«...Белгілі қазақ жазушы, ақын, мемлекеттік 
қайраткерлер мен ғалымдардың балалары
негізінен қазақ тілінде сөйлемейді...»
,
- Қанат Тасибеков, қоғам қайраткері.

Бүгінде Қазақстан мен Қырғызстанда ана тілін білмейтін орта және аға буын тіл үйренуге талпынуда. Бұл Кеңес Одағында туған адамдар үшін өзін-өзі анықтау жолындағы маңызды кезең. 

Орта Азия кеңістігінде кеңестік биліктен бұрын басталған орыстандыру ХХ ғасырда институционалды сипат алды. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстан мен Қырғызстан Кеңес Одағының бұрынғы республикалар арасында орыстандыруға ең көп ұшыраған, себебі жергілікті халық саны аз болған және республикалар Ресейге жақын орналасқан. Нәтижесінде, екі елде ана тілін нашар немесе мүлдем білмейтін үш ұрпақ пайда болды.

Соңғы уақытта жағдай өзгеріп жатқан сыңайлы. Ресми соңғы статистика мәліметі бойынша, Қазақстанда — 92%, ал Қырғызстанда — 91,8% халық мемлекеттік тілді меңгерген. Алайда, қала көшелеріне шықсаңыз, ресми көрсеткіштер шындыққа жанаспайтынын түсінесіз.

«Отарлаудың ақтаңдақтары» жобасында екі ел арасында жасаған зерттеуде біз Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарының өміріне орыстандыру қалай әсер еткенін және бүгінде билік пен қоғам белсенділері ұлттық тілдерді дамыту үшін қандай қадамдар жасап жатқанын баяндаймыз.

ТАРИХИ КОНТЕКСТ 

Орыстандыру қалай жүрді

Орталық Азия елдерін отарландыру патшалық Ресей кезінде большевиктер билікке келмей тұрып басталған. Сол кездің өзінде жалпы сауат ашу және ұлттық тілдерді дамыту арқылы жергілікті халықтарды біртіндеп орыстандыру мәселесі қарастырылған болатын.

«Жергіліктендіру саясаты патшалық үкімет тарапынан жүргізілді. Қарапайым халыққа жақын болу үшін Түркістанда отарлық әкімшілік жұмысына жергілікті тілді меңгерген адамдар тартылды.

Әкімшіліктерде аудармашы-көмекшілер жұмыс істеді. Қырғыз мемлекеттілігінің негізін қалаушының бірі Әбдікерім Сыдықов Октябрь көтерілісіне дейін Пішпек басқармасының аудармашысы болған. Түркістанның көрнекті саяси қайраткері Төреқұл Жанұзақов  өмір жолын Жетісу облыс генерал-губернаторының көмекшісі әрі аудармашысы ретінде бастаған.

Патша билігі орыс және жергілікті тілде мектептер ашып, онда балаларды оқу, жазу үйретіп және сол жерден өз қызметкерлерін іріктеген. Ал, қырғыз зиялылары үшін гимназиялар ашқан болатын.

 Мақсат — бұл балалардың болашақта Ресейде жоғары білім алуына және саяси элитаның бір бөлігі болуына мүмкіндік жасау еді. Мысалы, қазақтан шыққан орыс әулетінің өкілі Чокан Валиханов сияқты», — дейді қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов.

XX ғасырдың басындағы Ресей империясының Орта Азиядағы жерлері. Википедиядан алынған

Қазақ және қырғыз тілдері ол уақытта араб әліпбиінде еді. Алғашқы газеттер де араб жазуымен шықты: қазақша «Түркістан уалаятының газеті» 1870 жылы және «Қазақ» 1913 жылы, қырғызша «Эркин-Тоо» 1924 жылы. Алайда әлемде негізінен латын әліпбиі қолданылатынын ескере отырып, қазақ пен қырғызды латын әліпбиіне аударуға шешім қабылданды. Бұл кезеңде және 30-жылдардың ортасына дейін Кеңес халықтарының ана тілдерінде көптеген оқулықтар мен кітаптар латын қарпінде шықты.

30-жылдардың ортасынан бастап, Иосиф Сталиннің басшылығымен кеңес билігі тіл және этникалық саясаттың бағытын өзгертті: жергіліктендірудің орнына «буржуазиялық ұлтшылдықпен күрес» ұранымен орыстандыру саясаты басталды. Латын әліпбиі кирилл әліпбиіне ауыстырылды, жергілікті тілдеріндегі басылым тоқтатылып, мектептерде орыс тілін оқыту енгізілді. 

Тарихшы Зайнидин Курманов бұл өзгерісті Батыс пен Шығыс арасындағы идеологиялық күреспен байланыстырады: 

«Пролетарлық интернационализм идеологиясы негізгі бағыт ретінде жарияланғанымен, орыстар үстем ұлт болды. Осылайша, барлық КСРО республикаларында орыстандыру науқаны басталды».

«Орыс тілін меңгерсең — жол ашық!»

1950 жылдарға қарай орыс тілі Кеңес Одағында беделді тіл саналып, яғни ол білім алуға, мәдениетке және мансапқа қол жеткізуге жол ашады деген ұғым пайда болды.

 «Ел индустриализацияға көшкен кезде, бірі тілді меңгеру керек болды. Орыс тілі белсенді қолдана басталды. Сол уақытта Қырғызстанның барлық аймақтарында қырғыз тілінде оқытатын мектептер болғанымен, аудан орталықтарында орыс тілінде бір-бір мектептен ашыла бастады. 

Фрунзе [қазіргі Бішкек] туралы айтсақ, қалаға түрлі ұлт өкілдері — орыс, украин, чех, немістер көшіп келіп жатты. Индустриализация қарқынды жүріп жатқандықтан, қала халқы негізінен орыстілді жұмысшыларынан тұрды, сондықтан астанада орыс тілі қолданылды.

Бірақ қырғыз тіліне тыйым салынбады», — дейді Совет Одағы және қырғыз мемлекет қайраткері Жаныл Туменбаева. 

Бұл пікірге 50 жасында ана тілін үйрене бастаған және қазір басқаларға тіл үйретіп жүрген, қазақ тілін насихаттаушы, қоғам қайраткері Қанат Тасибеков қосылады.

«Менің ойымша, қазақ тілін жою мақсаты болған жоқ. Елді дамыту, индустриализацияландыру, қаруландыру қажет болды. Алып мемлекет экономикасы алдында үлкен міндеттер қойылды. Ал біртұтас экономика бір тілді талап етті. Сондықтан ортақ тіл керек болды», — дейді Тасибеков.  

Алайда оның пікірінше, Қазақстанда орыстандыру үрдісі түрлі себептермен күшейді. 

«Большевиктер қолдан жасаған Ашаршылық кезінде қазақтардың жартысынан көбі қырылды. Кейін тың игеру басталды. Ресеймен әлемдегі ең ұзын шекараны да ескеру керек. Мәдени байланыс, ортақ тарих, ол 300 жыл емес, одан да ұзақ уақыт. Барлық осы факторлар осындай нәтиже берді», — дейді Қанат Тасибеков.

Сонымен қатар, ол Орталық Азия елдер арасынан Қырғызстан мен Қазақстан орыстандыруға ең қатты ұшыраған себебін былай деп түсіндіреді: 

«Бұл ең алдымен, жергілікті халық саны аз болғандықтан және біздің ділімізде айырмашылық болуымен байланысты». 

Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген этникалық кәріс Владислав Тен, қазақ елі орыстандыруға Өзбекстаннан қатты ұшырауы Ресейге жақын орналасқаны әрі Сталин кезеңіндегі жаппай саяси құғын-сүргін себеп болды деп есептейді:

«Қазақстан Ресейге жақын. Сондай-ақ, қазақ зиялыларын жойғаны белгілі. Өзбектерде ол мұндай жаппай сипат алмады. Кеңес заманында Өзбекстанда да орыс тілі кең қолданылды, білім беру, іс жүргізуде. Бірақ өзбектер өзара әрдайым өзбек тілінде сөйлеседі. Сонымен қатар, Өзбекстанда жергілікті халық саны әрқашан да басым еді. Ал Қазақстанда, әсіресе солтүстігінде, қазақтар мүлдем орыстанып кеткен». 

Уақыт өте келе, орыс тілін жақсы меңгеру мансапқа жету үшін де міндетті болды. 

«Бұл жағдай большевиктерге дейін қалыптасқан — қырғыз элитасы балаларын Ресейге оқуға жіберетін. Көтерілістен кейін бұл жалғасты. Егер орыс тілін меңгерсең, Мәскеу, Ленинградқа [қазіргі Санкт-Петерборда] жол ашық. Ал тек өз тіліңді білсең, Қырғызстанда ғана жұмыс істейсің. Орыс тілін меңгеру әрқашан да беделді болған», — дейді Зайнидин Курманов.

«Ұлы қырғыз жазушысы Шынғыс Айтматов өз шығармаларын қырғыз тілінде жазып жүргенде, аса танымал емес еді. Шығармалары орыс тіліне аударылғанда ол әлемдік жазушы ретінде мойындалды. Сондықтан ол орыс тілінде жазуға мәжбүр болды», — деп атап өтеді Жаныл Туменбаева.

Писатель Чынгыз Айтматов. Фото: moscowseasons.com

Мемлекеттік тіл заңдары

Михаил Горбачев билікке келгеннен кейін, 1985 жылы Кеңес Одағында қайта құру процесі басталды. БАҚ беттерінде және қоғамда ұлттық тілдерді дамыту мәселелері көтерілді. Бұл істе ұлт ақын мен жазушылары үлкен рөл атқарды.

1989 жылы Қырғызстанда «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданып, қырғыз тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған кезде, оны жүзеге асыруда үлкен рөл атқарған жазушы Шынғыс Айтматов. Ол барлық жиын, пленумдарда, тіпті Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңес деңгейінде ұлттық бірегейлік пен ұлттық тілдерді дамыту мәселесін көтерді.

Дәл осындай «Тіл туралы» заң 1989 жылы Қазақстанда қабылданып, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алды. 

Яғни, екі республикада бұл процесс ұқсас өтті, бірақ мәселесі де бірдей болды. Заң қабылданғанымен, тілдердің даму процесінде әрі қарай ілгерілеу болмады. 

«1989 жылы «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданғанда, мен Министрлер Кеңесінің төраға орынбасары едім», — деп еске алады Жаныл Туменбаева. — «1989 жылы 27 қазанда Үкімет №288 «Қырғыз республикасында қырғыз тілі туралы заңды іске асыру және заңды енгізу тәртібі бойынша шаралар туралы» қаулысын қабылдады, ол 29 тармақтан тұратын еді. Бұл қаулы барлық мемлекеттік құрылымдар мен шаруашылық субъектілеріне қырғыз тілін біртіндеп енгізуді міндеттеді және орындау бойынша нақты нұсқаулар берді». 

Оның айтуынша, сол кезде қырғыз тілінде сөздік, тілашар, кітаптар белсенді шығарыла бастады. 

«Министрлер Кеңесінде мемлекеттік тіл және этноаралық қатынастар бөлімі құрылды. Кейін Қырғызстан халқының Ассамблеясы ашылды. Алайда 1990 жылы тәуелсіздік декларациясы қабылданып, Қырғызстан тәуелсіз мемлекетке айналғанда, біздің үкімет пен Жогорку Кенеш бұл заңды орындаудан мүлдем алшақтады», — деп атап өтті Туменбаева. 

Жаныл Туменбаевамен сұқбатты мына сілтеме арқылы көре аласыз.
БЕСЕУДІҢ ТАҒДЫРЫ

Екі бауырлас елде мемлекеттік тіл туралы заң қабылданғаннан бері 36 жыл, ал тәуелсіздік алғалы — 34 жыл өтті. Дегенмен, ұлттық тілді дамыту мәселесі Қазақстан мен Қырғызстанда өзектілігін жоғалтқан жоқ. 

Қандастарымыздың ересек жасында ана тілін меңгеру туралы төмендегі әңгімелері осыған нақты дәлел.

Жанна Байтелованың оқиғасы

Бүгінде Қазақстанда бір отбасында үш буын ана тілін білмейтін қазақтар бар. Солардың бірі — әріптесіміз, журналист Жанна Байтелова. 

«Отбасында бәріміз орыс тілінде білім алдық, анам Ресейдің қазағы, тек әжеміз қазақша сөйлейтін. Бала кезімде орыс балабақшасына бардым. Мектепке бір жыл қалғанда әкем тіл үйренсін деп, мені қазақ балабақшасына беруді шешті. Ол жерде бейімделу өте қиын болды, тіпті мүлдем жағдай болмады оған. Мен балаларды түсінбеймін, олар мені түсінбейді, мазақтайды мені, күледі. Ал тәрбиешілер мән бермей, менімен айналыспады, содан мен тұйықтанып қалдым», — деп әңгімелейді Жанна.

Ол қазақ мектебіне барды, бірақ қиындықтардан кейін орыс мектебіне ауысуға тура келді. 

«Қазақ мектебі, бірақ мен бір нәрсені түсінбесем, бәрін орысша түсіндіреді. Аулада орысша және қазақша сөйлейтін балалар бөлек ойнайтын. Демалысқа әжеме келіп тұратынмын, бірақ онда да бәрі орысша сөйлейтін. Бірнеше жыл қазақ мектебінде қиналған соң орыс мектебіне ауысуға мәжбүр болдым. Бізде қазақ тілі пәні болғанымен, мен сөйлей алмадым, ол үшін орта керек. Орыс мектебінде қазақ тілін жөнді оқытпайтын, ол маңызды емес еді», — деп жалғастырады Жанна. 

Жоғарғы оқу орнына барғанда да орыс тілінде оқыды. Жаннаның айтуынша, қазақ бөлімінде студенттер қазақ тілінде жақсы оқулықтар болмай қиналған екен, ол 2003 жыл еді. 

2017 жылы Жанна қазақ тілін өз бетінше үйрене бастады. 

«Оқу курстарын алдым ол кезде 50 мың теңге тұратын, арзан емес. Менде қазақша сөйлеу, сұқбат алу, мақала жазуға, билік өкілдерімен араласуға қатты құлшыныс болды. Қазақша посттар жазуға, әдебиет оқуға, сөйлеуге тырысып бақтым», — дейді ол. 

Алайда қазақша сөйлегенде, жиі мазаққа ұшырағанын айтады: 

«Неге біздің қазақтар бір-бірін қолдамайды, соған өкпелімін. Барлығы емес, әрине, қолдайтындары да бар, бірақ олар аз, хейт көбірек дегенмен. Мен Польшада бір жыл тұрдым, онда маған: сен поляк тілінде жақсы сөйлейсің деп үнемі мақтайтын жұрт, ол шындыққа жанаспаса да. Ал бізде керісінше, бәрі бірден сынайды. Сондықтан сөйлеуге ынта жоғалады», — деп ашынады Жанна. 

Ол ана тілінде сөйлегісі келеді, бірақ қорқынышы бар. 

«Тіпті қазір, сізбен әңгімелесіп отырғанымда көзіме жас келіп отыр. Өйткені менде теріс тәжірибе болды, жұрт мазақтайды немесе дұрыс түсінбейді деп қорқамын. Менде кітаптар бар, ниетім бар, бірақ қорқыныш та жоқ емес. Дегенмен, мен тілді түбі үйренемін, себебі: ана тілім — менің мәдениетімнің бір бөлігі, ол менің қаным, жаратылысым», — деп аяқтады әңгімесін Жанна Байтелова.

Жанна Байтелова

Нурбек Токтакуновтың оқиғасы

Нурбек Токтакунов Қырғызстанда танымал адвокат. Ол қырғыз тілін үйренуді заңгер ретінде өз орнын тапқан шағында қолға алған.

«Мен №28 қалалық мектепті тәмамдадым. Біздің мектепте, басқа да астаналық мектептерде сияқты, қырғыз тілі пән ретінде оқытылмайтын. Менің тіл меңгеру деңгейім тұрмыстық деңгейде еді. Менің замандастарым да сондай болды. Өйткені, бүкіл астанада бір ғана №5 қырғыз мектебі болған. Ол уақытта биліктегі элита бұған көнді. Олар мұны жамандық деп көрмеді, себебі кеңестік тұтастық қалыптасқан еді. Орыс тілі — ұлы әрі күшті, ал орыс халқы — басқа халықтардың үлкен ағасы ретінде саналды. Бұл идея зиялыларға сіңісті. Олар сол кездегі ағыммен кете барды. Қарсылық танытқан жоқ. Ал біздерді «чалаорус» деп атап кетті, мен сондай «чалаорустан» шықтым», — дейді Токтакунов.

Токтакуновтың айтуынша, жағдай 80-жылдардың аяғынан бастап, қайта құру кезеңінде өзгерді. Сол кезде қырғыз тілінде оқытатын мектептер пайда болды, орыс мектептерінде қырғыз тілі сабағы енгізілді.

«Мен жасөспірім кезімде-ақ ана тілімді үйренуім керек екенін түсіндім. Айтматовты оқыдым, оның қырғыз тілі туралы сөйлеген сөздерін тыңдадым. Бірақ тілді үйрену үшін оны күнделікті қолдану керек. Қорғаушы болып жұмыс істеп бастадым, маған қырғызша сөйлейтін азаматтар жүгінгенде, оларға істерді стратегия мен тактика тұрғысынан қырғыз тілінде жүргізу керек болды. Сонда біртіндеп сөйлей бастадым. Тіл үйренуде маған ең үлкен көмек берген  ол қырғызтілді журналистер, өйткені қырғызша журналистика дамып келе жатты. Олар менің істерім бойынша сұрақтар қояды, мен аздап қырғызша жауап беремін. Кейін мен барлық жауаптарымды талдап, қайтадан өзіммен қырғызша сөйлесетінмін. Біртіндеп, журналистер маған қырғыз тілінде сөйлеуді үйретті. Үш-төрт жылдың ішінде еркін сөйлей бастадым», — дейді Токтакунов.

Бірақ ол тілді толық меңгердім деп есептемейді, әлі де үйрену үстінде.

«Бастысы менде қырғызша сөйлегенде қорқыныш жоқ. Алдында қорқыныш болған, себебі ойымды толық жеткізе алмайтынмын. Орысша ойлап, қырғызшаға аударатынмын, ол толыққанды қырғызша шықпайды. Мен ауылда ұзақ уақыт болып қырғызша сөйлесем, біртіндеп қырғыз тілінде ойлауға көштім. Сонда тілің де басқаша болады. Сондықтан тұрақты тәжірибе өте маңызды. Егер бәрі қырғыз тілінде сөйлесе, даму болары анық», — дейді Нурбек. 

Нурбек Токтакунов қырғыз тілін үйренгеннен кейін, оның өмірі айтарлықтай өзгерді. Ең шабыт алатыны — қырғыз әдебиетін, поэзиясын оқуға мүмкіндік алғаны.

«Қырғыз тілі кеңістікті кеңейтіп қана қоймай, сананы да кеңейтті. Ұзақ уақыт қырғызша сөйлеген сайын әлемді басқа қырынан көресің, саясаттағы жағдайды басқа қырынан бағалайсың, құқық саласындағы дауларға да басқа көзқараспен қарайсың. Кез келген тілді білу адамды байытады, көп қырлы етеді», — дейді ол. 

Нурбек Токтакуновпен сұқбатты мына сілтеме арқылы көруге болады.

Канат Тасибековтың оқиғасы

Қоғам қайраткері, «Мәміле» клубының негізін қалаушы, «Ситуативный казахский»  және қазақ тілін үйрету әдістеме авторы Қанат Тасибеков Кеңес кезіңде Солтүстік Қазақстанда дүниеге келіп, орыстілді ортада өскен, ана тілін үйренуді 50 жасында бастаған.

«Менің тағдырым, өзі қазақ бола тұра, ана тілін білмей өскен, сатқын немесе саяқтың тағдыры емес. Бұл мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақтың тағдыры десе болады», — деп бастады әңгімесін Қанат Тасибеков. 

Айтуынша, 1959 жылы дүниеге келген кезінде бүкілодақтық халық санағы жүргізілді. Сол санақ бойынша, Қазақстанда қазақтар саны 30 пайыздан кем болған екен.

«Мен мектепке барғанда, сыныпта жалғыз қазақ едім. Балалық шағым Алексеевка қаласында өтті, қазір Ақкөл бекеті деп аталады. Біз Достоевский көшесінде тұрдық, сол көшеде тек екі қазақ отбасы едік. Үйде жеті бала болдық, мен алтыншысы, бәріміз орыс мектебінде оқыдық», — дейді ол. 

Сол кезеңде Қазақстанда жоғарғы білім негізінен орыс тілінде еді, кейінірек Тасибеков Мәскеуде аспирантураны, Францияда докторантураны тәмамдады. Ал ана тілін үйренуге кездейсоқ жағдай түрткі болған екен. 

«Мен бизнеспен айналысып жүрдім. Бір күні ойда жоқта ой келді: осы маған французша сөйлеу оңайырақ, ал соны қазақша неге жеткізе алмаймын? Мен қазақпын ғой, неге қазақша білмеймін, деген сұрақ мазалады. Іштей бір ыңғайсыз сезім пайда болды. Бір күні сыйласып жүрген француз әріптесім қазақша нашар сөйлейтінімді білгенде қатты таңқалды, тіпті бір жеккөрініш сезілді. Сол жағдай намысыма қатты тиді. Сосын ана тілді үйренуге бел будым», — дейді ол. 

Алайда ана тілді үйрену, оңайға соқпады. 

« Сөйтіп 50 жасымда тіл үйрене бастадым. Мен өзімше ойладым ғой, бірден үйреніп аламын деп. Бірақ бұл оңай болмады. Ересектерге арналған әдістемелер жоқ, мәселе сонда еді. Осылай зерттеніп жүрген кезде, өзім үшін түсіндім, қазақтар кез келген жағдайда арнайы сөз үлгілерін қолданады. Осылайша, мен әрбір жағдайға арналған сөз, тіркестерді үйрену керек деп шештім. Бұл — қазақ халқының алтын қоры, ғасырлар бойы келе жатқан. Мен соны жаттай бастадым. Осы үлгілер жиналған кезде, мен өз біліміммен бөлісуді жөн көрдім. Сөйтіп, «Ситуативный казахский» кітабы пайда болды», — дейді Қанат Тасибеков. 

Ол қазақ тілін мектепте оқыту мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтеді. Тасибековтің балалары да орыстілді болып өсті. Қызы мектептен келгенде қазақша тапсырмаларын орындай алмай, үнемі ата-әжесінің көмегіне жүгініп отырған екен.  

«Бұл мәселе кеңестік кезеңде де болған. 1989 жылы «Тіл туралы» заң қабылданды. Қазіргі кезде тәуелсіз мемлекет болсақ та, мектеп түлектері қазақша сөйлей алмайды, тіпті қазақ мектептерін бітіргендер де сөйлемейді», — дейді Тасибеков. 

Тіл үйрену әдісін өзі түсінгеннен кейін, ол басқа адамдарға көмектесуді қолға алды.   

««Мәміле» қазақ тілі клубын аштым. Өзіңіз көрдіңіз адамдар келеді. Олардың ішінде менімен жастысы бар, барлығымыздың тағдыр ұқсас. Мен қазақ тілін үйретіп жүрген еріктімін. Әр сенбі сайын бұл клубқа жұмысқа келгендей келемін, тегін жүргіземін. Менде билік өкілдерінде сияқты мүмкіндіктер жоқ, қыруар бюджет жоқ. Бірақ тіл адамдарға қажет, мен осы ортақ іске өз үлесімді қосып жүрмін», — дейді ол. 

Канат Тасибековпен толық сұқбатты мына сілтеме арқылы көруге болады.

Владислав Теннің оқиғасы

Владислав Тен — Lingua Ten тіл оқыту мектебінің директоры. Ол Өзбекстанда дүниеге келген, 15 жыл бұрын Қазақстанға көшіп келді.  Ағылшын, өзбек, кәріс және қазақ тілдерін меңгерген, қазір басқаға қазақ тілін үйретуде.

«Мамандығым дәрігер. Алғашында көшіп келгенде дәрігер болып жұмыс істедім. Негізі мен бірнеше тілді менгергем. Ағылшын тілін, өйткені ол менің дамуым үшін қажет болды, кәріс тілін — ол менің ана тілім, өзбек тілін үйрендім, себебі мен Өзбекстанда туып, өстіп. Енді менің жаңа отаным — Қазақстан. Сондықтан, келе сала, қазақ тілін үйренемін деп шештім, себебі ол — мемлекеттік тіл. Сондай-ақ, мансапта өсуіме сеп болады деп ойлайдым.

Бірақ мен алғаш келгенде шокта болдым. Өзбекстанда да орыс тілі кең тараған. Біз орыстілді Ташкентте дүниеге келдік, бірақ өзбектер өзара тек өзбек тілінде сөйлеседі. Қазақстанда жағдай басқа болды, бәрі орыс тілінде, сондықтан тіл үйрену оңай болған жоқ, орта болмады. Бүгінде жағдай өзгерді, елордаға оңтүстік өңір тұрғындары көшіп келе бастады. Мұнда мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Егер біз оны білетін болсақ, онда біз бөлінбейміз, адамдарды тек ісіне, біліміне қарай бағалаймыз», — дейді ол.

Ол қазақ тілін үйрену қиын деген кең тараған пікірді жоққа шығарады. 

«Мен үшін қазақ тілін үйренуге соншалықты қажеттілік болған жоқ, бәрі орысша, негізінде тілді бүгінге дейін үйренбеу жүре берсем болар еді. Бірақ мен қазақ тілін басқаларға үйреткім келді, ол кезде тіл білмесем де, тез үйрене алатыныма сенімді болдым. Ол мен өзбек тілін бұрыннан білетініммен байланысты емес. Қазақ тілдің грамматикасы басқа түрік тілдері сияқты өте дұрыс, еш ерекше ережелері жоқ, сондықтан оны үйрену  оңай.

Алайда Қазақстанда қазақ тілі туралы басқа пікір кең тараған — бұл өте қиын, күрделі, ерекше философиясы бар тіл, оны түсіну мүмкін емес деген. Шын мәнінде, ол қарапайым тіл, мәселе оны шет тілі ретінде үйрету жағынан жұмыс жасалмаған.

Қазіргі таңда Қазақстанда көптеген тіл білмейтін орыстілді азаматтар оның ішінде қазақтар бар екені туралы ойлануда және оларға тілді жаңа тәсілмен және жаңаша технологиямен үйрету қажет», — дейді ол.

Теннің ойынша, Қазақстанда шамамен бір миллион адам қазақ тіліне мұқтаж және оларға қысқа мерзімде тілді үйретуге болады. 

Владислав Теннің сұқбатын мына сілтеме арқылы көруге болады.

Зайнидин Курмановтың оқиғасы

Зайнидин Курмановтың көптеген атақ-дәрежесі бар танымал қырғыз саясаткері, тарихшы, заңгер, саясаттанушы, публицист, педагог және ағартушы. Сонымен қатар, ол философиялық афоризмдер авторы, 2009—2010 жылдары Жогорку Кеңештің төрағасы болған, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы тарих және қоғамтану Академиясының академигі.

Ол Фрунзе қаласындағы беделді мектепті бітірген және Ленинград университетінде білім алған.

«Мен орыстілді болғанмын. Әкем мені орыс мектебіне берді. Қырғыз тілін мен тек жазда әжеме барған кезде қолданатынмын, ауылдың балалармен ойнағанда. Олар орыс тілін білмейді. Сөйтіп жүріп мен тілді тұрмыстық деңгейде меңгердім. Уақыт өте келе үлкен қадам жасап, мемлекеттік тілде дәріс оқи бастадым», — дейді Курманов.

Қырғыз тіліне қажеттілік 2000-жылдардың ортасында пайда болды, Курманов БҰҰ-да жұмыс істеп, өңірлерде парламенттік тренингтер өткізіп жүрген кезінде.

«Бір дәрістен кейін маған біреулер келіп: «Лекцияңыз керемет, бірақ 30 адам тыңдайды да, оның бесеуі ғана түсінеді. Орыс тілі біз үшін мүлде жоғалған», деді. Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды, мен ойлаушы едім, барлық жерде орыс тілін түсінеді деп. Шын мәнінде, Ош, Жалал-Абад, Баткен, Нарын, Талас облыстарында халық орыс тілін білмейді екен. Орыстілділер тек Бішкек, Шу және біршама Ыстықкөл облыстарында қалған. Сондықтан жұмысымды жалғастыру үшін, екі айда дәрісімді қырғыз тіліне аударып, білімімді жетілдірдім», — дейді ол.

Зайнидин Курманов тілді тез меңгеру үшін мынадай кеңес береді:

«Мен ең жиі қолданылатын 100 қырғыз сөзін жаттап алдым. Мен ауызекі тілді білетінмін. Қарым-қатынас жасау, дәріс оқу үшін 300 қырғыз сөз білу жеткілікті. Егер 1000 сөз білсең, қырғыз тілін еркін меңгергенің», — дейді ол. 

Курманов төтенше жағдай тумағанша ана тілін жете үйренбегенін мойындайды. Ал тілді жетілдірген соң, оның өмірі түбегейлі өзгерді, оны парламент спикері етіп сайлады.

«Маған парламент төрағасы болуға ұсыныс түсті. Мен қырғызша сөйлей алмайтынымды ескерттім. Алайда, парламентте мені ұсынғанда, 45 минут бойы сұрақтарға жауап бердім, бір орыс сөзі қолданған жоқпын. Өзім таңқалдым», — дейді ол. 

Сонымен қатар, Зайнидин Курманов оның орыс және қырғыз тілдерін меңгеру деңгейі әртүрлі екенін түсінеді:

«Орыс және қырғыз тіл денгейім салыстыруға келмейді. Қырғызша және орысша дәрістерімнің айырмашылығы жер мен көктей. Мен орыс тілінде ойлаймын, толғанамын, еркін жаза аламын. Ал қырғыз тілінде шектеулер бар».

Зайнидин Курманов

«Мәміле» мүшелерінің пікірлері

 

Қанат Тасибеков ұйымдастырған «Мәміле» пікір алмасу клубының қатысушылары қазақ тілін үйренуге неге бел буғанын айтады.

 

«Біз мектепте қазақ тілін оқымағандықтан, грамматикадан қиналамыз. Мен қазақша сөйлеймін, бірақ тіл байлығым жетпей жатады. Қазақ тілінде жиі орыс сөздерін қолданамыз, ал мен таза қазақша сөйлегім келеді».

 

«Маған қазақ тілінің қажет екенін бір жұмыс сапары кезінде түсіндім. Біз Орталық Азия делегациясында болдық, менің қырғыз әріптесім, журналист, бірлескен жобаға қатысуды ұсынды. Ол «қазақ пен қырғыз тілі ұқсас, қиындық болмайды» деді. Мен үндемей қалдым. Сонда ол: «Сен қазақша білмейсің ба?» — деп таңқалды. Өте ыңғайсыздандым. Сол сәтте қазақша үйренуім керек деген шешім қабылдадым.

 

Мен Қазақстанда тұрамын, осы елдің азаматымын, қонақ емеспін. Қазақтармен өмір бойы қатар тұрып келеміз, мен тілді түсіне бастағанда ғана оларды басқаша, жаңа қырынан біле бастадым», — дейді ол.

 

«Менің құдадарым бар, олар қазақтар, қазір мен олармен қазақша сөйлесе аламын. Бір көршім бар ол қытай қазағы, тек қытайша және қазақша сөйлейді. Қазақ тілі біз үшін өте қажет, ол туысқандармен, халықпен қарым-қатынас үшін өте маңызды. Сондықтан мен қазақ тілін үйрену керек деп шештім».

 

Толық сауалнаманы сілтеме бойынша көруге болады.

САРАПШЫЛАР БАГАСЫ 

Неге біз әлі күнге дейін мемлекеттік тілде сөйлемейміз? 

Мемлекеттік тіл БАҚ, білім беру, экономика, саясат барлық салада артықшылыққа ие болу үшін Қазақстан мен Қырғызстанда тілді дамытуға қыруар қаржы салынып, заңға өзгерістер енгізілуде. Түрлі шаралар қолданылуда, Қазақстанда бірнеше жылдан бері латын қарпіне көшу туралы талқыланып жатса, Қырғызстанда мемлекеттік тілді білмейтін қызметкерлерге айыппұл салу ұсынылды. Бірақ, айтарлықтай нәтижеге екі ел де жете қойған жоқ.

Сарапшылар пікірінше, оның бірнеше себептері бар — жаңашыл әдістемелердің жоқтығы, мемлекет тарапынан немқұрайлы көзқарас тағы басқа. 

Қанат Тасибеков Қазақстандағы тіл саясаты дұрыс бағытта жүріп жатқан жоқ деп санайды.

Канат Тасибеков

«Өткенде Астанада өткізілген бір телеарнадағы дөңгелек үстелге онлайн қатыстым. Мемлекеттік бағдарлама ұсынылып, графиктер көрсетіліп жатты, онда 2022 жылы Қазақстан халқының 92 пайызы қазақ тілін меңгерген деп айтылды, ал 2025 жылы ол көрсеткіш 95 пайызға жетеді-мыс. Мен бұл өтірікке шыдамадым, жарылып кете жаздадым: «Егер өзімізді өзіміз алдасақ, бұл мәселені ешқашан шеше алмаймыз. Ал біз көрермендердің көз алдында жалған айтып отырмыз ғой?», деп салдым. Осыдан кейін мені телеарналарға шақырмайтын балды», — деп күйінеді Қанат Тасибеков.

Тасибековтың пікірінше, мемлекеттік тілді дамыту ісінде билік пен азаматтық қоғам өкілдері жұмылып әрекет етсе нәтиже мен жетістікке жетуге болады. Алайда қазір олай болмай тұр.

«Қолында билік пен ақшасы бар мемлекеттік шенеуніктер не жасап жатыр бұл мақсатта? Ақшаны «жейді». Ал қаражат қайда және қалай жұмсалып жатыр, сурауы жоқ. Тілдерді дамыту комитеті бар, бірақ менің олармен ешқандай байланысым жоқ. Өйткені олар мені мүлде елемейді, мені жоқ деп есептейді. Егер мен депутат болсам, барлық мемлекеттік балабақша мен бастауыш мектептерді қазақ тіліне көшірілуін талап етер едім. Сол кезде бәрі өзгереді», — деп түйіндеді Қанат Тасибеков.

Зайнидин Курмановтың пікірінше, Қырғызстанда әлі күнге дейін қырғыз тілін оқыту әдістемесі жоқ. Ол өз балаларын бастауыш сыныптан бастап оқытуға тырысты, бірақ онысы сәтсіз болды.

Зайнидин Курманов. Фото Kloop.kg

«Әлі күнге дейін оқыту әдістемесі жоқ. Мен балаларымды қырғыз мектебіне кішкентайынан ана тілін меңгереді деген үмітпен ауыстырғанмын кезінде. Ұлым 4 сынып, қызым 2 сыныпта оқып жүрген кез еді. Мұғалім балалармен үйде қырғыз тілінде сөйлесіңіздер, балалар қоңырауда бір-бірімен орысша сөйлеседі деді бір күні.
Ұлым маған әлі күнге дейін: «Мен қай жерде оқыдым? Не үйрендім?» деген сұрақ қояды. Оқыту деңгейі өте төмен болды.

Қырғыз мектебін бітіргендер даму деңгейі жағынан артта қалып отыр. Өйткені қырғыз тілі араласу тілі емес, грамматикасы дұрыс жолға қойылмаған. Қырғыз тілінің мұғалімдері көбінесе көпбалалы аналар, қиналып жүрген, өмірден қажыған адамдар, олар оқытпайды, тек түр көрсетеді.

Сондықтан тіпті ауыл тұрғындары да балаларын орыс мектебіне беруді жөн санайды. Олар кемінде бәсекеге қабілетті болып шығады, ең болмаса бір нәрсе білетін болады», — дейді Зайнидин Курманов.

Жаныл Туменбаева

Қырғыз тілін мектептерде сапасыз оқыудың басты себебі Білім беру министрлігінің әрекетсіздігі, деп санайды Жаныл Туменбаева. 

Қырғыз мектептерде сапасыз оқыудың басты себебі Білім беру министрлігінің әрекетсіздігі, деп санайды Жаныл Туменбаева. 

Нурбек Токтакуновтың пікірінше, қазір елде қырғыз тілін үйрену үшін қырғызша әдебиет, әлеуметтік желілер, БАҚ болғанымен курстар жетіспейді.

Нурбек Токтакуновтың пікірінше, қазір елде қырғыз тілін үйрену үшін қырғызша әдебиет, әлеуметтік желілер, БАҚ болғанымен курстар жетіспейді.

Нурбек Токтакуновтың

«Курстар, әдістемелер, оқу жоспарлары жеткіліксіз. Ғылыми, әдеби тіл туралы айтсақ, қырғыз тілі ауыр дертке ұшыраған сияқты. Тіл жоқ болып кетуі мүмкін. Мен осыдан қорқамын.

Билік қырғызша сөйлеуге мәжбүрлеуге тырысып жатыр, айыппұл салып, белсенділер түрлі әрекетерге көшіп тіл білмейтіндерге беттеріне басады, бұның бәрі тиімді емес. «Кыргызча суйло» ұраны пайда әкелмейді. Қырғыз тілі даму үшін, жазушылар кітаптарын қырғыз тілінде жазып халықтың олардың түпнұсқасын окуға ынтасы болуы керек. Қырғыз тілінде түсірілген фильмдерді халық қырғызша көруге қызығушылық танытуы керек. 

Сонымен қатар, толықтай қырғыз тіліне көшу үшін орыс тілін шектету керек, бірақ бұл қатты жарақатты болмауы тиіс. Медицина, заң салалары қырғызша сөйлеуі керек. Философия да қырғызша сөйлеу керек. Тіршілік мәселелері қырғызша айтылуы тиіс. Мен ғылым академиясына, мемлекеттік тілді дамыту комиссиясына өз ұсыныстарымды айтқан едім. Олар менімен келіседі, бірақ әзірге айыппұл енгізумен және қырғыз тіліне өтуге мәжбүрлеумен айналысуда», — дейді Токтакунов.

Өз кезегінде Владислав Тен тілді дамыту үшін жұмсақ тәсіл ұсынады:

«Қазақ тілін мектептерде оқыту технологиясын өзгерту керек. Оны орыстілділерге шет тілі ретінде үйрету керек. Балаларды қазақ балабақшасына беру керек, ол жерде бәрі тек қазақша болуы тиіс. Сонда бала жеті жасында қазақ тілінің иесі болып қалыптасады. Мен тіл мәселенін осылай шешуге болады деп ойлаймын».

Қазақстандық белсенді Александра Мыскина, қазақ тілін өз бетінше үйренген, былтырғы жылы Бішкекте өткен «Ынтымақ» апталығында ол ұлттық тілдердің мәселесін талқылауға қатысқанын айтты.

Александра Мыскина

«Қырғызстанда әріптестеріміз ерекше пікірталас алаңын құрды, онда бірқатар өте маңызды мәселелер, оның ішінде ұлттық тілдер мәселесі талқыланады. Мемлекеттік тілді үйрену арқылы, қоғамда оның толық қолданылуын қамтамасыз ету, этносаралық тілге айналдыру және адамдарды біріктіретін жағдай жасау арқылы қоғамды біртұтас азаматтық ұлтқа біріктіру мәселесі Қазақстан мен Қырғызстанға тең мәселе. Екі ел де көпұлтты мемлекет, біз бір-бірімізді түсінуіміз керек.

Өткен жылы қатыстым сол шараға, Қазақстанда бұл мәселе қалай шешіліп жатыр, қоғамның оған тартылуы туралы айттық. Сонда мен танқалғаным, Қырғызстанда сөзден іске көшіп, шешімдер тез қабылданады екен. Біз үш жыл бұрын кездескенде талқылау үстінде едік, әлі де солай. Ал Қырғызстанда әріптестеріміз жоба ұсынып, оны іске асыруға кірісіп кетті. Онда білім беру жүйесінің жұмысы өте жақсы жолға қойылған. Қырғызстанда қоғам мен билік тығыз жұмыс істейді.

Қазақстанда билік азаматтық қоғам өкілдеріне құлақ асуы керек, себебі қоғамда көптеген жақсы идеялар пайда болады. Оларды жүзеге асыру үшін қолдау қажет. Осы қолдауды, әрине, мемлекет тарапынан күтеміз», — дейді Александра.

Александра Мыскинамен сұқбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз. 
ҚОРЫТЫНДЫ  

Қазақстан мен Қырғызстанда тіл сәйкестігін қалпына келтіру жолы — бұл тек грамматика түзеу немесе сөздіктер шығару емес. Бұл шыққан тамырмен байланыс орнату, отарлау салдарын жою жолы. Сондықтан бүгінде билік пен азаматтық қоғам алдында тұрған міндет — тілді үйреніп қана қоймай, тілге мәдениет, ойлау және өзін-өзі танудағы басты рөлін қайтару. Біздің кейіпкер мен сарапшылар айтып өткендей объективті себептермен қатар, тарихи контекст бар — ортақ кеңес заман тарихы және ондаған жылдар бойы орыстандыру саясаты. 

Қазақ және қырғыз тілдері қайратты және кең таралу  үшін  өз елінің тәуелсіздігін құрметтейтін әрбір азамат бұл үлкен шаруаға атсалысуы қажет. 

Мақаланы дайындауға Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан)
және Лейла Саралаева, Даяна Оселедко (Қырғызстан) қатысты.

Эта статья на русском языке по ссылке ниже:

«Отарлаудың ақтаңдақтары» жобасының басқа жарияланымдарын 
мына сілтемелер бойынша таба аласыздар:

ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»

_

В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.

_

«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.

_

Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.