміз оның соңы неге әкелгенін білеміз», — дейді Володин сұхбатында.

Саясаттанушының пікірінше, бұл ашық қорлау болды.

«Орталық бізді тек уран, мұнай және бидай табатын жер деп білді, сендерде дербестік жоқ, және өз жерінде ие емесіндер дегендей болды. Мәскеу мұнда қожа және қалай өмір сүру керектігін біз білеміз деп көрсетті. Кеңес билігі одақтық республикаларды саяси жетілген субъектілер ретінде қабылдауға дайын емес еді. Қазақстан шын мәнінде халық емес, тек жер ретінде қаралды. Кеңес интернационализмі туралы миф кең тараған кез еді. Бірақ менің ойымша, желтоқсанда алаңға шыққан жастар сол кезде бұл жалған, отарлық көзқарасты пайдалану әрекеті екенін түсінді», — дейді Володин.

Оның айтуынша, 1986 жылғы оқиға ұлттық сана сезімнің ояну белгісі болды.

«Бұл құйылған тастай су секілді болды, халық өте тез оянды, және бұл ояну Қазақстанда және бүкіл кеңес империясында көптеген саяси процестердің басталуына түрткі болды. Желтоқсан — жай идеологиялық қарсылық емес, бұл эмоциялық жарылыс, алғаш рет «елімізді кім басқаратыны мағыналы» деген риторика айтылды. Негізінде кез келген ұлттық сана осындай ұстанымдардан басталады», — деп түйіндеді Володин.

Валерий Володинмен толық сұхбатты мына сілтемеден көре аласыз.

Белгілі қазақстандық құқық қорғаушы және қоғам қайраткері Евгений Жовтис желтоқсан оқиғалары кезінде алаңда — дружинник ретінде болған (толығырақ мұнда), ал кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесі құрған Желтоқсан оқиғаларын тергеу комиссиясында куәгер ретінде қатысқан (комиссияны қазақ жазушысы Мұхтар Шаханов басқарған).

Оның пікірінше, 1986 жылғы желтоқсан оқиғаларын белгілі бір тарихи контекст аясында қарау қажет.

«Кеңес, коммунистік режим жүйесі орнатылған еді. Мәдени отарлау болғанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл дәстүрге, тілге, мәдениетке қатты әсер етті. Тіпті өте елеулі түрде. Барлық мектептерде орыс тілінде оқытатын, орыс мәдениетін дәріптейтін. Чехов, Достоевский, Пушкинді құрметтеу керек әрине,  бірақ қазақтың өз классиктері бар емес па? Тіл, мәдениет жағынан теңсіздік болды. Бұл барып тұрған қысым еді», — деді Жовтис сұхбатында.

Құқық қорғаушының пікірінше, 1986 жылғы желтоқсан оқиғалары объективті процестердің айқын белгісі болды:

«Осындай мәселелер бар және оларды шешу керек деген белгінің бірі болды. Күмән жоқ, 86 жылы алаңға шыққандар халықтың көпшілігінің көзқарасын білдірген еді», дейді ол.

Евгений Жовтиспен толық сұхбатты мына сілтеме бойынша  көре аласыз.

Қырғыз «Ашар» қозғалысының негізін қалаушылардың бірі Сапар Мурзакулов Кеңес Одағының саяси жағдайы қырғыз жастарының әлеуметтік әділетсіздігін жасырмайтын деңгейге жеткен кезде жетілгенін, сондықтан олар көтеріліске шыққанын айтады.

«Сәті түсіп, билік мәселеге түсіністікпен қарады, тұрғын үй мәселесін шешуге кірісті. Дегенмен басқа да мәселелер:  ұлттық тілдің дамуы, тәуелсіздік күн тәртібінде тұрды. Қырғызстанға тәуелсіздік қан төгілмей берілді, бірақ күрес те болды. Біз қуғын-сүргінге ұшырадық, қудалау болды, бірақ тұтқындалған жоқпыз, себебі Одақ тарқады», — дейді Мурзакулов.

Эмилбек Каптагаевтың пікірінше, жастар белсенділері өздерінің саяси салаға қаншалықты терең араласқанын түсініп, істеп отырған істерінің маңыздылығын сезінген.

«Біз қоғамдағы, әсіресе жастар арасындағы саяси белсенділікті арттыруды мақсат еттік. Мақсатымызға жетеміз деп шын сендік, әрі қоғамда бір партияның монополиясы болмау керек деп есептедік. Алайда, жеке өзім мен отбасыма қандай қауіп төніп тұрғанын толық түсінбедім.

30-жылдардағы репрессиялар туралы оқығанмын, КГБ тұтқындауындағы қатыгездіктерді білетінмін, бірақ менімен де сондай жағдай болуы мүмкін деп ойламадым. Түрмеге жабылуым да мүмкін екенін түсінбедім. Сол кездері романтика болды. Компартия Орталық Комитетінің басшылығы репрессияға бармайды деп сендік, қоғамда оған тосқауыл болатын күштер жеткілікті деп ойладық.

Тәуелсіздік алғаннан кейін КГБ-ның аса маңызды істер бойынша тергеушісі бізді кез келген сәтте тұтқындауы мүмкін екенін, әрқайсымызға қатысты материалдар: фото және аудиожазбалар дайын тұрғанын айтты. Бірақ республика басшылығында саяси ерік болмады. КГБ қызметкерлерінің бір бөлігі біздің жағымызда болды, олар жағдайдың күрделілігін және өзгерістердің жақын арада болатынын түсінді», — деп еске алады ол.

Бұл оқиғалардың артынан өзгерістер басталды. 1989 жылдың күзінде Қазақстан мен Қырғызстанда ұлттық тілдерді дамыту туралы заң қабылданды. Бұл – одақ республикаларының мемлекеттік тәуелсіздік декларацияларын қабылдау және КСРО құрамынан шығу үрдісінің бастамасы болды.

Материалды әзірлеген: Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан) 
және Лейла Саралаева, Даяна Оселедко (Қырғызстан).

Эта статья на русском языке по ссылке ниже:

_

Развал СССР: как борьба молодежи за свои права в Казахстане и Кыргызстане привела к краху империи

«Отарлаудың ақтаңдақтары» жобасының басқа жарияланымдарын 
мына сілтемелер бойынша таба аласыздар:

ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»

_

В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.

_

«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.

_

Поддержать нас можно разными способами — они есть на этой странице.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.