Ұлттық төлем жүйелері арқылы әр минут сайын орасан сомалар – миллиондаған және миллиардтаған теңге айналымға өтеді. Оған себеп – қазақстандықтар өз жинағын банк картасы мен мобильді қосымшада сақтауды жөн санайды. «Электрондық әмиян» ыңғайлы әрі қауіпсіз болғандықтан әдеттегі былғары әмиянды тез алмастырды.
Өз кезегінде банк жүйесі өз клиенттерін қаржылық алаяқтықтан қорғағанына қарамастан, азаматтардың алданып қалу фактілері жиі кездеседі. Осы ретте, интернет алаяқтардан зардап шеккендермен тілдесуді жөн санадық.
Алаяқтар бірнеше минут ішінде 700 мың теңгені қолды етті
Алматы тұрғыны Сәния өмірінде алғаш рет интернет алаяқтарға тап болған кезде абдырап қалған. Өзінің айтуынша, ол қылмыскерлердің «мақсатты аудиториясына» жатпайды. Алаяқтар әдетте зейнеткерлер мен қарттарды, яғни қаржылық сауаты төмен адамдарды құрбан етеді.
«Менің шағын жеке кәсіпкерлікпен айналысу үшін ашқан компаниям бар. Қаржылық сауатым болса да, қоңырау шалған алаяққа алданамын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ, өкінішке қарай солай болды. Осы жазда маған бір ер адам қоңырау шалып, өзін мен қызмет алатын банктің қызметкері ретінде таныстырды. Ол менің шотымнан біреу жарты миллионға жуық қаражатқа аударым жасауға тырысып жатқанын хабарлап, бұл әрекетті шынымен менің іске асырып жатқанымды нақтылағысы келді. Мен одан бірден өзінің алаяқ емес екенін қалай дәлелдейтінін сұрадым. Ол өзінің аты-жөнін, кесте нөмірін атады және қазір банктен қоңырау шалып оның жеке басын растайтынын айтты.
Бірер секундтан кейін маған банктен хабарласты. Дәлірек айтқанда, мен келген қоңырау банктен деп қабылдадым. Олай ойлауыма, қаскүнемдердің нөмірі мен қызмет көрсетілетін банктің нөмірінде бір ғана санда айырмашылық болды. Дәл сол кездегі жағдайда бұл айырмашылықты байқамадым. Қоңырауды алған кезімде бір қыз маған алдында хабарласқан «қызметкердің» мәліметтерін атады. Шоттағы қаражатқа алаңдағандықтан сол қыздың сөзіне сендім.
Сөйтіп олар менен бұғаттау үшін жеке кабинетке кіретін бір реттік парольді атауды сұрады. Мен сандарды айтып жатып, сол сәтте қосымша арқылы шоттағы соманы жолдасымның шотына аударуға тырыстым. Бірден тексеріп қарасам, менің шотымдағы 730 мың теңге жоғалып кеткен», — деді әйел.
Жеке ақпарат беруді немесе қандай да бір іс-әрекет жасауды сұрайтын «банк қызметкері» қоңырау шалған жағдайда, дереу қоңырауды өшіру ұсынылады.
Есіңізде болсын, шынымен банкте жұмыс істейтін қызметкер карта бойынша деректерді немесе SMS арқылы алынған кодтарды ешқашан сұрамайды.
«Осылайша адамдар өздерінің ұқыпсыздығы мен тым сенгіштігінен зардап шегеді. Банк клиенттің жеке басын растау үшін кодты арнайы жібереді. Ал, біз кодты алаяқтарға өзіміз айтамыз, ақшамызға ұрлауға жол береміз. Алаяқтар үнемі жаңа схема ойлап табады. Бірақ егер сіз қарапайым сақтық шараларын ұстанатын болсаңыз, онда сіздің ақшаңыз әрқашан қауіпсіз болады», — дейді жәбірленуші.
Алаяқтар зейнеткерге телефон қосымшасын жүктетіп, зейнетақысын ұрлап келген
Зейнеткер Злиха Өмірбаева ұялы телефон мен банкингті мүлдем пайдаланбайды. Карточка оған айына бір рет мемлекеттен заңды төлемдер алу үшін қажет. Ақтөбелік 67 жастағы әжей ұзақ жыл бойы қаражатын қызына бару үшін жинап келген, бірақ алаяқтардың алдауына түсіп ақшасының бір бөлігінен айрылып қалды.
«Анама «банктенбіз» деп бір адам қоңырау шалып, алаяқтар оның зейнетақысын интернет арқылы ұрлауға тырысып жатқанын хабарлаған. Олар орысша сөйлеген. Ал анам олардың айтқанын жартылай ғана түсінді. Хабарласқан алаяқтар ақшаны қорғау үшін «құпия қосымша» орнату керек екенін айтқан. Олар қарттарды қалай алдау керегін жақсы меңгеріп алғанға ұқсайды», — дейді алаяқтарға алданған зейнеткердің қызы.
Бұл қоңыраудан кейін қарт алаяқтарға «көмек» көрсеткені үшін алғыс айтады. Сөйтіп, әжей бірнеше ай бойы өзінің ақшасын алаяқтар қалай ұрлап жатқанын байқамаған. Тек Злихи Өмірбаеваның қызы анасының телефонмен әңгімесінен кейін күдіктеніп, мәселені анықтауға кіріскен.
«Мен бірден банкке жүгіндім. Олар маған «бәрі жақсы, барлық операциялар мобильді құрылғы арқылы жүргізіліп жатыр», — деп жауап берді. Кейін белгілі болғандай, алаяқтар анамның шотынан бірден білдірмес үшін шетінен қаражат алып отырған», — дейді Злиха Өмірбаеваның қызы.
Содан кейін банк зейнеткердің өзі «зиянды» қосымшаны жүктегенін анықтады, бұл қосымша үшінші тұлғаларға оның құрылғысына толық қол жеткізуге мүмкіндік береді екен. Олар хабарлама алып және мобильді банкингті қолдана алады. Осы мүмкіндікті пайдаланып шоттан аз көлемде қаражат алып келген.
«Ұятсыз адамдар зейнеткерлердің қартайғанын, олардың аңғалдығын пайдаланады. Сондықтан бейтаныс адамдардың хабарламасын немесе электрондық хаттарын ашпау, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеу және өз деректерін жарияламауды қарттарға түсіндіру керек», — деп кеңес береді ақтөбелік тұрғын.
Банк қызметкерлері ешқашан арнайы шоттарға ақша аударуды немесе қашықтан кіру және құрылғыны басқару бағдарламаларын орнатуды ұсынбайтынын есте ұстаған жөн. Өйткені, мұндай қосымшалар барлық қолжетімді ақшаны ұрлап қана қоймай, мобильді қосымшада несие алуға мүмкіндік береді.
Коньки сатамын деп алаяққа алданған
Фишинг сайттары мен танымал OLX платформасын пайдаланып, алаяқтың құрбанына айналу оп-оңай. Мұндай жағдайға астаналық Асхат Әубәкіров өткен күзде тап болған. Ол кенже ұлының конькиін жарнамалық сайтта сатамын деп, алаяқтарға алданып қалды.
«Әйелім баланың заттары мен конькилерін сату үшін хабарландыру жариялауды өтінді. Кері байланыс үшін веб-сайтқа нөмірімді қалдырдым, сол күні кешке WhatsApp-қа «Сәлеметсіз бе, мен коньки сатып алғым келеді, бірақ басқа қалада тұрамын. Жеткізіп бересіз бе?» деген хабарлама келді. Мен ол кісіге «бас тартамын» деп жауап бергім келді. Өйткені, машақаты көп. Бірақ әйел жалынып, жеткізу мен курьерді өзі төлейтінін, маған тек заттарды тапсыру керек екенін айтты. Және ол «Қазпошта» парақшасына сілтеме жіберді. Мен банк картасының барлық деректемелерін толтырдым және ақымақ сияқты төлемді күтіп отырмын.
Әрине, ешқандай ақша алған жоқпын, бірақ қандай да бір онлайн сатып алу үшін ақшам есептен шығарылды. Бақытымызға орай, банктік қосымшадағы лимитті тез жауып үлгердім, үлкен соманы жоғалтпадым. Сөйтіп, коньки сатамын деп алаяқтарға тап болдым», — дейді ол.
Осыған ұқсас көптеген жағдайларға қарамастан, алаяқтар жалған интернет-банкинг сайттары мен фишинг сайттарына шабуыл жасауды жалғастыруда. Мұны істеу үшін алаяқтар тіпті трафикті көтеру үшін әлеуметтік желілерде жарнама жібереді.
Бірақ фишингті бір қарағанда танымасаңыз да, қаржылық тұзаққа түсіп қалмас үшін қарапайым ережелер бар. Егер сіз сайтқа кірсеңіз жеке деректеріңізді, соның ішінде төлем картасының мәліметтерін және CVV-кодын (картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмір) енгізу туралы ұсыныс немесе сұрау жазылған. Осы сұрауды көре салысымен сайттан дереу шығып, парольді өзгертіңіз.
Егер кеш қалып алаяқтардың құрбаны болсаңыз, бірден банкке хабарлауға және алаяқтар қол жеткізе алатын картаны блоктауға кеңес береміз.
Содан кейін сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасағаны туралы арызбен полицияға хабарласуыңыз қажет.