Home Анализ Үш төңкеріс және бір транзит: Қазақстан мен Қырғызстанда президент билігі қалай ауысты

Үш төңкеріс және бір транзит: Қазақстан мен Қырғызстанда президент билігі қалай ауысты

Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда билік небәрі бір мәрте ауысты және ел тек екінші президентке ие болды. Ал көршілес Қырғызстанда мемлекет басшысы алты рет ауысты, оның үшеуі төңкеріс арқылы билікке келді.

«Тәуелсіздік 2.0» жобасы аясында «Республика» (Қазақстан) және «Новые лица» (Қырғызстан) журналистері бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы екі республиканың тәуелсіздік кезеңіндегі даму жолын зерттеу жасауда.

Төмендегі мақалада Орталық Азиядағы екі елде биліктің қалай ауысқанын және президент сайлаулары туралы айтылады.

Қырғызстанда – алтыншы президент, ал Қазақстанда 
тек екінші. Неге?

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері елде президент сайлауы жеті мәрте өтті. Алғашқы сайлау 1991 жылдың желтоқсанында өткен еді. Кейін кезектен тыс президент сайлаулары 1999, 2005, 2011, 2015, 2019 және 2022 жылдары өтті. 2019 жылға дейінгі барлық сайлауда тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев жеңімпаз атанып отырды. Ол билікті Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаннан кейін, президент сайлауларында тұрақты түрде Тоқаев жеңіске жетіп келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев және Қасым-Жомарт Тоқаев. 2019 жыл

Ал Қырғызстанда осы уақыт аралығында тоғыз президенттік сайлау науқаны өтті. Алайда бұл кезеңде ел билігі бес рет ауысты: оның екеуі бейбіт жолмен жүзеге асса, үшеуі «төңкеріс» нәтижесінде.

  • Кландық басқаруға және парламенттік сайлаудағы бұрмалаушылыққа қарсы жаппай наразылықтар 2005 жылдың наурызында «Қызғалдақ революциясына» ұласты. Нәтижесінде тұңғыш президент Асқар Ақаев елден кетуге мәжбүр болды, ал билікке Құрманбек Бакиев келді.
  • 2010 жылдың сәуірінде сыбайлас жемқорлық пен бағаның күрт өсуіне байланысты болған халық толқуы «Сәуір революциясына» айналды. Президент Құрманбек Бакиев биліктен құлатылып, елден кетті. Қырғызстан парламент-президенттік басқару нысанына көшті.
  • Кейін Қырғызстанда билікке Роза Отынбаева жетекшілігінде Уақытша үкімет келді. Ал 2011 жылғы сайлауда Алмазбек Атамбаев президент болып сайланды. 2017 жылғы сайлаудан кейін ол билікті өзінің жақтасы Сооронбай Жээнбековке тапсырды. Алайда Жээнбеков билікте үш жылдан аз уақыт қана отырды.
  • 2020 жылдың қазан айында парламенттік сайлаудан кейін, оппозиция оның нәтижелері бұрмаланды деп таныған соң, елде жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Соның салдарынан Сооронбай Жээнбеков отставкаға кетіп, оның орнына Садыр Жапаров келді.

Қазақстанда президент сайлауы тұрақтылық жағдайында өтіп жатты, ал Қырғызстанда әрбір президенттің билікке келуі төңкеріс немесе жаппай халық толқуымен қатар жүрді. Алайда Қазақстанда 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасы мен 2022 жылы Қаңтар оқиғасы орын алып, биліктің заңдылығына күмән келтірді.

Ортақ кеңестік тарихы бар, ұқсас саяси режим және ділі бір көрші елде билік неге әртүрлі жолмен ауысты?

«Қырғызстан шағын мемлекет. Онда халық тез жиналып, келісіп, бірлесіп әрекет етуіне мүмкіндік беретін қатынас ерекшеліктер бар. Бұл жағынан ол Грузияға ұқсас. Бір таудан екінші тауға айқайласаң болғаны, адамдар лезде жиналып алады. Саяси үдерістер үшін мұның маңызы өте зор», — деп жауап береді бұл сұраққа қазақстандық саясаткер Владимир Козлов.

Владимир Козлов

Оның пікірінше, тағы бір маңызды себептің бірі — қоғамның құрылымы:

«Қырғызстанда іс жүзінде екі ірі саяси жақ бар — солтүстік және оңтүстік. Ал Қазақстанда жағдай әлдеқайда күрделі. Мұнда жүздер, өңірлік ықпал топтары, кландық құрылымдар және қоғамды жіктейтін көптеген қосымша факторлар бар. Егер Қырғызстанда саяси қақтығыс негізінен екі күш арасында өрбісе, Қазақстанда бір мезгілде көптеген ойыншылар әрекет етеді. Әрдайым сырттан, жоғарыдан немесе төменнен тағы бір ықпал етуші күш пайда болады, бұл кез келген саяси жұмылдыру үдерісін айтарлықтай қиындатады».

Владимир Козловтың пікірінше, Қырғызстан қоғамының жинақтаған саяси тәжірибесі де маңызды рөл атқарды:

«Алғашқы революциялардан кейін Қырғызстанда белгілі бір саяси дағдылар мен әрекет ету үлгілері қалыптасты. Адамдар өз мақсатына қалай қол жеткізуге болатынын түсінді. Өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай дағдылар қалыптасқан жоқ. Мұнда көпшілік өз өміріне тікелей әсер етпейінше өзін саясаттан тыс санайды. Ал саясат олардың өміріне келген кезде, әдетте, тым кеш болып жатады. Сондықтан Қазақстанда саяси үдерістер әлдеқайда баяу әрі шашыраңқы».

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжановтың пікірінше, екі елдегі саяси сценарийлердің әртүрлі болуының негізгі себебі – биліктің шоғырлану деңгейінде.

«Қазақстанда билік шынымен шоғырланып, автократиялық режим қалыптасты. 1995 жылғы Конституция президенттік билікті күшейту үдерісін түбегейлі аяқтады. Ал мұнайдан түскен табыс билікке наразылық танытқан элиталарды өз жағына тартып, олардың арасында елеулі жікке жол бермеуге мүмкіндік берді», – дейді Әлжанов.

Димаш Әлжанов

Әлжановтың айтуынша, Қырғызстанда жағдай билік ресурстарының шектеулі болуынан және өзара бәсекелес саяси топтардың сақталуынан өзгеше өрбіді.

«Биліктің ауысуы және Бакиевтің ұзаққа созылмаған билігі авторитарлық режимнің әлдеқайда әлсіз негізде қалыптасуына алып келді. Сондықтан Қырғызстанда президенттердің ауысуы жиі болды», — дейді Әлжанов.

Бір кездері Қырғызстан Орталық Азиядағы демократияның «аралы» деп аталғанымен, қырғыз сарапшылар пікірінше, елде орын алған «төңкерістер» әділ сайлауға, биліктің өркениетті жолмен ауысуына және басқа да демократиялық өзгерістерге жеткізе алмады.

«Біздің басты жүйелі мәселеміз – ескіні қиратуды жақсы меңгердік, бірақ жаңа дүние құруды үйрене алмадық. Біз жемқор билікті бұздық, алайда оның орнына тиімді мемлекеттік институттарды жедел қалыптастыра алмадық… Олар революция жасады, бірақ одан кейін елді қалай басқару керектігі жөнінде нақты кезең-кезеңімен жасалған жоспары болған жоқ», — дейді қырғыз саясаттанушысы Алмаз Тәжібай, ел тарихындағы сол кезеңдердің бірін еске алып.

Алмаз Тәжібай

Ал Қырғызстан Конституциялық палатаның бұрынғы судьясы, президенттікке кандидат болған Клара Сооронқұлова пікірінше, «революциялар» сәтсіздікке ұшырауының басты себебі – әрбір қырғыз президенті бүкіл билікті өз қолына шоғырландыруға ұмтылуы.

«Биліктің шыңында отырып, сол жерде мәңгі қаламын деп ойлауға болмайды. Өткеннен сабақ алып, халықтың табиғатын терең түсініп, болашақ сценарийлерді болжай білу қажет. Өкінішке қарай, біздің тарихымыз әрбір қырғыз президентінің барлық үдерісті тек өзіне ғана тәуелді еткенін көрсетеді. Соның салдарынан бізде жұмыс істейтін институттар қалыптасқан жоқ, бәрі нақты бір тұлғаға толықтай тәуелді болып қалды, ал қоғам кезекті көшбасшыға табынуға дағдыланды».

«Қызғалдақ революциясы» және саяси 
бәсекелестерді
жою

Қырғызстан мен Қазақстанда президент сайлауы әртүрлі жағдайда өтті. Қазақстандағы сайлау науқандарының басты ерекшеліктерінің бірі – президент сайлауларының басым көпшілігі мерзімінен бұрын өткізілді.

«Олар еш уақытта Конституцияда белгіленген мерзімде өткен жоқ, үнемі ауыстырылып, мерзімінен бұрын ұйымдастырылды. Бұл саяси жүйенің қалай жұмыс істегенін көрсетеді», — дейді Владимир Козлов.

Ең маңызды сайлау ретінде ол 1999 жылы өткен президент сайлауын атайды. Бұл Қазақстан тарихындағы іс жүзінде алғашқы баламалы президент сайлауы болды. Оған Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин, ҚР Кеден комитетінің төрағасы Ғани Қасымов және сенатор Энгельс Ғаббасов қатысты.

«Сол науқан есімде. Әбділдин шынымен де халық арасында айтарлықтай қолдауы бар, өте мықты кандидат болды. Ол беделді, мінсіз адам еді. Мен сол кезде Ақтауда тұрып жаттым, сондықтан Батыс өңірі тұрғындарының басым бөлігі оны қолдағанын білемін. Сайлаудан кейін Маңғыстау облысының әкімі қызметінен кетті, басқа да бірқатар басшылар ауыстырылды.

Менің ойымша, бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең шынайы өткен сайлаулардың бірі болды. Билік Әбділдинді соңғы кезеңде басып озу үшін өте өрескел бұрмалаушылықтарға баруға мәжбүр болды», — деп еске алады Владимир Козлов.

Владимир Козлов сондай-ақ Серікболсын Әбділдиннің саяси салмағы тек оның жеке беделімен ғана емес, сол кезеңдегі саяси жүйедегі рөлімен де байланысты болғанын атап өтті:

«Серікболсын Әбділдин кезінде Жоғарғы Кеңестің төрағасы болғанын ұмытпау керек. Сол уақытта ол Назарбаевқа оппозицияда тұрған орган еді. Сондықтан олардың арасында үлкен саяси текетірес болды. Нәтижесінде Жоғарғы Кеңес таратылып, президенттік билік күшейе бастады».

Серікболсын Әбділдин

Ресми мәліметтерге сәйкес, 1999 жылы 10 қаңтарда өткен президент сайлауында Назарбаев 79,78% , ал Әбділдин 11,7% дауыс жинады.

 Алмаз Тәжібай өз кезегінде Қырғызстанның тұңғыш президенті Асқар Ақаевтың біртіндеп авторитарлық басшыға айналғанын, бұл ақырында «революцияға» әкелгенін еске алады:

«Уақыт өте келе ол өз кланын қалыптастырды. Ел оңтүстік пен солтүстік болып бөлініп, жергілікті мүдделер үшін талас басталды. Оның отбасы шешуші рөл атқара бастады. Туыстары биліктің дәмін сезініп, президентке ықпал ете бастады, оны қызметінде қалуға итермеледі. Оның бүкіл отбасы керемет байып кетті.

Сонымен қатар Ақаевқа көрші мемлекеттер басшылары, атап айтқанда Ислам Кәрімов пен Нұрсұлтан Назарбаев әсер етті.

Осылайша Ақаев либерал саясаткерден біртіндеп авторитарлық басшыға айналды. Әрине, ол қоғамның сенімінен айырылды. Ол өз өкілеттігін бірнеше рет референдум арқылы ұзартты. Алғаш рет бұл 1995 жылы болды. Ол кезде мен студент едім, сол уақытта барлық жоғары оқу орындарының ректорлары мен мемлекеттік кәсіпорын басшылары Ақаевты ашық қолдап, үгіт жүргізді».

Ақаев, Назарбаев, Кәрімов. Фото Кактус.медиа

Саясаттанушы Димаш Әлжанов Қазақстандағы президент сайлаулары туралы айта келе, 1995 жылдан кейін олар бәсекелі сипатынан айырылды деп есептейді.

«Сайлау мен кандидаттарды тіркеуге қатысты заңнамаға енгізілген барлық өзгерістер қоғамды жұмылдырып, билікке қарсы тұра алатын тұлғаларды жібермеу үшін сүзгі ретінде қолданылды», — дейді ол.

Оның пікірінше, сол кезеңде көптеген ықпалды саясаткерлер саяси алаңнан шеттетілді.

«Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбаев сияқты тұлғалар билік үшін қауіп төндірді. Сондықтан оларға қарсы түрлі қысым көрсету және шектеу тетіктері қолданылды, тіпті адам өліміне әкелді », — деп есептейді Әлжанов.

Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбаев (ортада), Заманбек Нұрқаділов, Болат Әбилев

Владимир Козлов бұл пікірмен келіседі. Оның айтуынша, бұл тізімге Қазақстан саясатындағы басқа да танымал тұлғаларды қосуға болады:

«Мұхтар Әблязов, Ғалымжан Жақиянов сияқты және көптеген басқа да тұлғаларды атауға болады. Олардың әрқайсысының саяси тағдыры әртүрлі болды. Бірақ оларды біріктіретін бір нәрсе бар — белгілі бір кезеңде олар дербес саяси ойыншылар ретінде қабылдана бастады».

Ол сондай-ақ 2005 жылғы президент сайлауын, оппозицияның бірыңғай кандидаты Жармахан Тұяқбай қатысқан науқанды еске алады:

«Билік Жармаханды елеулі қарсылас ретінде қабылдады. Оның сайлауалды науқанын бейтараптандыру үшін өте қатаң әдістер қолданылды. Сол кездегі ахуал әлі есімде. Шабуыл, төбелес, арандатулар болды. Іс жүзінде бұл саяси бәсекелестік емес, қылмыстық топтардың есеп айырысуына ұқсас еді».

Козловтың пікірінше, дәл 2005 жылғы президент сайлауынан кейін билік ықтимал бәсекелестерге қатысты ұстанымын түбегейлі өзгертті:

«Әрбір келесі сайлау өткен сайын билік жеңіске жетуге емес, сайлау науқаны басталмай тұрып-ақ мықты кандидаттардың пайда болуына жол бермеуге көбірек күш салды. Бұрын қоғамның қолдауына ие, танымал саясаткерлермен күресуге тура келсе, кейіннен жүйе әлеуетті бәсекелестерді саяси аренаға шықпай тұрып шеттете бастады».

2005 жылдың наурыз айында Қырғызстанда жаппай наразылық шерулері басталды. 24 наурыз күні Бішкектегі Ала-Тоо орталық алаңына мыңдаған адамнан құралған екі шеру бет алды: бірін Алмазбек Атамбаев, екіншісін Темір Сариев басқарды. Алдыңғы қатарда оппозиция жетекшілері жүрді. Наразылыққа шыққандар қолдарына қызғалдақ ұстап, сайлау нәтижелерінің күшін жоюды талап еткен бейбіт митинг өткізуді жоспарлаған еді.

Бұл оқиғалардың түрткісі 2005 жылдың ақпан айында өткен Қырғызстан парламентіне сайлау болды. Билік президентті қолдайтын «Алға Қырғызстан» партиясының, сондай-ақ Ақаевтың балалары – Айдар мен Берметтің жеңіске жетуі үшін әкімшілік ресурсты барынша пайдаланды. Осы мақсатта Бішкекте тәжірибелі дипломат, беделді саясаткер Роза Отынбаева сайлау жарысынан негізсіз шеттетілді.

Роза Отынбаева

Сол уақытты Қырғыз ұлттық университетінде жұмыс істеген Клара Сооронқұлова былай деп еске алады:

«Бізді жұмыстан шығарамыз деп қорқытып, бюллетеньдерді жәшікке тастауға мәжбүрлегені есімде. Мен барлық факультеттердің декандары мен олардың орынбасарлары заңсыздықпен ашық айналысқанын өз көзіммен көрдім. Біз студенттердің сайлауға келуін де қамтамасыз етуге тиіс едік. Бірақ жексенбі күні жастар үйлеріне тарап кеткен… Сондықтан «сайлаушылардың шексіз сүйіспеншілігі» туралы әңгіме болуы мүмкін емес еді, бұл нағыз сайлау нәтижесін бұрмалау еді».

Клара Сооронқұловамен сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз: 

Қырғыз сарапшылар пікірінше, сол кездегі «Қызғалдақ революциясына» бірнеше күш қатысты: жастардың демократиялық «Кел-Кел» қозғалысы, АҚШ қаржыландырған Эдиль Байсалов жетекшілік еткен «Демократия және азаматтық қоғам үшін» коалициясы, біріккен оппозиция (Роза Отынбаева, Өмірбек Текебаев, Алмазбек Атамбаев, Темір Сариев, Азимбек Бекназаров, Феликс Кулов), қылмыстық топтар (ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі Рысбек Ақматбаев өз жасағының «Бакиевті билікке отырғызғанын» ашық айтқан, кейін ол атып өлтірілді), сондай-ақ Бакиевтер әулеті.

Бүгінге дейін бұл оқиғалардың шын мәнінде халықтық революция ма әлде мемлекеттік төңкеріс болғаны туралы біржақты баға жоқ.

«Бұл әулеттік биліктің күшеюіне және Ақаевтың балаларының Жогорку Кеңешке өтуіне қарсы бағытталған халық наразылығы болды. Сол кезде президенттің жеке билігін нығайту үшін парламентке қатты қысым жасалды. 2005 жылғы оқиғаларды халықтық революция деуге болады, өйткені халықтың шамамен 70 пайызы билік режиміне наразылық танытып, Ақаевтан әбден шаршаған еді», — дейді Алмаз Тәжібай.

«Қызғалдақ революциясы» азаматтық қарсылықтың қаншалықты күшті екенін көрсетті. Алайда елде тәуелсіз институттардың болмауына байланысты билікке Құрманбек Бакиев келіп, одан да қатаң авторитарлық режим орнады.

Владимир Путин және Курманбек Бакиев
«Суперхан» жоспары, Уақытша үкімет және 
Алмазбек Атамбаевтың билікке келуі

Шамамен 2009-2010 жылдары Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаев биліктен кеткеннен кейінгі билік транзиті қалай жүзеге асатыны туралы пікірталастар жиілей түсті. Сол кезде сарапшылар қауымдастығында «Суперхан» жобасы туралы әңгімелер айтыла бастады.

2009 жылы «Республика» сайтында АҚШ азаматы, болгар Александр Мирчевтің жетекшілігімен сарапшылар, талдаушылар және саясаттанушылар тобы әзірлеген осы жоспар туралы бірқатар жарияланым жарық көрді. Оның мәнін әзірлеушілер өте қысқа әрі нақты тұжырымдаған мақсатынан аңғаруға болады: «Хан» бағдарламасының мақсаты – билікті сақтау, ал «Суперхан» бағдарламасының мақсаты – биліктен кейін мемлекетті сақтап қалу» еді.

Өзінің «Крестный тесть» атты кітабында Қазақстанның тұңғыш президентінің марқұм күйеу баласы, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызына үйленген Рахат Әлиев бұл жоспарға сәйкес билік отбасы мүшесіне беруді көздегенін жазған еді.

Рахат Әлиев және Дариға Назарбаева

Владимир Козловтың айтуынша, бұл тақырыптың төңірегінде әрдайым көптеген қауесет пен бір-біріне қайшы ақпарат болған.

«Оның мәні, Назарбаев президент қызметінен кеткенімен, іс жүзінде ешқайда кетпеуі тиіс болатын. Саяси жүйені билік ресми түрде ауысқаннан кейін де ықпал ету тетіктерінің барынша көп бөлігін өз қолында сақтап, елдегі үдерістерді бақылауды жалғастыра алатындай етіп дайындау көзделді», — дейді ол.

Саясаткердің пікірінше, мұндай ұстаным билік жүйесі бір ғана тұлғаның айналасында құрылған авторитарлық режимдердің басым көпшілігіне тән.

«Назарбаев адамдарға ешқашан ерекше сенім артқан емес. Бұл жағынан ол басқа көптеген авторитарлық көшбасшылардан айтарлықтай ерекшеленген жоқ. Тарих көрсеткендей, билігінің соңына қарай мұндай басшылардың шынайы достары қалмайды, тіпті ең жақын айналасына да сенбейді. Олар өз билігінің тек өздерінің саяси және физикалық қатысуына ғана тәуелді екенін жақсы түсінеді, — деп түсіндіреді Козлов. — Сондықтан ресми түрде қызметтен кеткеннен кейін де бақылауды сақтап қалуға мүмкіндік беретін жүйені құруға деген табиғи ұмтылыс пайда болады. Менің ойымша, Назарбаев билігінің соңғы жылдарында Қазақстанда жүргізілген көптеген саяси реформалар мен институционалдық өзгерістерді дәл осы ұмтылыспен түсіндіруге болады».

Нұрсұлтан Назарбаев

Қазақстанда саяси бәсекелестер шеттетіліп, билік транзиті мен Назарбаевтың мұрагеріне қатысты астыртын саяси ойындар мен түрлі конспирологиялық болжамдар талқыланып жатқан тұста, көрші Қырғызстанда тағы бір төңкеріс алғышарттары қалыптаса бастады.

«Шамамен 2007 жылға дейін халықта Бакиев халықтың мүддесіне жұмыс істейді деген үміт болды. Алайда ол көп ұзамай өз отбасы кланының билігін нығайтуға кірісіп, туыстарына «жеңімпаз» ретінде орасан зор артықшылықтар бере бастады. Бакиев әулеті тәуелсіз саясаткерлерден қатыгез тәсілдермен құтылып жатты —қорқытып, ұрып-соқты, мүгедек етті, ал кейбіреулерін өлтірді.

Қырғызстанда бір заңдылық қалыптасты: жаңа басшы билікке келген сайын халық шамамен үш жыл бойы өзгеріс болады деп үміттенеді. Ал содан кейін оның да бұрынғылардан еш айырмашылығы жоқ екені белгілі болып, элита ашық наразылық білдіре бастайды. Бұл жолы азаматтардың ашу-ызасын туғызған басты себеп — отбасылық-авторитарлық басқару жүйесі болды», — дейді Алмаз Тәжібай.

Бакиевтің билігі барған сайын авторитарлық сипат алып, елдегі экономикалық жағдай да күрделене түсті. Халықтың тұрмыс деңгейі төмен күйінде қалып, жемқорлық өрши берді, ал коммуналдық қызметтердің тарифтері күрт өсті. 2010 жылдың көктемінде Роза Отынбаева бастаған оппозиция үкіметке бірқатар талап қойды. Олар 24 наурызға дейін коммуналдық қызметтердің қымбаттауын тоқтату, саяси тұтқындарды босату және басқа да талаптар қойған еді.

Алайда бұл талаптар орындалмады. Соның салдарынан 6 сәуірде Қырғызстанның әртүрлі өңірлерінде оппозицияның халықтық құрылтайлары өте бастады. 6 сәуірден 7 сәуірге қараған түні арнайы қызметтер Бішкекте оппозиция жетекшілерін Алмазбек Атамбаев, Темір Сариев, Кеңешбек Дүйшебаев, Өмірбек Текебаевты және басқаларын қамауға алды. Бостандықта тек Роза Отынбаева ғана қалды, оның қайда жүргені құпия сақталды.

7 сәуір күні толқулар Бішкекке де жетті. Оппозицияны қолдаған мыңдаған адам орталық алаңға жиналды. Бейбіт шеруге шыққандарға оқ атылып, наразыларға қарсы күш қолданылды. Ашуға булыққан халық билік ғимараттарына шабуыл жасады. Үкімет үйі қиратылып, Бас прокуратураның ғимараты өртелді.

Наразылық білдірушілер телерадио орталығының ғимаратын басып алып, тікелей эфирге шықты. Парламенттің бұрынғы төрағасы Өмірбек Текебаев биліктің толықтай халықтың қолына өткенін мәлімдеді. Кешкі сағат 8 шамасында Құрманбек Бакиев Бішкектен елдің оңтүстігіндегі резиденциясына қашып, кейін Қазақстанға кетті.

Билікке Роза Отынбаева жетекшілік еткен Уақытша үкімет келді. Ол ТМД кеңістігіндегі тұңғыш әйел президент атанды. 2010 жылдың жазында өткен референдумның қорытындысы бойынша ол мемлекет басшысы қызметіне тағайындалды. Оның өкілеттік мерзімі 2011 жылдың желтоқсанында аяқталды. Сонымен қатар оған кейінгі президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынуға құқық берілген жоқ.

Қырғызстандағы өтпелі кезеңнің ең қасіретті оқиғаның бірі елдің оңтүстігінде орын алған ұлтаралық қақтығыстар. Алмаз Тәжібайдың пікірінше, бұл қайғылы оқиғаның негізгі себептері – жергілікті биліктің дәрменсіздігі, орталық биліктің тым әлсіз болуы және елде бірыңғай көшбасшының болмауы еді. «Бұл қақтығысты өршітуге сырттан келген жеке әскери компаниялармен (ЖӘК) байланысты арнайы дайындалған жалдамалылар қатысты деп есептеймін. Алайда олардың нақты қай құрылымдарға тиесілі болғаны әлі күнге дейін белгісіз», дейді саясаттанушы.

«Уақытша үкіметтің ең үлкен қателіғінің бірі — Бакиевтер әулеті мен оның қол астындағыларға қатысты қатаң люстрация жүргізбегені болды. Оларға парламент сайлауына қатысуға мүмкіндік берілді, соның нәтижесінде «Ата-Жұрт» партиясы арқылы олар саясатқа қайта оралды. Жогорку Кеңеште осындай қуатты қарсы күш болғандықтан, Уақытша үкімет жүйені түбегейлі қайта құра алмады», — деп есептейді Алмаз Тәжібай. 

2010 жылдың желтоқсанында жаңа Конституция қабылданып, Алмазбек Атамбаев бастаған жаңа министрлер кабинеті құрылғаннан кейін Уақытша үкімет таратылды. Ал 2011 жылдың қазан айында Атамбаев Қырғыз Республикасының президенті болып сайланды.

Алмазбек Атамбаев

Алмазбек Атамбаевтың президенттіғі (2011–2017) Қырғызстан тарихында ерекше кезең болды. Елде алғаш рет билік бейбіт жолмен ауысты. Алайда дәл осы дәуір кейін оның алты жылдық президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін жарылған терең жүйелік қайшылықтардың негізін қалады. Атамбаевтың билігі бір жағынан ауқымды инфрақұрылымдық жобаларымен есте қалса, екінші жағынан ірі жемқорлық дауларымен де ерекшеленді.

«Алдыңғы президенттер тұсындағыдай, мемлекеттік жүйенің барлығы нақты бір тұлғаға тәуелді болып қала берді. Билік тым жекелендірілген сипатта болды, ал мемлекеттік институттар дамымады. Солардың ішіндегі ең маңыздысы— тәуелсіз сот жүйесі қалыптаспады», — дейді Клара Сооронқұлова. 

Алмаз Тәжібайдың айтуынша, Атамбаевтың ең үлкен қателігі – тұрақты саяси жүйе қалыптастыра алмағаны.

«Ол негізгі мемлекеттік институттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ете алмады және сайлау жүйесін жаңартпады. Бұл  біздің барлық президенттерімізге тән жүйелі қателік: олар жүйе құрмайды. Артында күшті әрі тәуелсіз институттары жоқ мықты көшбасшы түптің түбінде өзіне өзі тұзақ құрады. Атамбаев болашақта, соның ішінде өзін де қорғай алатын институционалдық тетіктерді қалыптастырмады. Судьялар корпусын реформалау туралы дабыралы мәлімдемелер жасалды, бірақ сот реформасы іс жүзінде сәтсіз аяқталды. Керісінше, ол биліктің барлық тармақтарын – парламентті, үкіметті және соттарды – өзіне тәуелді етіп қойды».

Алмаз Тәжібаймен толық сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:  

Сол 2011 жылдың сәуір айында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Оған барлығы 22 үміткер өзін ұсынды. Алайда олардың тек 11-і ғана азаматтардың қолын жинау кезеніне жетті.

Нәтижесінде қажетті қол санын тек төрт кандидат жинай алды: президент Нұрсұлтан Назарбаев, Патриоттар партия басшысы Ғани Қасымов, Қазақстан Коммунистік халық партиясынан Жамбыл Ахметбеков және эколог Мэлс Елеусізов.

Оппозициялық партиялар сайлауға бойкот жариялауға шақырып, өз үміткерін ұсынудан бас тартты. 3 сәуірде өткен сайлауға, ресми мәлімет бойынша, халықтың 89,98% қатысты, ал Нұрсұлтан Назарбаев 95,55% дауыс жинады.

Сайлау жылы қайғылы оқиғамен аяқталды. 2011 жылдың желтоқсанында Қазақстанда Жаңаөзен оқиғасы орын алды. Ол елдің қазіргі тарихындағы қасіреттің біріне айналды. Мұнайшылардың жұмыс берушілермен еңбек дауы наразылыққа ұласып, ақырында қантөгіспен, адам шығынымен және саяси салдармен аяқталды.

Полиция митингке шыққан мұнайшылар мен қала тұрғындарына оқ атты. Ресми мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланды. Алайда құқық қорғаушылар мен саясаткерлер құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп есептейді.

Қазақстандық саясаткер Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасын еске ала отырып, бұл тақырыптың жеке басына қатысымәні бар екенін айтады. Ол мұнайшылардың митингілеріне бірнеше рет қатысқан және осы оқиғалардан кейін 7 жылға сотталған.

«Жаңаөзенді еш ұмыта алмаспын. Бұл оқиғалар менің жеке тағдырыма қатты әсер етті, сондықтан мен үшін бұл оқиғаны ел тарихындағы тек саяси эпизод ретінде қабылдау мүмкін емес», — дейді ол.

Оның айтуынша, бұл оқиғалар авторитарлық мемлекетте әлеуметтік наразылықтар, элиталар арасындағы ішкі саяси күрес және билікті сақтап қалу мәселелері қаншалықты тығыз байланысты екенін көрсетті.

«Менің ойымша, оқиғалардың одан әрі өршуіне сол кезде Президент әкімшілігін басқарған, елдегі ең ықпалды адамдардың бірі саналған Аслан Мусиннің қатысы болуы мүмкін. Ол Батыс Қазақстан өңірін жақсы білетін, жергілікті элиталармен жақсы таныс еді. Оның жеке саяси амбициялары, саяси үдерістерді түсінуі болды және меніңше, бұл жағдайға қатысты өзінің мүдделері де болған.

Шын мәнінде не болғанын анықтауға бағытталған байыпты әрекеттер басталған кезде, назар біртіндеп мұнайшылар мен оппозициядан кейінгі оқиғаларды ұйымдастыруы мүмкін адамдарға ауысты. Дәл сол кезде Мусиннің өзінде де қиындықтар басталды. Ол қызметінен айырылды, ықпалының едәуір бөлігін жоғалтты және саяси жүйеден ығыстырылды», — деп есептейді Козлов.

Нұрсұлтан Назарбаев және Аслан Мусин
Бесінші президент және кезектен тыс сайлау

2015 жылдың 26 сәуірінде Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Сол кезде қызметтегі президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми мәлімет бойынша сайлаушылардың 97,75% дауысын жинады.

Бұған дейін, 14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблея кеңесі үндеу жасап, елде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды. Негізгі уәж келесі жылы өтуі тиіс кезекті сайлау кезінде билік күшін дағдарысқа қарсы шараларға бағыттауы қажет деген тұжырым болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, кезектен тыс сайлау өткізу туралы шешімді тек президент қабылдай алады.

Осыған байланысты Владимир Козлов Қазақстан саясатында ұзақ жылдар бойы қоғам тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевтың ықтимал мұрагерлері ретінде ара-тұра аталып жүрген саясаткерлердің ерекше бір санаты болғанын еске салады. Әдетте олар оппозиция өкілдері емес, биліктің өз ішінен шыққан тұлғалар еді.

Сондай тұлғаның бірі 2026 жылдың қаңтарына дейін Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының (ҰҚШҰ) бас хатшысы қызметін атқарған Иманғали Тасмағамбетов.

Нұрсұлтан Назарбаев және Иманғали Тасмағамбетов

«Бұл кезеңде аймақ элиталар белсенділігі айтарлықтай артты. Сонымен қатар жүздер және аумақтық мүдделер де байқала бастады. Тасмағамбетовті Батыс Қазақстан өңірі өте белсенді қолдаған тұлға болды. Бұл жай ғана қоғамның бір бөлігінің оған деген ықыласы емес, шын мәнінде қуатты саяси тірек еді. Сондықтан менің ойымша, Назарбаев кезінде ол президент болуға мүмкіндігі жоқ еді. Күрес тек оппозицияға қарсы ғана емес, биліктің өз ішіндегі топтар арасында да жүрді», — дейді Козлов.

«Тәуелсіздік 2.0» жобасына берген сұхбатында Владимир Козлов сондай-ақ тұңғыш президенттің орнына мұрагер ретінде оның үлкен қызы Дариға Назарбаеваның қарастырылғанын айтады.

Владимир Козловпен толық сұхбатты аясында төмендегі 
сілтеме арқылы көре аласыз:

Ал Қырғызстанда 2017 жылы Алмазбек Атамбаевтың жақын досы, бұрынғы премьер-министр Сооронбай Жээнбеков елдің бесінші президенті атанды. 15 қазанда өткен сайлауда ол 54,22% дауыс жинап, жеңіске жетті.

Бұл биліктің ресми түрде ауысуы еді, алайда кейін ол сәтсіздікке алып келеді. Кейін Жээнбеков жалған тұлға болудан бас тартып, бұрынғы достар арасында «соғыс» басталды. Бұл текетірес Қой-Таштағы резиденцияны күшпен басып алу әрекетімен және Атамбаевтың сотталып, түрмеге жабылуымен аяқталды.

«Алмазбек Шаршенович досының адалдығына сенді. Бірақ, саясатта болатын табиғи заңдылықтар орын алды. Адам ең жоғары мемлекеттік лауазымға келген кезде, оның артынан міндетті түрде өз тобы қалыптасады… Ешкім үнсіз тұлға болып отырғысы келмейді. Жоғарғы билік негізінен шынайы достықты да, туыстықты да, моральдық қағидаларды да мойындамайды», — деп баға береді бұл оқиғаларға Клара Сооронқұлова.

Үшінші революция және екінші президент

2019 жылдың наурыз айында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз еркімен лауазымынан кетіп, билікті өзінің мұрагері — Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қалдыратынын мәлімдеді. Маусым айында президент сайлауы өтіп, онда Тоқаев ресми мәлімет бойынша 70% астам дауыс жинады. Осылайша, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін 28 жыл өткен соң ел тарихында екінші президент пайда болды.

«Формалды түрде билік Тоқаевқа өтті, бірақ іс жүзінде саяси және экономикалық ресурстардың едәуір бөлігі бірінші президентпен байланысты адамдар бақылауында қалды. Бұл қос билік жағдайын қалыптастырды, ал мұндай жағдай ерте ме, кеш пе мүдделердің қақтығысына әкеледі», — дейді Владимир Козлов бұл транзитке баға бере отырып.

Саясаттанушы Димаш Әлжанов өз кезегінде сол кезде көптеген өзгерістер елді демократияландыру ретінде көрсетілгенін, алайда биліктің шын мәніндегі мақсаты мүлде басқа болғанын атап өтеді:

«Президенттің бірқатар өкілеттігі қысқартылды, бұл демократияландыру ретінде ұсынылды. Бірақ оның артында Назарбаевтың билікті тапсырғаннан кейін өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және болашақ президенттің күштік құрылымдарды өз бетінше бақылау мүмкіндігін шектеу мүддесі тұрды».

Димаш Әлжановпен толық сұхбатты төмендегі сілтеме арқылы көре аласыз:

Ал Қырғызстанда 2020 жылдың 5 қазанында парламент сайлауының нәтижелері жарияланғаннан кейін жаппай наразылықтар басталды. Олар тәртіпсіздіктерге және парламент ғимаратына шабуыл жасауға ұласты. Екі аптаға созылған наразылықтардан кейін Сооронбай Жээнбеков биліктен кетті. Ел президенті Садыр Жапаров болды. Қырғызстанда жаңа Конституция қабылданды.

Қырғыз сарапшылары бұл оқиғаларды шынайы халық наразылығы екі кезеңнен тұратын күрделі үдеріске ұласқан жағдай ретінде бағалайды. Олардың пікірінше, бастапқы халық қозғалысы кейін мемлекеттік төңкеріске және аласапыранға айналды. Осы кезеңде Садыр Жапаров пен Камчыбек Ташиев наразылықты пайдаланып, элитаға өздерінің нақты саяси күш екенін дәлелдеді.

Алмаз Тәжібайдың пікірінше, наразылықтың себебі Жээнбеков командасының пандемия кезіндегі мүлдем тиімсіз басқаруы болды.

«Коронавирус жаппай өлімге әкеліп, қоғамға психологиялық жара салды. Наразылықтың соңғы тамшысы — парламент сайлауындағы өрескел бұрмалаулар мен әкімшілік ресурсты қолданылуы болды», — дейді ол.

2020 жылғы оқиғалар куәгері Клара Сооронқұлова бүгінде бұл жағдайға мынадай баға береді:

«Бұл революция ма, әлде төңкеріс пе деген сұраққа шынайы жауап беру міндетті түрде қылмыстық қудалау қаупін тудырады. Сондықтан бұл туралы егжей-тегжейлі он жылдан кейін айтамын. Бірақ бір нәрсе анық: неғұрлым ширақ, тәжірибелі әрі ұйымдасқан күштер жағдайды тез бағалап, оны өз мүдделеріне пайдалана алды».

2021 жылдың 10 қаңтарында Қырғызстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Садыр Жапаров қайтадан президент болып сайланды. Осылайша ол өз билігін түпкілікті заңдастырды.

Қазіргі президенттің билігін бағалай отырып, оның тұсында ел демократиялық құндылықтардан едәуір шегінді деп есептейтін бұрынғы судья Клара Сооронқұлова Жапаровтың мұндай мақсаты бастапқыдан-ақ болғанын айтады.

«2015 жылдың өзінде ол маған өзінің Конституция жобасын көрсеткен еді, онда президенттік билік жүйесі бір адамның қолында қарастырылған болатын. Сондықтан Жапаров бастапқыда демократияның жақтаушысы болды, кейін кенеттен қатаң авторитарлық басшыға айналды деп айтуға болмайды», — дейді Сооронқұлова.

Геосаяси ықпалды талдай отырып, Сооронқұлова Жапаровтың 2020 жылы билікке күтпеген жерден тез келуі Кремль үшін тосын жағдай болғанымен, Қырғызстандағы Ресей ықпалының одан әрі күшейе түскенін мойындайды.

«Ауқымды үгіт-насихаттың әсерінен бүгінгі таңда қоғамның едәуір бөлігі тәуелсіздіктен бас тартып, Ресей құрамына кіру туралы идеяны қолдайды», — деп есептейді сарапшы.

Путин және Жапаров

2022 жылдың қаңтарында Қазақстанда тағы қайғылы оқиғалар орын алды. Елдің батысында газ бағасының күрт қымбаттауына байланысты басталған жаппай наразылықтар кейін басқа өңірлерге де тарады. Ең көп адам қатысқан акциялар Алматы қаласында өтті.

Наразылықтарды тоқтату үшін президент Тоқаев қарусыз адамдарға қарсы оқ ату туралы бұйрық берді. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам қаза тапты, ал сол күндері зардап шеккендер саны әлі күнге дейін нақты белгісіз.

Қаңтар оқиғасы тәуелсіз Қазақстан тарихында үлкен қасыретке әрі саяси дағдарысқа айналды. Көптеген тергеулер, ресми мәлімдемелер мен сот процестеріне қарамастан, қоғамда әлі күнге дейін сол кезде нақты не болғаны туралы біржақты жауап жоқ.

Владимир Козловтың пікірінше, бұл оқиғалардың негізінде шынайы қоғамдық наразылық жатты, алайда кейін жағдай мүлде басқа сценарий бойынша дами бастады.

«Қаңтар оқиғасы Жаңаөзен оқиғасына өте ұқсас. Бұл шынайы наразылық болды, ол біреудің нұсқауымен емес, қоғамда жиналып қалған мәселелерге деген реакция ретінде пайда болды. Бірақ кейін Қазақстан тарихында бірнеше рет болған жағдай қайталанды: бұл наразылықты өз мүддесіне пайдалануға тырысқан күштер араласты. Бұл Назарбаев төңірегіндегі адамдардың билікті қайта қолға алуға жасаған әрекеті болды», — деп есептейді саясаткер.

Қаңтар, 2022 жыл

Ол сондай-ақ елге ҰҚШҰ күштерінің енгізілуі және жағдайды реттеудегі Ресейдің рөлін еске алды:

«Бұл оқиға Ресейдің Украинаға толық ауқымды басып кіруінен тура бірнеше апта бұрын болды. Сценарий бір-біріне өте ұқсас болды. Сондықтан менің ойымша, Қаңтар оқиғасын тек Қазақстанның ішкі саясаты тұрғысынан ғана емес, сонымен бірге кеңірек аймақ аясында қарастыру қажет».

Димаш Әлжановтың пікірінше, Қаңтар оқиғасы билікті авторитарлық жолмен берудің осал тұстарын көрсетті:

«Билікті транзит арқылы ауыстыру — авторитарлық жүйенің ең әлсіз тұстарының бірі. Мұндай жүйе сайлауға және қоғамның қатысуына негізделмеген, сондықтан әрдайым жоғары тәуекелмен байланысты. Дағдарыс кезінде қоғам мен биліктің өзін қалай ұстайтынын алдын ала болжау мүмкін емес. Элита арасындағы барлық қақтығыстарды алдын ала есептеу де мүмкін емес».

2022 жылдың қарашасында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы қайта өтті. Тоқаев 81,31% дауыс жинап, президент болып қайта сайланды. Сайлаудан кейін ол саяси реформалар мен түбегейлі өзгерістер жүргізуге уәде берді, алайда іс жүзінде уәде етілген бастамалардың басым бөлігі жүзеге асқан жоқ.

2026 жылы Қазақстанда жаңа Конституция қабылданып, жаңа саяси партия құрылды, парламент бір палаталы Құрылтайға айналады. Бұл бастамалардың барлығы қолданыстағы билікті одан әрі нығайтты.

Қорытынды

Тәуелсіздік алған 35 жыл ішінде Қазақстан мен Қырғызстан билікті заңдастыру және нығайту жолында әртүрлі жолдан өтті. Қазақстан жағдайында бұл бай ресурстарға сүйенген тұрақтылық болса, Қырғызстанда халық наразылықтары мен қылмыстық күштер араласқан үш бірдей «революция» орын алды.

Алайда екі елдің әртүрлі жолмен дамуы түптеп келгенде бір нәтижеге әкелді —  авторитаризмнің күшеюіне, демократиялық институттардың жойылуына және азаматтық қоғамның әлсіреуіне.

«Бүгінде билік әдістері көп жағдайда Назарбаев кезеңіндегідей болып қалып отыр. Жүйе алдын ала әрекет ететін сипатқа ие болды. Егер бұрын билік қалыптасып үлгерген саяси тұлғалармен күресуге мәжбүр болса, қазір олардың мүлде пайда болуына жол бермеуге тырысады. Әңгіме ықтимал қауіптерді, олардың саяси жолын басында жою туралы болып отыр», — деп қорытындылайды қазақстандық саясаткер Владимир Козлов.

Қырғызстандық саясаттанушы Алмаз Тәжібай да пікірі осындай:

«Өкінішке қарай, бізде дамыған азаматтық қоғам жоқ. Елде ең басты құндылық — заң үстемдігін жүйелі түрде қалыптастыра алатын институттар жетіспейді. Әр жаңа сайлауда саяси технологтар бізге «әлем бұрын-соңды көрмеген» кезекті данышпан кандидатты «сатуда».

Димаш Әлжановтың айтуынша, биліктің ауысу мәселесі тәуелсіздік алғаннан кейін 35 жыл өтсе де Қазақстан үшін басты сын-қатерлердің бірі болып қала береді.

«Биліктің ауысуы элиталар арасындағы келісімдерге тәуелді болмауы керек. Ол қоғам қатысатын түсінікті әрі ашық механизмдерге сүйенуі тиіс. Тек сонда ғана елдегі шынайы саяси жаңғыру туралы айтуға болады», — дейді қазақстандық саясаттанушы.

Қырғызстанның 35 жылдық билік ауысу тәжірибесіне баға бере отырып, Клара Сооронқұлова азаматтардың еркіндік құндылықтарын қабылдауы үшін ғасырлар бойы күрескен Франция тарихын еске салады. Бұл жолда Франция қанды төңкерістер, диктатура және гильотинаны басынан кешірді.

Материалды дайындаған: Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан) 
және Лейла Саралаева (Қырғызстан).

Эта статья на русском языке по ссылке ниже:

«Тәуелсіздік 2.0» жобасының басқа жарияланымдарымен 
мына сілтемелер арқылы танысуға болады:
БОЛЬШЕ оперативных и важных НОВОСТЕЙ в нашем Telegram-канале:
https://t.me/respublikaKZmediaNEWS и https://t.me/RESPUBLIKAexpertKZ

ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»

 

В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.

 

«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.

 

Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.

NO COMMENTS

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.

Exit mobile version