Қазақстан мен Қырғызстан Еуразияның дәл ортасында ислам, конфуций және христиан өркениеттері тоғысқан жерде орналасқан. Көп ғасыр бұрын бұл аумақ арқылы Қытай мен Еуропаны жалғаған Ұлы Жібек жолы өткен. Екі республика да 70 жыл Кеңес Одағының құрамында болды, ал оның ыдырауынан кейін 35 жыл бойы өз тағдырын өздері шешіп келеді.
Осы жылдар ішінде өңір геосаяси «шахмат тақтасына» айналғандай, онда әлемдік негізгі ойыншылар — Ресей, АҚШ, Қытай және Еуропалық Одақ — ықпал үшін күресіп, «жұмсақ» және «қатқыл» күш құралдарын шебер қолдануда.
Егер Қытай ауқымды экономикалық экспансия жүргізіп отырса, АҚШ пен Еуроодақ әртүрлі серіктестік үлгілерін ұсынуда. Бірақ екі Орталық Азия мемлекеті үшін ең маңызды ойыншы Ресей болып отыр.
«Тәуелсіздік 2.0» жобасы аясында екі редакция — «Республика»(Қазақстан) және «Новые лица» (Қырғызстан) — бұрынғы кеңестік республикалардың Совет үкіметінен кейің қалыптасуын зерттейді. Бұл мақалада Қазақстан мен Қырғызстанға қандай елдер және қалай ықпал ететінін және оның салдары қандай екенін қарастырылады.

«Жұмсақ күш» арқылы өз мүддесі үшін күрес
Қазақстан мен Қырғызстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған Түркия мен АҚШ болды. Дәл осы екі мемлекет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мәдениет, білім, туризм арқылы «жұмсақ күш» саясатын жүргізді.
«Жұмсақ күш» (Soft Power) ұғымы 1990-жылдардың басында, КСРО-ның ыдырауы мен қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы кезеңінде пайда болды. Оның авторы — американдық саясаттанушы Джозеф Най әлемге танктер мен санкцияларға балама ретінде мәдениет, құндылықтар мен өмір салты арқылы ықпал етуді ұсынды.
«Бұған дейін халықаралық қатынастарда басты назар әрдайым «қатқыл күшке» — әскери ықпал мен эмбаргоға аударылатын. Най бұл терминді ұсынғанда, оны көпшілік бірден қабылдамады. Бірақ бүгін оның өзектілігін жоққа шығару қиын. «Жұмсақ күш» ешкімді мәжбүрлемейді, ол сәтті болған жағдайда, қоғам өз еркімен сол ықпал етушінің қалағанын жасауға бейім болады», — дейді қырғыз саясаттанушысы Эмиль Джураев.
Еске салайық
Қатқыл күш — әскери қысым және экономикалық мәжбүрлеу (сауда эмбаргосы, активтерді бұғаттау, тарифтік соғыстар, қаржылық санкциялар).
Жұмсақ күштің компоненттері — кино, музыка, әдебиет, сән экспорты; шетелдік студенттерді гранттар арқылы тарту; халықаралық академиялық алмасу; зерттеу орталықтарын құру; елдің ішкі даму моделінің тартымдылығы (демократия деңгейі, адам құқықтары, әлеуметтік тұрақтылық).
Қазіргі геосаясатта бұл құралдардың үйлесімі «ақылды күш» деп аталады. Бұл ұғым мемлекеттің жағдайды стратегиялық тұрғыдан бағалай алу қабілетін және сыртқы саясаттағы барынша тиімді нәтижеге қол жеткізу үшін әскери және экономикалық қуатты дипломатиямен әрі мәдени ықпалмен ұштастыра пайдалану мүмкіндігін білдіреді.
ЕО мен АҚШ: демократияны тасымалдау іске аспады
1990-жылдардан бастап посткеңестік елдерде американдық бұқаралық мәдениеттің ықпалы күшейді. 1993 жылы Орталық Азияға АҚШ-тың білім беру бағдарламалары келді. FLEX бағдарламасы арқылы 24 мыңнан астам қырғыз және 27 мың қазақ оқушысы АҚШ-та оқыды. Екі республикада Fulbright бағдарламасы да белсенді жұмыс істейді.
1993 жылы Бішкекте Орталық Азиядағы Америка университеті ашылды. Кейін Германия өз бағдарламалары (GIZ), Жапония (JICA), Оңтүстік Корея (KOICA) арқылы қосылды. Қазақстан мен Қырғызстаннан мамандар шетелге тәжірибе алмасуға жиі барып тұрды. Түркия ортақ түркі тілдік байланысқа сүйенсе, Ресей кеңестік тарихқа арқа сүйеді.
АҚШ азаматтық қоғам, демократия және тәуелсіз БАҚ-ты дамытуға ерекше көңіл бөлді. 1992–2025 жылдары USAID ұйымы Орталық Азияға айтарлықтай қаржы бөлді: Қырғызстанға шамамен 1,3 млрд доллар, ал Қазақстанға 2,7 млрд доллар.
Бұл қаражаттың басым бөлігі мемлекеттік құрылымдардың түрлі бағдарламаларын қаржыландыруға бағытталды, алайда үкіметтік емес ұйымдарға да бір үлесі тиді. Мысалы, Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметінше, елде 1991–2009 жылдар аралығында адам құқықтарын қорғау, азаматтық білім беру және гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес салаларында 10 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген.
«Біз Батыс және Еуроодақпен жақсы қарым-қатынас орнаттық, олар бізге демократияны орнатуға көмектесті. Біздің билікті парламенттік жүйеге, сайлау технологияларына, партия құруға, заң үстемдігіне үйретті. Осы тұрғыдан алғанда, Батыс әлемімен қарым-қатынас жасау тәжірибесі біз үшін пайдалы болды. Өйткені біз демократиялық Конституция қабылдап, демократиялық ел құруға кіріскен едік», — дейді қырғыз тарихшысы Зайнидин Курманов.
Алайда оның пікірінше, батыстың демократия үлгісі Қырғызстан жерінде орнату мүмкін болмады, өйткені ел бұған дайын болмай шықты.
«Элитаның басты мақсаты тез байып кету, ал шенеуніктер халықтың еркін алмастырған жағдайда, халық билігінің нақты тетіктері орныға алмады. Бұл үдерістердің мәнін түбегейлі түсінбеудің салдарынан мемлекеттік жүйе тез арада құлдырай бастады, өз сәтсіздіктері үшін сыртқы факторларды кінәлап, біртіндеп радикалды идеологияларға ойысты», — дейді Құрманов.
Ал қырғыз заңгері Нурбек Токтакунов болса, демократия «азаматтардың қарсылығы арқылы қалыптасады» деп есептейді:
«Вашингтонға «Манас» әскери базасы қажет болған кезде, америкалықтар Қырғызстан билігінің адам құқықтарын бұзу фактілеріне оңай көз жұма салды».
Өз кезегінде қазақстандық қоғам қайраткері әрі экономист Айдар Әлібаев президент Дональд Трамп дәуірінде АҚШ-тың аймаққа деген қызығушылығы бұрынғыдан да прагматикалық сипатқа ие болғанын атап өтеді:
«Оларға Қазақстанның мұнайы, металдары және бүгінгі күні ерекше маңызды болып отырған сирек металдар қажет. Осы жағдайда Қазақстанның Азия мен Еуропаны жалғайтын транзиттік көпір ретіндегі рөлі айрықша арта түседі. Алайда бұл географиялық орналасу тек транзиттен түсетін табыс қана емес, сонымен қатар орасан тәуекел де болып табылады».
Ал саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева Қазақстан Батыс инвестициясы келгенін қалайды, бірақ құндылықтарын қабылдамайды дейді.
«Өткен жылы іске қосылған Еуропалық Одақтың ауқымды инфрақұрылымдық жобасы бар, және экономикалық тұрғыдан алғанда Еуроодақ Қытайдан кейінгі екінші орында деуге болады. Алайда Қазақстан Еуропалық Одақпен белгілі бір арақашықтық сақтауды жөн көреді, өйткені біздің құндылықтарымыз әртүрлі. Бізге демократиялық құндылықтар ұнай бермейді, сондай-ақ Батыстың бізге қысым жасауы да ұнамайды», — дейді сарапшы.
Түркия: ортақ түркі тамырларға сүйену
Түркия Қазақстан мен Қырғызстанға тәуелсіздік алған сәттен бастап ықпал етуге тырысып жатқан елдердің бірі. Негізгі құрал — тіл, мәдениет және дін ортақтығы.
1992 жылы Қазақстан мен Қырғызстанға халықаралық білім беру мекемесі «Себат» келді. Кейіннен бұл ұйым Қырғызстанда 30 қырғыз-түрік білім беру мекемесін, соның ішінде «Ала-Тоо» университетін ашты, ал Қазақстанда 29 қазақ-түрік лицейі ашылды.
Қырғыз-түрік лицейлері жұмыс істеген 33 жыл ішінде 10 мыңнан астам оны тәмамдаған, олардың бір жарым мыңнан астамы Қырғызстан үкіметінде түрлі лауазымдарды атқарды. Қазақстан бойынша да көрсеткіштер шамамен осындай.
Түрік кәсіпкерлері 1990-жылдардың басынан бастап жас тәуелсіз республикалар нарығын белсенді түрде игере бастады. Олар дүкен, құрылыс компания, кафе мен мейрамханалар ашты. Ал біздің туристер Түркияға демалуға көптеп бара бастады.
Алайда 1990-жылдар басында қазақ пен түрік қарым-қатынасы белгілі бір себептермен салқындыққа ұшырады.
«О бастан Түркия бізді қамқорлығына алғысы келіп, өзін «ағамыз» ретінде көрсеткісі келді. Мысалы, Қазақстанда кириллицадан латын әліпбиіне көшу мәселесі талқылана бастағанда, түріктер өздерінің әліпби нұсқасын ұсынды. Сол кезде қазақ билігі өз ұстанымын нақты білдірді: бізге екінші «аға» қажет емес деген сияқты. Бұл жағдай тіпті 1995 жылы дипломатиялық қатынастардың үзілуіне дейін барды. Түркияда оқып жүрген барлық студенттеріміз елге оралды, түрік кәсіпкерлері Қазақстаннан кете бастады. Біз достық қарым-қатынас орнатқымыз келді, бірақ тең дәрежеде», — дейді Үмбеталиева.
Қытай: жібек түйіні және несиелер
Екі елге Қытай ықпалын сарапшылар «баяу экспансия» және «жұмсақ жұтылу» деп сипаттайды.
Қазақстан мен Қырғызстан үшін Қытай экономикалық әріптестік саласындағы жетекші ел болып табылады. 2025 жылы Қытайдың Қазақстанмен тауар айналымы 34 млрд долларды, ал Қырғызстанмен 27 млрд долларды құрады. Екі елде де Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілген.
«Қытай болмаса, бүгін біз, жалаңаш қалатын едік. Ол жақтан тауар күндіз-түні тоқтаусыз келіп жатыр, Қорғасқа барсаңыз өз көзіңізбен көресіз оны. Бұл ашық экспансия, — дейді Айдар Әлібаев. — Бірде Қытайда жергілікті шенеунікпен сөйлескенде, ол біздің жемқорлыққа таңғаламыз әрі қуанамыз. Өйткені соның арқасында кез келген адамды «сатып» алуға мүмкіндік бар деген еді».
Қырғызстанның Қытайдың Эксимбанкі алдындағы берешегі бүгінде шамамен 1,5 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар Қытай республикадағы стратегиялық маңызы бар салаларды да өз ықпалына алып келеді. Әсіресе инфрақұрылымдық нысандардың құрылысы саласында оның рөлі күшейіп отыр. Мысалы, Бішкектегі қалдықтарды қайта өңдеу зауыты немесе Ош облысында салынуы жоспарланған көмір логистикалық орталығы сияқты жобалар осының айқын көрінісі.
Осыған орай, соңғы жаңалықтардың бірі — 305 млн доллар көлемінде жаңа қытайлық несие тарту туралы келісім. Бұл қаражат Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржолын салу жобасындағы үлесті қаржыландыруға бағытталмақ.
«Әлем тарихында қарызын уақытында өтей алмаған Африка мемлекеттері немесе Шри-Ланка өз порттары мен стратегиялық инфрақұрылым нысандарын Қытайдың ұзақ мерзімді басқаруына беруге мәжбүр болған көптеген мысалдар бар. Қытай несиелеріне шамадан тыс тәуелділік — басты жүйелік қатер әрі тәуекел», — дейді Қырғызстанның бұрынғы ауыл шаруашылық министрі Тілек Тоқтоғазиев.
Саясаттанушы Эмиль Джураев атап өткендей, Қытайдың экспансиясы Қырғызстанда бұрыннан бар қорқыныш пен синофобиялық көңіл-күйді күшейтеді:
«Біз Қытайдың жетістігін оның «жұмсақ күшінің» табыстылығынан емес, экономикалық «қатаң күшінің» тиімділігінен көруіміз керек. Қытай жұмысшыларының ағылуы мен сауда хабтарының салынуы — мұның бәрі жұртты алаңдатады».
Ресей: экономикалық ықпал саяси ықпалға айналып отыр
Қазақстан мен Қырғызстан экономикасында Еуропа елдері мен Қытайдың үлесі айтарлықтай болғанына қарамастан, саяси ықпал тұрғысынан көшбасшылық Ресейдің қолында қалып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, Түркия ортақ мәдениетке сүйенсе, Ресей кеңестік тарихқа арқа сүйейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресеймен тауар айналымы 27 млрд долларды, ал Қырғызстанның Ресеймен тауар айналымы 3 млрд долларды құрады. Сонымен қатар екі республикада да сауда балансы Ресейден келетін импорттың пайдасына айтарлықтай ауытқыған.
Экономист Айдар Әлібаевтің пікірінше, Қазақстан мен Қырғызстан қағаз жүзінде тәуелсіз мемлекет болғанымен, іс жүзінде екі ел де Ресейдің ықпалында қалып отыр. Тікелей басқару мүмкіндігінен айырылған Мәскеу 1992 жылы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымын (ҰҚШҰ), ал 2014 жылы Қазақстан мен Қырғызстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одағын (ЕАЭО) құрды.
«Егер ЕАЭО-ға мүше барлық елдердің жиынтық ішкі жалпы өнімін алсақ, соның 80 пайызы Ресейдің үлесіне тиесілі. Яғни Еуразиялық одақтағы қабылданатын шешімдердің басым пайдасын ең алдымен Ресей көреді. Сонымен қатар кедендік алымдардың шамамен 84 пайызы да Ресейдің үлесіне тиеді», — деп атап өтті Айдар Әлібаев.
Оның пікірінше, тиімсіз, тәуелділікке құрылған одақтар салдарынан Қазақстан мен Қырғызстан Ресейдің орасан зор ықпал аймағында қалып отыр:
«Бұл ұйымдар — ҰҚШҰ, ЕАЭО, Кеден одағы — біздің республикаларды сол жүйеге «байлап қою» үшін құрылған. Олардың басты мақсаты — ықпал ету, яғни шешімдер Ресейдің мүддесін ескере отырып қабылдануы үшін жағдай жасау».
Айдар Әлібаевтің айтуынша, Мәскеудің Қазақстандағы энергетикалық экспансиясы да үлкен алаңдаушылық тудырады:
«2024 жылы үш көмірмен жұмыс істейтін ЖЭО салу жөнінде келісімге келген «Интер РАО — Экспорт» және «Фирма ОРГРЭС» сияқты ресейлік компанияларды еске түсірейік. Сондай-ақ «Росатом» тарапынан АЭС салу туралы шешім де бар», — деп еске салады ол.
Айта кету керек, «Росатом» Қырғызстанға да көз тігіп отыр. Биыл сәуір айында ресейлік мамандардың Қырғызстанда атом электр станциясын салу ниеті туралы мәлімдемелер айтылған.
Қырғызстанның бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Тілек Тоқтоғазиев өз кезегінде елдің Ресейге тәуелділігі орасан зор туралы былай дейді:
«Экономикаға әлі күнге дейін үлкен үлес қосып отырған еңбек мигранттар аударымдарынан бастап, ол ЖІӨ-нің 24%-ын құрайды, сондай-ақ энергия тасымалдаушылар, жанармай, метал және ағаш материалдарына толықтай дерлік тәуелдіміз. Біз сондай-ақ өзгенің тауарларын қайта сатуға тым әуестеніп кеттік, ал өзіміз ештеңе өндірмейміз».
Айта кету керек, Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстан Мәскеу үшін батыс санкцияларын айналып өтудің негізгі дәлізіне айналды. Соғыстың алғашқы жылдарында Еуропадан Қырғызстанға экспорт бірден 953%-ға өскені кездейсоқ емес. Тауарлар алдымен Қырғызстанға жеткізіледі, ал одан кейін Ресейге жіберіледі.
2022 жылы Ресейге жалпы құны 1 млрд доллар тұратын тауар жеткізілген. Реэкспорт тізімі өте ауқымды — электроникадан бастап автокөлікке дейін. Нәтижесінде Қырғызстан жақында Еуроодақтың 20-шы топтама санкциясына ұшыраған алғаш енгізілген елдердің бірі болды.
Осыған орай Тілек Тоқтоғазиев, былай дейді:
«Енгізіліп жатқан санкциялар Қырғызстанды бір тарапты таңдауға итермелеуі мүмкін. Ал бұл ақыр соңында елдің Ресейге толық тәуелді болуына әкеліп соғады».
Ресейге санкция салынған тауарлардың Қазақстан арқылы да жеткізілетінін Айдар Әлібаев да атап өтті:
«Ресей санкция астында, және бүгінгі таңда елге келетін тауарлардың негізгі бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Қисынға салсақ, ЕАЭО-дағы біздің үлесімізді арттыру қажет еді. Бірақ бұл жүзеге аспады, себебі біз ұлттық мүдделерді қорғай алмай отырмыз».
Ресей: Кремльдің таққа «құқығы»
Қырғыз сарапшылары 2010 жылы сәуірде Қырғызстандағы мемлекеттік төңкеріс пен Құрманбек Бакиевнің биліктен кетуі Ресейдің арнайы қызметтері қатысуымен жүзеге асқан дейді. Ал кейінгі барлық президенттер сыртқы саясатын Владимир Путинге барынша адалдық жағдайында қалыптастырып отыр деген пікірде.
Алмазбек Атамбаев тұсында ел Еуразиялық экономикалық одаққа кірді. Оны алмастырған Сооронбай Жээнбеков те Кремль қожайынына адалдық танытты, ал Садыр Жапаров бұл үрдісті жалғастырды.
Ресейлік саяси технологтардың қолдауымен Садыр Жапаров президенттік сайлауда жеңіске жетті, ал дауыс беруден бір ай өткен соң оның Владимир Путинмен Кремльдегі ресми кездесуі өтті.
Осы сәттен бастап республикадағы қалған азаматтық бостандықтардың жойылуы басталды. Ұзақ жылдар бойы Орталық Азиядағы «демократия аралы» деп мақтанышпен аталып келген Қырғызстан қатаң авторитарлық үлгі бойынша жедел қайта құра бастап, егемен мемлекет біртіндеп «орыс әлемінің» кезекті бағынышты иелігіне айнала бастады.
Қазақстанда ұқсас жағдай орын алды деп еске түсіреді Толғанай Үмбеталиева да еске салады:
«Назарбаев билігін отбасына бергісі келген сәтте бұл қоғамда қарсылық тұғызды, тығырыққа тірелген кезде, ол Дариға үшін араша сұрау мақсатында Мәскеуге ұшып барғаны бар. Алайда Путин оның кандидатурасын қолдамады, ол Тоқаевты таңдады. Сондай-ақ 2019 жылы Дариғаны Кремльде қабылдамады, ал Тоқаевпен кездесті».
Сарапшы сондай-ақ Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанға ҰҚШҰ әскерлері кіргенін еске салды. Оның пікірінше, осы және басқа да жайттар белгілі бір деңгейде Путинге адалдық танытуға міндеттейді.
Кремльге мойынсұну Акорда мен Бішкекке ішкі саясат жүргізудің арсыз, бірақ ыңғайлы тәсілін ашып берді. Кез келген шешімдер, мысалы тәуелсіз медиаларды жабу, «жағдайды қатайту» сияқты қадамдардың бәрін олар солтүстік көршіден келген қысымға жауып, халық алдындағы жауапкершіліктен жалтарып отыр.
Ал шын мәнінде, қазақстандық саясаттанушы Толғанай Үмбеталиева атап өткендей, олар ресейлік әдістерді көшіріп алып отыр:
«Ресей билігі отырып алып: «қане, біз сияқты істеңдер» деп отыр деп ойламаймын. Жоқ, біздікілер өздері барлығын көшіріп алады».
Путинге деген адалдық авторитарлық билікті нығайту үшін тамаша бүркемеге айналды. Саясаттанушының пікірінше, осы адалдықты сақтау және жеке билікті ұстап тұру үшін авторитарлық режимдер халықтың наразылығын шебер басқаруды үйреніп алған.
Мысалы, Тоқаев әдейі отарсыздандыруға қатысты қызу пікірталастарға, кеңестік кезеңнің қиянатын қайта пайымдауға және ескі ескерткіштермен күреске кедергі келтірмейді. Азаматтық қоғам мен зиялы қауым империяны сынау және мәдени дауларға шектен тыс көңіл бөліп, өзекті экономикалық мәселелерді ұмыт қалдырып отыр. Кремльге барынша адал президенттер үшін бұл өте ыңғайлы: бұқараның ашу-ызасы өткен тарих туралы пікірталастарға бағытталып, ал қазіргі жағдай жергілікті билік пен Мәскеудің бақылауында қалып отыр.
Толғанай Үмбеталиеваның айтуынша, Ресей Орталық Азияда «орыс әлемі» идеясын 2008 жылы белсенді түрде еңгізе бастады:
«Бұл Путин билікке келген кезде басталды. Мәскеу «орыс әлемі» тақырыбын белсенді түрде көтере бастады, 9 мамырды кең атап өту, «Бессмертный полк» маршы сияқты кеңестік символдарды қайта жандандыра бастады. Еуразиялық одақ жобасын және басқа да бастамаларды ілгерілетті. «Орыс әлемі» идеологиясын аймаққа алып келу өз кезегінде ұлтшылдықтың көтерілуіне түрткі болды».
Ал Украинадағы соғыстан кейін Ресеймен жақындасу күшейе түсті.
«2022 жылы Ресей бизнесінің белгілі бір бөлігі Қазақстанға көшуге мәжбүр болды. Ал ақша бар жерде әрқашан ықпал да, билік те болады. Сондықтан саясаттағы экономикалық ықпал құралдарын дұрыс бағалау керек. Біз Ресейден алыстап бара жатырмыз деуге болмайды, керісінше, экономикалық тұрғыдан біз жақындасып келеміз», — дейді Толғанай Үмбеталиева.
Тағы бір айта кететін мәселе — Кремльдің Орталық Азиядағы кез келген ішкі реформаларды қабылдауы. Мысалы, егемендік, мемлекеттік тілді дамыту немесе кеңестік атауларды ауыстыру мәселесі көтерілген кезде, Мәскеу мұны бірден «Ресейге қарсы әрекет» деп қабылдайды.
Саясаттанушы Эмиль Джураевтың пікірінше, ресейліктер үшін Владимир Путин бұл тәсілді жиі қолданады, егер Ресей қоғамы шетелдегі отандастардың жағдайына алаңдаса, бұл ел ішіндегі өзекті мәселелерден назарды басқаға аударады. Алайда мәдени даудың артында нақты қауіп жатыр. Сарапшының айтуынша, Ресей шетелдегі орыстар құқықтарын қорғау заңдарды, тіпті әскери араласуға дейінгі мүмкіндіктер туралы сөз қозғайтыны қауіпсіздікке төнген үлкен қатер, қырғыз билігі мұндай жағдайға аса сақ болуы тиіс.
Сондай-ақ, Эмиль Джураев Кремль «отандастар» ұғымын белсенді әрекеттерге өтудің тетігі ретінде қарастыратынын атап өтті:
«Ресей біздің елдердегі ұлт құру үдерісіне белсенді түрде қарсы әрекет етеді. Ол механизмдер енгізіп, Қырғызстанда немесе Қазақстанда туған орыс адам өзін ең алдымен Ресеймен байланыстыруы үшін жағдай жасайды. Олар үшін бұл әртүрлі саяси авантюраларға кірісудің өте дәл тапқан жолы».
Өз кезегінде Толғанай Үмбеталиева Қазақстанның солтүстік өңірлер тұрғындары Ресей пропагандасына ең бейім екенін көрсететін зерттеу нәтижелерін келтіреді.
«Петропавлда тұрғындары мен облыс азаматы, солтүстік өңірдің тұрғынымын деп айтады мүмкін. Бұл азаматтық сана-сезімнің төмен екенін көрсетеді. Ол жерде ресми қазақстандық насихат жұмыс істемейді. Ал керісінше, ресейлік ақпарат жақсы әсер етеді, бұл — басқа мемлекеттің ақпараттық ықпалы. Бізді алаңдатуы тиіс нәрсе — басқа елдермен шекаралас аймақтардың барлығы сондай ақпараттық ықпалға ұшырайды», — деп атап өтеді саясаттанушы.
Эмиль Джураевтың айтуынша, Ресей насихаты Қырғызстанда да күшейіп келеді.
«Ресейлік телеарналардың шектеусіз таралуы, медиа мектеп сияқты жобалар, «Еуразия» тегін ойын-сауық парктері, «Номад ТВ» арнаның ашылуы, осының бәрі қатаң үстемдікті бүркемелеуге бағытталған талпыныс. Ресейлік нұсқада көбіне мәжбүрлеу күші басым болады», — дейді ол.
Көпвекторлы саясат — саналы таңдау ма?
Украинада соғыс басталғалы Орталық Азияда ірі державалардың ықпал үшін күресі күшейе түсті, дейді сарапшылар. Осы тұрғыда Қазақстан мен Қырғызстан өздерінің егемендігін сақтап қалу үшін, олардың арасында тепе-теңдік табудың жаңа жолдарын қарастыруы тиіс, сонда көпвекторлы саясат саналы түрде таңдауға айналады.
«Біз осы ірі ойыншылар мүдделері арасында тепе-теңдік сақтауға мәжбүрміз. Бірақ сонымен бірге ұлттық мүдделерді қорғау үшін белгілі бір шеберлік пен қабілет қажет», — деп түйіндейді Айдар Әлібаев.
Нағыз тәуелсіздік тек шынайы демократия, мықты экономика және дамыған азаматтық қоғам бар жерде қалыптасады. Алайда мұның бәріне Қазақстан мен Қырғызстан билігі қарсы болып отырғаны анық.
Материалды дайындаған: Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан)
және Лейла Саралаева (Қырғызстан).
Эта статья на русском языке по ссылке ниже:
«Тәуелсіздік 2.0» жобасының басқа жарияланымдарымен мына сілтемелер арқылы танысуға болады:
- Заложница власти. Как за годы независимости менялись конституции Казахстана и Кыргызстана
- «Биліктің тұтқыны»: тәуелсіздік алғалы Қазақстанмен Қырғызстанның конституциялары қалай өзгерді
- «Қуаныштан көзіме жас алдым». Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары
- «Я плакал от счастья». Как Казахстан и Кыргызстан строили независимость в первые годы после развала СССР
БОЛЬШЕ оперативных и важных НОВОСТЕЙ в нашем Telegram-канале:
https://t.me/respublikaKZmediaNEWS и https://t.me/RESPUBLIKAexpertKZ
ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»
В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.
«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.
Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.