«Путчтан кейін бірден, 31 тамызда Қырғызстан өз тәуелсіздігін жариялады,
ал Қазақстан КСРО-дан ең соңғы болып шықты».
Дос Көшім, Қазақстан қоғам қайраткері
«Тәуелсіздік жарияланған кезде мен қуаныштан көз жасымды ұстай алмадым…
Қырғызстан әйтеуір бір тәуелсіз болады деп армандайтынмын».
Зайнидин Курманов, Қырғызстан тарихшысы
Биыл 70 жылдан астам Кеңес Одағы құрамында болған Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Бұл уақытта екі көрші ел басынан әртүрлі жағдайды өткерді.
«Тәуелсіздік 2.0» жобасы аясында екі редакция — «Республика» (Қазақстан) және «Новые лица» (Қырғызстан) — КСРО-ның бұрынғы екі республикасының Кеңес заманынан кейінгі қалыптасуын зерттейді.
Топтаманың алғашқы мақаласында 1991 жылғы тамыз путчы кезінде екі ел билігінің қандай әрекет еткенін, президенттік сайлаулардың қандай жағдайда өткенін, тәуелсіз баспасөз бен саяси партиялардың қалыптасқанын және сол жылдары жалпы жағдайдың қандай болғанын баяндалады.

ГКЧП Одақтың ыдырауын жеделдетті
1991 жылы 19 тамызда Мәскеуде путч басталды: КСРО-ның жоғары лауазымды консервативті басшылары Михаил Горбачевті биліктен шеттету, КСРО-ны сақтап қалу және Егемен мемлекеттер одағын құру туралы шартқа қол қоюға жол бермеу мақсатында Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитетін кұрды.
Ақырында мемлекеттік төңкеріс сәтсіз аяқталды: ол бар болғаны үш күнге созылып, «тамыз путчы» деген атауға ие болды. Одақтас республикалар үшін бұл бетбұрыс кезеңге айналды — одан кейін «егемендіктер шеруі» жедел қарқын алды.

Белгілі қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис 1991 жылы Қазақстанның Социал-демократиялық партиясының жауапты хатшысы болған. ГКЧП кезіндегі ахуал есінде жақсы сақталып қалған екен.
Теледидардан әдеттегідей төтенше жағдай кезінде «Лебединое озеро» (Аққу көлі) берілетін балетін көрген соң, ол серіктесі Сергей Злотников екеуі қалалық атқару комитетіне (горисполком) жедел барып, басшылар реакциясын және олардың төңкеріске қатысты жоспарларын білмек болады. Алайда кезекші милиционерлер оларды қуып жібереді.
Содан кейін олар «Жалын» журналының редакциясында редактор әрі ақын Мұхтар Шахановпен кездесіп, тарихи мәлімдемеге қол қояды.
«Біздің идеямыздың бірі — путчқа қарсы мәлімдеме қабылдау және мүмкіндігінше оған Орталық Азия елдерінің демократиялық күштерін қол қойдыру болды. Біз таныстарымызбен байланысқа шықтық: Қырғызстанда Топчибек Тұрғұналиевпен, Тәжікстандағы адамдармен, тіпті сол кезде Түрікменстанда да демократиялық қозғалыс болған. Барлығымыз осы мәлімдемеге қол қойып, оны телефонограмма арқылы Мәскеуге жібердік. Кейін оны Ельцин броневиктен оқып берді», — деп еске алады Евгений Жовтис.
Қамауға алынудан қауіптенген социал-демократтар жасырын әрекетке көшті: құпия пәтерде түнеп, листовкалар басып шығарып, қауіпке қарамастан оларды көшеде таратты.
«Қазір бұл ісіміз бір балалық сияқты көрінеді, бірақ кезінде біз бұны азаматтық ұстанымымыз деп қабылдадық», — дейді Жовтис.
Евгений Жовтиспен толық сұхбатты мына сілтеме бойынша көре аласыз
Қазақстанның Социал-демократиялық партиясының тең төрағасы Дос Көшім путч күндері тек олардың ұйымы ғана ГКЧП-ға ашық қарсы шыққан дейді. Совет үкіметіне жұрт қарсы болғанымен, алаңға шығуға ешкім дайын болмады, ал Нұрсұлтан Назарбаев бастаған билік бірдеңені күтіп анық ұстаным танытпады.
Көшім Назарбаевты «тәуелсіздік негізін қалаушысы» деген ресми мифті жоққа шығарып, оның «Красная звезда» газетіне берген сұхбатында КСРО-ны сақтауды қолдағанын еске салады. Оның пікірінше, Назарбаев нақты шешім қабылдаудың орнына «сабыр сақтауға» шақырып, әлсіздік танытты.
Дос Көшим сұқбаты мына сілтеме бойынша
Дос Көшімнің айтуынша, көрші Қырғызстанда, президент Асқар Ақаев пен ІІМ басшысы Феликс Кулов ГКЧП-ға ашық қарсы шығып, ал Қырғыз демократиялық қозғалысының жетекшілері (Т. Тұрғұналиев және басқалар) қарсылық білдіріп, қарулы күреске дайын екендерін мәлімдеді.
Шынында да, ГКЧП жарияланғаннан кейін Асқар Ақаев өткізген кеңесте пікірлер екіге бөлінді. КГБ төрағасы Асанқұлов армия мен құқық қорғау органдарының адалдығына сүйене отырып, путчистерді қолдауды ұсынды. Алайда ІІМ басшысы Кулов бұған қарсы шықты. Нәтижесінде Ақаев Асанқұловты қызметінен босатты.
Феликс Куловтың естеліктеріне қарағанда, егемендікті қорғау үшін астанаға апаратын барлық жолдар жабылды: Боом шатқалында Рыбачье бөлімшесінен танкілер өтпеуі үшін үлкен тастар дайындалды.
Кант пен «Манас» әуежайларында десант түсуіне жол бермеу үшін ұшу-қону жолақтарын істен шығару жоспарланды. Панфилов дивизиясының командиріне Кулов оның офицерлерінің отбасылары дәл сол маңда тұратынын ескертіп, үкімет үйін атқылау қаупіне қарсы тұрды. Белсенділер қарулы қарсылыққа дайын болғанымен, ішкі істер министрі қантөгіссіз әдістерді талап етті — қажет болса, танкі шынжырларын ломмен бұзу туралы айтылды.
«Республиканың тағдыры қыл үстінде тұрды: егер Мәскеудегі путч сәтті аяқталғанда, Қырғызстан КСРО құрамында қалар еді. Алайда жүйе ыдырау алдында тұрды, Одақ бұрынғы күйінде өмір сүре алмайтын еді», — деп еске алады қырғыз саясаткері Исхак Масалиев.
Исхак Масалиев сұқбаты мына сілтеме бойынша.
Қазақстанда да, Қырғызстанда да кез келген жағдайға дайын адамдар жетерлік еді.
Дос Көшім путч сәтсіз аяқталғаннан кейін он күн өткен соң Алматы қалалық атқару комитетінен төтенше жағдай енгізу және барлық демократтарды тұтқындау туралы құжат табылғанын айтады. Құжатқа қала атқару комитеті төрағасының орынбасары Виктор Храпунов қол қойған екен. Бұл құжат путчистер жеңген жағдайда қолдануға немесе жеңілген жағдайда жоюға арналған «сақтану» құжаты еді.
Бұны алдыға тартқан белсенділер телеарна журналистерімен қала басшылығының кабинетіне кіріп барады. Заманбек Нұрқаділов алдымен оларды «террористер» деп атағанымен, кейін бұл жағдайды тексеру үшін комиссия құруға уәде берді. Бірақ іс ақыры жабылып қалды.
«ГКЧП бұрынғыдай күшпен бәрін шешкісі келді. Бірақ қоғам өзгерген. Сондықтан халықтың қолдауының арқасында Ельцин Мәскеуде өз позициясын сақтап қалды. Ал кеңес халқы еркіндік пен демократияны таңдады», — дейді қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов.
Зайнидином Курманов сұқбаты мына сілтеме бойынша.
Тәуелсіздік декларациясы: қуаныш пен қорқыныш
Путчтан дәл он күн өткен соң, 1991 жылы 31 тамызда Қырғыз Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы декларация қабылдады.
«Тәуелсіздік жарияланған кезде мен қуаныштан көз жасыма ерік бердім. Тарихшы ретінде бір күні Қырғызстан тәуелсіз болады деп армандайтынмын, — дейді Зайнидин Курманов. — Бірақ менің таныстарымның арасында қайғырғандар да болды. Олар коммунизмді ел үшін ең жақсы жүйе деп есептейтін».
Тәуелсіздік жариялануымен қатар республикада Коммунистік партияны тарату туралы қаулы қабылданды. Бұл шешімді депутаттар толық қолдады.
«Партия элитасы арасында бұл әртүрлі реакция туғызды: қорыққандар да болды, бірақ көпшілігі жағдайды сабырмен қабылдады», — деп еске алады саясаткер әрі Қырғызстан Коммунистер партиясының төрағасы Исхак Масалиев.
Ал, Қазақстан КСРО құрамынан ең соңғы болып шықты. Республика билігі тәуелсіздігін 1991 жылғы 16 желтоқсанда жариялады.
«Назарбаев әрқашан Одақты сақтап қалуды ойлайтын. Кеңес Одағын басқа форматта сақтау идеясы болды, және ол осыны соңына дейін ұстанды, Одақ сақталады деп үміттенді, бірақ ол ыдырады, содан кейін бізде басқа таңдау қалмады, сондықтан біз тәуелсіздікті ең соңғы болып жарияладық», — дейді Дос Көшім.
Президент сайлаулары қалай өтті
1991 жылы 12 қазанда Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Сайлау баламасыз болды: бюллетеньге тек Асқар Ақаевтың есімі енгізіліп, «Иә» және «Жоқ» деген жауаптар ұсынылды. Нәтижесінде сайлаушылардың 95,3%-ы Ақаевқа дауыс берді.
Қазақстанда президент сайлауы сол жылы 1 желтоқсанда өтті, жалғыз кандидат Нұрсұлтан Назарбаев болды.
Бастапқыда кандидат болуды жоспарлаған белгілі ақын Олжас Сүлейменов кейін сайлауға қатысудан өз еркімен бас тартты, ал «Желтоқсан» қозғалысының жетекшісі Хасен Қожахмет сайлауға жіберілмеді.
Кейін Қазақстанның тарих оқулықтарында Қожахмет жеткілікті қол жинай алмағаны жазылады, алайда оның айтуынша, оған мұндай мүмкіндік берілмеді.
«Сайлау жарияланды, біз ЦУМ маңына киіз үйлер тігіп, штаб құрдық, қол жинай бастадық. Бір ай ішінде 100 мың қол жинау керек еді. Бірақ бір аптадан кейін түнде милиция келіп, киіз үйлерді бұзып, барлық қол жинау парақтарын алып кетті. Себебі қол жинау мерзімі қысқартылғаны туралы жарлық шықты», — деп еске алады Хасен Қожахмет.
Хасен Қожахмет сұқбаты мына сілтеме бойынша.
Дос Көшім және Евгений Жовтистің пікірінше, бұл сайлауларды демократиялық деп атауға болмайды. Барлық үдерісті сайлау комиссияларындағы кеңестік кадрлар бақылап отырды, ал қарсыластар әкімшілік ресурстар арқылы шеттетілді.
Соған қарамастан, Жовтис, Назарбаев қысымсыз-ақ жеңіске жетуі мүмкін еді, өйткені сол кезеңде халық әлі де жүйеге сенетін, дейді.
Осылайша Нұрсұлтан Назарбаев 98,78% дауыс жинап, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы президенті болды.
Айта кету керек, президенттік институты КСРО реформалары аясында енгізілген болатын, және одақтас республикалардың көпшілігінде алғашқы президенттері бұрынғы коммунистік партиялардың бірінші хатшылары сайланды. Назарбаев та солардың бірі еді — ол 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР-інің президенті болып сайланған.
Қырғызстанда жағдай сәл өзгеше болды. Қырғыз Компартиясы Орталық комитет басшысы Абсамат Масалиевке президент болу үшін небәрі төрт дауыс жетпей қалды.
Бұл жағдайды оның ұлы Исхак Масалиев былай деп еске алады:
«Абсамат Масалиев президенттік институтты енгізу идеясын күмәнмен қабылдады. Ол Назарбаев пен Каримов сияқты Одақта тек бір ғана президент болуы керек деген пікірді ұстанды».
Қырғызстанда 1990 жылы 27 қазанда сайлау өткізу туралы шешім қабылданды. Негізгі кандидаттар Масалиев пен министрлер Кеңесінің төрағасы Апас Жұмағұлов болды. Келісім бойынша Жұмағұлов дауыс беру күні кандидатурасын алуы керек еді, бірақ ол уәдесінде тұрмады.
Нәтижесінде дауыстар теңдей бөлініп, Масалиевке небәрі төрт дауыс жетпей қалды. Бірнеше нәтижесіз турдан кейін басқа кандидат — Асқар Ақаев жеңіске жетті.
Тарихшы Курмановтың пікірінше, Ақаевтың жеңісіне екі фактор әсер етті:
«Біріншіден, Шыңғыс Айтматовтың қолдауы үлкен рөл атқарды. Ол сол кезде бейресми рухани көшбасшы еді, ол Ақаевтың кандидатурасын ұсынды. Екіншіден, Ақаев «жаңа формацияның» адамы болды: жас, жігерлі ғалым, Ленинград университетінің түлегі. Депутаттар интеллект пен заманауи көзқарасқа сенім артты, бірақ уақыт көрсеткендей, керемет ғалым орташа саясаткер болып шықты».
Республикалар дербестікке дайын болды ма?
Екі елде тәуелсіздік жарияланғаннан кейін халықты жаппай масаттану сезімі баурап алды, алайда қиындықтармен бетпе-бет келгенде бұл сезім сейіле бастады. Өйткені республикалар өз экономикаларын және саяси басқару жүйесін құру қажет болды.
«Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүруге ешқандай дайындық болған жоқ. Барлығы бұрынғыдай қалды: сол құрылым, сол адамдар. Тек гимн, елтаңба, ту сияқты атрибуттар ғана өзгерді. Облыстарды бұрынғыдай обкомдардың бірінші хатшылары басқарды, тек кабинет сыртындағы жазулар өзгертіліп, олар облыс әкімі деп атала бастады… Өзгерістердің сипаты осындай болды. Барлығы бұрынғы күйінде қалды: министрліктер, басшылар, адамдар, басқару жүйесі. Тек сыртқы келбет өзгерді», — дейді Дос Көшім.
Тарихшы Курмановтың айтуынша, Қырғызстан Одақ ыдырағаннан кейін индустриясыздандыруға тап болды:
«Аграрлы-индустриялық республика аграрлы-шикізаттық елге айналды. Экономикалық қиғаштық өте үлкен болды: астана ретінде Фрунзе ЖІӨ-нің 80%-ын өндірді, бұл ауылдан қалаға жаппай көші-қонды күшейтті».
Өндірістік тізбектердің үзілуі Қырғыз КСР-інің өнеркәсібін күйретті, ол негізінен КСРО-ның қорғаныс секторына бағытталған еді.
«Бұрын республика 50 елге өнім экспорттайтын (оның ішінде жүк көліктері де болды), ал 1991 жылдан кейін байланыстар үзілді, зауыттар тоқтап қалды. Ауыл шаруашылығы да құлдырады: өңдеудің орнына біз тек арзан шикізат сататын болдық — кеннен бастап жуылмаған жүнге дейін. Ел тез арада кедейге айналды», — дейді Курманов.
Ұқсас процестер Қазақстанда да жүріп жатты.
«Алғашқы жылдары жағдай жаппай күйреуге дейін жетті. Себебі бір республикада бір өнім өндірілсе, оған қажетті бөлшек басқа республикада жасалатын, үшінші елде құрастырылатын. Байланыстардың бәрі үзілді, жаңа байланысты тез арада орнату мүмкін болмады. Бізде өндіріс жоқ еді, біз негізінен шикізат елі болдық. Ұсақ өндірістер ғана болды — шұлық фабрикалары секілді және т.б. Тіпті аяқ киім өндірілсе де, оның бауы басқа жерден, табаны немесе шегелері Беларусьтен әкелінетін», — деп еске алады Дос Көшім.
КСРО ыдырағаннан кейін жұмысшы табы — кеңестік жүйенің негізі — ең осал топқа айналды. Зауыттар жабылып, мыңдаған білікті мамандар жұмыссыз қалды.
«Тек Фрунзенің өзінде 20 мың адам жұмыссыз қалды; олардың көпшілігі пәтерлерін арзанға сатып немесе тастап, Ресейге көшіп жатты. Жабайы капитализм жағдайында өндіріс адамдары емес, сауда жасай алатындар қажет болды. Өмірін өнеркәсіпке арнаған адамдар артық тапқа айналды», — дейді Исхак Масалиев.
Қазақстанда да дәл осындай жағдай орын алды. Алғашқы жылдары шахтерлерге жалақы төлеуге ақша болмады. Әйелдер күн көру үшін ала дорба арқалап, сауда-саттықпен айналысып кетті.
«Сол кезде мен ҚазПИ-де оқытушы болып жұмыс істедім, айына шамамен 25 доллар алатынмын, ал бұл Америкада бір бифштекстің бағасы еді», — дейді Дос Көшім.
Екі республикада да жаппай көші-қон басталды: басқа ұлт өкілдері Ресей, Украина, Германия, Израильге көше бастады, ал ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаларға ағылды.
Жекешелендіру: «қызыл» директорлар олигархға айналды
КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздік алған елдерде мемлекеттік меншік жекешелендіріле бастады. «Қызыл директорлар» мен бас инженерлердің бастарына күн туды десе болады, халықтың 90 пайызымен салыстырғанда, олар жекешелендірудің мәнін, бағалы қағаздарды және экономикалық механизмдерді жақсы түсінетін еді.
Қарапайым халық ваучерлерін өз баспаналарын жекешелендіруге жұмсап жатқан кезде, билікке жақын адамдар мемлекеттік активтерді арзанға сатып алып, зауыттар мен фабрикалардың иесіне айналды.
Евгений Жовтис Қазақстандағы жекешелендірудің қалай өткенін былай еске алады:
«1995 жылы ірі мемлекеттік кәсіпорындар жекешелендірілді. Халыққа олар бүкіл кеңестік өндірістің иесі боласындар деп айтылды. Бірақ іс жүзінде бұл мүлік билікке жақын адамдардың қолына өтті».
Тарихшы Курмановтың пікірінше, бұл процесс халыққа түсіндірілмеді және әділ өткен жоқ.
«Кеше ғана зауыт басқарғандар оларды базарлар мен қоймаларға айналдырды, кейін шетелдік капитал келген соң үлкен пайда тапты. Осылайша Қырғызстанда олигархия қалыптасып, қоғамда терең әлеуметтік алшақтық пайда болды», — дейді ол.
Исхак Масалиев те жекешелендіруді әділетсіз деп санайды:
«Жаңа иелер үшін басты құндылық станок емес, жер мен металл сынықтары болды. Мысалы, Ош комбинаты небәрі 400 мың рубльге сатылды. Бұл әділетсіз жекешелендіру қоғамды бөлшектеді».
Еркін баспасөз: эйфориядан түрмеге дейін
1990-жылдар басында Қырғызстан мен Қазақстанда тәуелсіз журналистиканың қалыптасу кезеңі басталды.
1992 жылы қырғыз журналисі Замира Сыдыкова алғашқы тәуелсіз газеттердің бірі — «Республика» газетін ашты. Бұл басылым жаңа саяси элита үшін мінберге айналды. Заң жобалары мен бастамалар, жас саясаткерлер Текебаев, Тұрғұналиев, Малумаров және басқалар осы газетте жарияланып тұрды. Алайда жаңа билікке деген сенім тез басылды. Сыни материалдар пайда бола бастады.
Замира Сыдыковамен сұқбат мына сілтеме бойынша.
Батыл болсаң жаза көп күттірмей келеді. Сыдыкова екі рет қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алғашқы рет 1994 жылы Ақаев отбасының Швейцариядағы вилласы туралы мақала үшін шартты жаза алды. Екінші мәрте 1997 жылы «Алтын» концерні туралы зерттеу үшін бір жарым жылға сотталды.
Бірақ, ел ішінде наразылық және халықаралық қысымның арқасында ол үш айдан кейін босатылды.
«Кейін билік тактикасын өзгертті: түрменің орнына миллиондаған айыппұлдармен қыса бастады. Қарыпқұловқа 5 мың доллар айыппұлды өтеу үшін біз редакцияда қаламдармен блокноттар сатып аукциондар өткізетін едік», — деп еске алады Сыдыкова.
Оның пікірінше, тәуелсіз БАҚ Қырғызстан егемендігін қуруға, демократиялық өзгерістерде маңызды рөл атқарды.
Осы кезеңде Қазақстанда да тәуелсіз басылымдар пайда бола бастады. Кейбір зерттеушілердің айтуынша, Қазақстандағы бейресми баспасөз, мысалы, Балтық жағалауы республикаларымен салыстырғанда, баяу дамыды.
Зерттеушілер Қазақстандағы алғашқы бейресми басылым ретінде самиздаттық «Альтернатива» журналын атайды. Кейін «Алматинский вестник», «Вестник» және «Свободное слово» басылымдары пайда болды. Ал бейресми қозғалыс үшін ең ірі оқиға «Мнение» газетінің шығуы болды, ол кейін қазақстандық баспасөз зерттеушісі Андрей Свиридовтың жетекшілігімен тіркелген «С-Демократ» газетіне айналды.
1990-жылдардың басында бейресми қозғалыс белсенділері Александр Поляков пен Сергей Злотников «Ракурс» атты самиздат журналын шығара бастады.
Осы және басқа да басылымдар кейін «Азат» және «Аманат-Избиратель» сияқты тәуелсіз газеттердің пайда болуына негіз болды.
1990-жылдардың басында алғашқы тәуелсіз телеарналар мен газеттер пайда болды: «КТК», «Тан», «Караван», «Панорама». Кейінірек, 1990-жылдардың ортасы мен соңында және 2000-жылдардың басында «Время», «Республика» және басқа да басылымдар жарық көрді.
Қазақстан баспасөз зерттеушісі Андрей Свиридов 1992–1996 жылдарды «БАҚ еркіндігі кезеңі және үлкен қысымның басы» деп сипаттайды.
«1985–1987 жылдардан бастап тәуелсіз баспасөзінің өрлеуі басталды. Режим жұмсарып, догмалар жойылды, өзгеше ойлағандарды қудалау тоқтады, соның нәтижесінде пікір алуандығы дамыды. 1990-жылдардың басында тәуелсіз газеттер саяси реформаларды, экономикалық өзгерістерді және адам құқықтары мәселелерін талқылайтын алаңға айналды. Бұл процесс 1991–1992 жылдары шегіне жетіп, кейін құлдырай бастады. Себептер көп. Бірақ ең бастысы — біздің ескі-жаңа билік билік сынағына төтеп бере алмады деп ойлаймын. Бұл адамдар билікке келгенде немесе билікті сақтап қалған кезде өркениетті әлемде қабылданған жаңа ережелермен жұмыс істегісі келмеді», — деп есептейді Свиридов.
Қорытынды
Қазақстандағы тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елдің әрі қарай дамуына негізін қалаған маңызды саяси оқиғалармен ерекшеленді.
Осы тұрғыда ел дамуының бетбұрыс кезеңі 1995 жыл болды. Дәл сол жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңесті таратып, жаңа Конституцияны енгізді және өзіне толық бағынышты парламент қалыптастырды. Осылайша суперпрезиденттік басқару жүйесінің негізі қаланды.
Тарихшы Зайнидин Курмановтың сөзіне қарағанда, посткеңестік саясаткерлер ескіні қиратып, жаңа жүйені толыққанды құра алмады:
«Біз демократия тұрғысынан Балтық елдерін айтпағанда бұрыңғы Совет Одағының республикалары арасында озат болдық. Алайда бұл жетістіктерді пайдаға асыра алмадық, соның салдарынан авторитарлы елдерді қоса алғанда, барлық көршілерімізден артта қалдық».
Евгений Жовтистің пікірінше, шынайы тәуелсіздік саналық деңгейде кеңестік санадан толық арылған кезде ғана қалыптасады:
«Біз әлі күнге дейін қоғам мен мемлекет арасындағы қатынастардың сол баяғы кеңестік парадигмасында, сол институционалдық жүйеде өмір сүріп келеміз».
Дос Көшімнің айтуынша, біз тек заң жүзінде тәуелсізбіз:
«Біз тәуелсіз үшін күрескенде алдымызда екі мақсат тұрды. Біріншісі — ұлттық болмысты сақтау, Қазақ мемлекетін құру. Екіншісі — әділетті демократиялық қоғам қалыптастыру. Бірақ бүгінгі күні бұл екі мақсаттың біріне де толық жете алмадық».
Сарапшылардың пікірінше, 35 жылдан кейін толыққанды тәуелсіздік туралы айту қиын.
Мақаланы дайындағандар: Назира Дәрімбет, Юлия Козлова,
Оксана Макушина (Қазақстан) и Лейла Саралаева (Қырғызстан)
БОЛЬШЕ оперативных и важных НОВОСТЕЙ в нашем Telegram-канале:
https://t.me/respublikaKZmediaNEWS и https://t.me/RESPUBLIKAexpertKZ
ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»
В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.
«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.
Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.




