Осыдан 35 жыл бұрын, КСРО ыдырағаннан кейін, Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздік алып, өз болашағын дербес айқындау құқығына ие болды. Осы уақыт ішінде екі ел де терең экономикалық дағдарыстарды, саяси күйзелістерді бастан өткерді. Кейбір бағыттарда олардың даму жолдары түбегейлі ерекшеленсе, енді бір қырынан таңғаларлықтай ұқсас болды. Осы 35 жылдық жолда не басым болды: елеулі жетістіктер ме, әлде жіберіп алған мүмкіндіктер ме? Ең бастысы, қоғамның тәуелсіздікке артқан үміті қаншалықты ақталды?
«Тәуелсіздік 2.0» жобасы аясында «Республика»(Қазақстан) және «Новые лица» (Қырғызстан) журналистері бұрынғы КСРО құрамындағы екі республиканың тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолын зерттеді. Қорытынды мақалада екі республиканың соңғы 35 жылдағы әлеуметтік, экономикалық және саяси даму нәтижелеріне талдау жасап, басты қорытындыларды ұсынамыз.

Әл-ауқат елесі: экономика өсімі халықты неге байытпады?
Тәуелсіздік жылдары бұрынғы кеңестік екі республика жоспарлы экономикадан нарықтық жүйеге көшіп, өздерінің ұлттық қаржы жүйесін қалыптастырды және миллиардтаған доллар көлемінде шетелдік инвестиция тартты. Алайда Халықаралық валюта қорының (МВФ) деректеріне сүйенсек, 2026 жылға қарай оғаш жағдай қалыптасты: екі елдің экономикасы бірнеше есе өскенімен, қарапайым азаматтардың тұрмыс деңгейі айтарлықтай жақсарған жоқ.
1992 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ), яғни елдің бір адамға шаққандағы экономикалық әл-ауқатын көрсететін көрсеткіш, өте төмен болды: Қазақстанда — 169 доллар, Қырғызстанда — 208 доллар. Ал 2026 жылы бұл көрсеткіш тиісінше 17 503 долларға және 3 202 долларға жетті. Алайда бұл әсерлі статистика елдегі бай мен кедейлер арасындағы алшақтықтың барған сайын ұлғайып келе жатқанын жасырып тұр.
Экономикалық өсімнің жемісі қоғамның барлық тобына бірдей жеткен жоқ, сондықтан макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы халықтың өмір сүру сапасының дәл сондай деңгейде өскенін білдірмейді.
Қазақстанда экономиканың негізгі қозғаушы күшіне мұнай мен газ саласы айналды. Осы секторларға миллиардтаған шетелдік инвестиция тартылды. Алайда қазақстандық экономист, Public Policy Research Center басшысы Меруерт Махмұтованың айтуынша, шикізатқа тәуелді даму моделі ел үшін өзіндік тұзаққа айналды. Мұнай-газ саласы мемлекет қазынасына миллиардтаған табыс әкелгенімен, онда жұмыс істейтін адамдардың саны аз.
«Жалпы ішкі өнімнің өсуі әрдайым халықтың басым бөлігінің табысының артуын білдірмейтінін ескеру қажет. Қазақстан экономикасы негізінен мұнай өндіру мен экспорттау есебінен өсті. Ал мұнай-газ саласы еңбек ресурстарын көп қажет етпейді. Ол ЖІӨ-нің өсуіне елеулі үлес қосқанымен, көп жұмыс орнын ашпайды. Сондықтан Қазақстандағы негізгі мәселелердің бірі — макроэкономикалық көрсеткіштер мен халықтың нақты табысы арасындағы алшақтықтың сақталуы.
Біздің елде әлемдік деңгейдегі аса бай адамдар пайда болды. Олардың қатарында Forbes тізіміне енген азаматтар бар. Алайда сонымен бірге кедейлік мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр», — дейді Меруерт Махмұтова.

Меруерт Махмұтованың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан экономикасы тұрақты өсім көрсеткенімен, бұл қарапайым азаматтардың әл-ауқатына айтарлықтай әсер еткен жоқ.
«Экономика жыл сайын шамамен 5%-ға өсіп келеді. Алайда соңғы үш жылда ең төменгі жалақы 85 000 теңге деңгейінде қалып отыр, ал инфляция жоғары күйінде сақталуда. Соның салдарынан халықтың едәуір бөлігінің нақты табысы төмендеп жатыр», — деп түсіндіреді экономист.
Бұл пікірмен қырғызстандық саясаттанушы Медет Төлегенов те келіседі.
«Бішкекте қымбат автокөліктер мен зәулім үйлерді көруге болады. Бірақ солармен қатар күнкөрісі өте қиын, кедейлік шегінде өмір сүріп жатқан адамдар да бар», — дейді ол.
Қырғызстанда шетелдік инвестиция тарту Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда қиын өрбігенін атап өткен жөн.
«Билік елді дамытудың шетелдік инвестиция тартудан басқа жолын көрмейді. Бірақ іс жүзінде мұны жүзеге асыру мүмкін болмай тұр. Елде үнемі заңсыздық орын алып отыр, сонын салдарынан Қырғызстанға инвесторлар келмейді», — дейді қырғызстандық экономист Сапар Орозбақов.
Айта кету керек, Қырғызстанның жалпы ішкі өнімі де өсіп келеді. Егер 1991 жылы жан басына шаққанда ЖІӨ шамамен 500 доллар құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 3 000 доллардан асты. Бұған қарамастан, Сапар Орозбақов елдің экономикалық жағдайын өте күрделі деп бағалайды.
«Соңғы үш жылда ЖІӨ шамамен 11%-ға өсіп келеді. Алайда экономиканың нақты жағдайын түсіну үшін терең білім қажет. Тек үстірт қарайтын адамдар ғана жан-жағында салынып жатқан көптеген ғимараттарды көріп, экономикада түбегейлі бетбұрыс болып жатыр, Қырғызстан гүлдене бастады деген қорытынды жасайды», — дейді ол.
Оның үстіне, бұл құрылыс нысандарында көбіне жергілікті тұрғындар емес, Бангладеш, Қытай және Үндістаннан келген арзан жалдамалы жұмысшылар еңбек етеді. Сарапшылар пікірінше, билік нақты өндірісті дамытудың орнына, қарызға алынған қаражатты тұтынуға ғана негізделген экономикалық моделін қалыптастырды.
Қазақстанның екінші үлкен мәселесі — «голланд ауруы». Бұл құбылыс орын алған кезде шикізат секторы экономиканың басқа салаларының дамуын тежейді.
Экономист Меруерт Махмұтованың айтуынша, Қазақстан экономикасы әлі де шикізатқа тәуелді күйінде қалып отыр:
«Экспорт құрылымының шамамен 70% шикізат құрайды. Шикізаттық экономикалық модельдің ең ауыр салдарының бірі — ауыл шаруашылығының әлсіреуі. Экономистер арасында «мұнай ауыл шаруашылығын жояды» деген тіркес бар. Қазақстанда мұнай ауыл шаруашылығын іс жүзінде жойды.
1991 жылы бұл сала ЖІӨ-нің шамамен 34 пайызын қамтамасыз етсе, бүгінде оның үлесі шамамен 4 пайызды құрайды. 1991 жылы ірі қара мал (ІҚМ) саны 10 миллионға жуық болса, қазір шамамен 8 миллион. Ұсақ мүйізді мал (ҰММ) саны 35 миллионнан шамамен 20 миллионға дейін қысқарды. Біз тіпті картопты да импорттаймыз, дүкендерден Қытай немесе Пәкістанның картобын көруге болады. Бізде оны өсіруге жер жеткілікті ғой».
Экономист ауыл шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары көбіне тиімсіз және саланың тұрақты дамуына әкелмейді деп есептейді.
Оның қырғыз әріптесі «голланд ауруына» екі республика да шалдықты, бірақ себептер әртүрлі болды дейді.
«Қырғыз экономикасында орнықты дамуға қол жеткізу үшін міндетті түрде шешілуі тиіс екі күрделі мәселе бар: бұл — нарықтық экономика институттарының әлсіздігі және өндіріс салаларының дамуына кедергі келтіретін «голланд ауруы». Егер Қазақстанда бұл құбылыс табиғи ресурстардың әсерінен туындаса, Қырғызстанда еңбек миграциясы немесе мигранттардың ақша аударымдарынан болып отыр, олар ел ЖІӨ-нің шамамен үштен бірін құрайды», — дейді Сапар Орозбаков.
Өз кезегінде Махмутова Қазақстанда да мемлекеттің экономикаға қатысуын күшейтуі толыққанды нарықтың дамуын тежеп отырғанын растайды:
«Жекешелендіру мен жеке сектордың дамуына қарамастан, 2000-шы жылдардан бастап мемлекет ұлттық компаниялар мен холдингтер арқылы өз қатысуын біртіндеп арттыра түсті. Экономикадағы мемлекет рөлінің осылайша барған сайын ұлғаюы экономикалық жетістіктерге елеулі тежеу болды. Меніңше, бұл жетістіктер бұдан да әлдеқайда ауқымды болуы мүмкін еді. Бүгінде көптеген мемлекеттік бағдарламалар қаржыландыруға қол жеткізудің теңсіздігін туғызып, тек шектеулі компаниялар тобын ғана қолдап отыр».
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 2001 жылы құрылған Ұлттық қор ерекше орын алады. 2026 жылдың басына қарай онда 80 миллиард доллардан астам қаражат жинақталған.
«Бастапқыда ол болашақ ұрпақтар қоры ретінде құрылған болатын. Бірақ бүгінде ол ағымдағы шығындарды жабуға арналған қаржылық қауіпсіздік жастығының функциясын көбірек атқарып келеді. Әрбір үкімет Ұлттық қорды әртүрлі мақсаттарға пайдаланады», — деп түсіндіреді Махмұтова.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда көптеген экономикалық және әлеуметтік реформалар жүргізілді, бірақ олардың бәрі бірдей сәтті болған жоқ. Солардың бірі — бүгінде үлкен алаңдаушылық туғызып отырған зейнетақы жүйесінің реформасы.
Меруерт Махмутованың айтуынша, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан белсенді халқының тек жартысына жуығы ғана зейнетақы жарналарын тұрақты түрде аударуға қауқарлы.
«Бұл адамдар зейнет жасына жеткенде, өздерінде толыққанды зейнетақымен қамсыздандырудың жоқ екенін байқауы мүмкін. Зейнетақы жүйесіне күрделі реформалар қажет, алайда мұндай шешімдер саяси ерік-жігерді талап етеді. Бұл күрделі реформа, сондықтан ешбір үкімет ол үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді», — дейді ол.
Ресейдің Украинаға қарсы соғысы да екі елдің экономикасына өз әсерін тигізді.
Меруерт Махмұтованың айтуынша, Украинада соғыс басталғаннан кейін Қазақстан өте жоғары инфляцияға, бағаның өсуіне және ішкі нарыққа түсетін жүктеменің артуына тап болды:
«Барлық нәрсеге дерлік: тұрғын үй жалдауға, азық-түлікке, қызмет көрсету түрлеріне сұраныс күрт өсті».
Сонымен қатар, сарапшының сөзінше, екінші деңгейлі санкциялар қаупі бар, себебі кейбір компаниялар Қазақстанды Ресейге қарсы енгізілген шектеулерді айналып өту алаңы ретінде пайдалануда.
«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тығыз экономикалық интеграцияны ескерсек, соғыстың салдары әлі ұзақ уақыт бойы сезілетін болады», — деп түйіндеді сарапшы.
Өз кезегінде Сапар Орозбақов Қырғызстан арқылы Ресейге санкциялық тауарлардың толық қарқынмен өтіп жатқанына дәлелдер келтіреді.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша біздің Ресейге экспортымыз 600 миллион доллардан асты, ал импорт 3 миллиард доллардан астам болды. Әдетте біздің экспорт 400 миллион доллардан аспайтын, сондықтан Қырғызстанның Ресейге санкция салынған өнімдерді сатып алуға көмектесіп жатқаны жалаң көзге ұрып тұр », — дейді ол.
Тәуелсіздік жылдарындағы басты қателіктер туралы айта келе, сарапшылар инфрақұрылым мен өндірісті дамытуға қаражат салынбаған деген ортақ пікірге келісті.
«Біздің шенеуніктер экономикада бетбұрыс жасадық және жақында Сингапурға айналамыз деп бүкіл әлемге жар салуда. Бірақ ешқандай өзгеріс жоқ! Экономиканың тұрақты өсуі үшін табысты өзі өндіретін құрылым құру керек. Ал біздікілер бұл табысты тек жеп-ішетін экономика құрды», — деді Сапар Орозбақов.
«Көптеген ұрандар айтылып мен әдемі тұсаукесерлер жасалды, бірақ жүйелі жұмыс болмады. Тозған инфрақұрылым проблемалары барған сайын сезілуде: жылу желілеріндегі апаттар, су мен электр жарығының үзілуі, ірі қалалардағы көлік кептелісі. Осы мәселелердің барлығы көп жылдар бұрын мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс еді», — деп атап өтті Меруерт Махмұтова.
Ауыр экономикалық жүкке қарамастан, сарапшылар осы 35 жылдың жетістігін де айтып отыр — ол адами ресурс. Интернет пен ашық әлем білімді басты әлеуметтік лифтке айналдырды. Жаңа ұрпақ мүлдем басқаша болып өсті, және шетелде тәжірибе мен білім алып жатқан талантты жастар аймақтың нақты өзгерістерге деген басты мүмкіндігі болып қала бермек.
Меруерт Махмутовамен болған сұхбатты мына сілтеме арқылы көре аласыздар.
Орта тап, тіл және ислам
35 жыл ішінде Қазақстан мен Қырғызстандағы қоғам демографиялық көрсеткіштер, этникалық құрылым, урбанизация және жаһандық ақпараттық кеңістікке тартылу тұрғысынан қатты өзгерді.
«Қазақстан халқының орташа жасы шамамен 35 жасты құрайды, яғни азаматтардың басым бөлігі тәуелсіз елде өсіп-жетілді. Олардың сәйкестігі, естелігі мен әлеуметтенуі мүлдем басқа. Қазір ешкім Кеңес заманындағыдай жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін мемлекет жұмыс немесе баспана тауып береді деп сенбейді», — дейді қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.

Ұқсас үдерістер қырғыз қоғамында да орын алды.
«КСРО-ның ыдырауымен және әміршіл-жоспарлы экономиканың жойылуымен мемлекет азаматтарды қамқорлыққа алуды тоқтатып, оларды өз бетінше ақша табуға мәжбүр етті. Жекеменшік пайда болып, жаңа кәсіптер мен әлеуметтік топтар қалыптасты: кәсіпкерлер, тәуелсіз журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері. Урбанизация үдерісі күшейді. Адамдар тек өзіне ғана сенуге болатынын түсініп, жаңа мінез-құлық үлгілерін қалыптастырды.
Сонымен қатар, қол жеткізілген діни сенім бостандығы сәйкестіктің жаңа түрлерін қалыптастырды», — деп есептейді қырғызстандық саясаттанушы Медет Төлегенов.
Бейсембаевтың айтуынша, КСРО ыдырағаннан кейін Орталық Азияда діндарлық қарқынды түрде өсе бастады.
«Бұл процесті исламдану деп атауға болады. Шынын да исламның рөлі күшейді. Бұл заңды да, өйткені кеңестік кезеңде діндарлық басып-жаншылып, шектеліп және қатаң бақылауда болды. Тәуелсіздік алған бойда көптеген адамдар өздерін діннен, исламнан тапты», — дейді ол.
Төлегенов діндарлықтың күшеюін консерватизмнің өсуімен байланыстырады:
«Бұл факторлар өзара байланысты және бірін-бірі толықтырады. Діни институттар тамыр жайып, кейбір салаларда үстемдікке ие болды, осылайша адамдардың күнделікті мінез-құлқын айқындай бастады. Бұл дәуірлердің ауысуы кезіндегі табиғи үдеріс».
Қырғызстандық құқық қорғаушы Әзиза Әбдірасулова елдің исламдану бағытына қарай қарқынды түрде жылжып бара жатқанын растайды.
«Қазір мешіт әрбір ауылда бар. Бірақ мен мұны тек теріс үдеріс деп есептемеймін, кез келген үрдістен оң тұстарды да бар», — деп есептейді ол.
Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдарында қос республикада да басқа бір әлеуметтік топ — кәсіпкерлер мен орта тап өкілдері пайда болды.
Алайда, мұның өз ерекшеліктері бар.
«Егер табыс деңгейіне сүйенетін болсақ, онда Қазақстанда халықтың шамамен 20-30 пайызын орта тапқа жатқызуға болады. Бірақ бұл жерде экономикалық критерий жалғыз көрсеткіш емес. Классикалық батыстық түсінікте орта тап белгілі бір табыс деңгейін ғана емес, сонымен бірге мемлекеттен тәуелсіз болуды да білдіреді. Қазақстанда орта деңгейде табыс табатын және тұтынатын адамдар тобы бар. Бірақ олардың арасында квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік сектор қызметкерлерінің үлесі өте жоғары. Сондықтан оларды толыққанды орта тап деп санауға болмайды», —деп атап өтеді Серік Бейсембаев.
Өз кезегінде Медет Төлегенов Қырғызстанда орта тап әлі қалыптасуда дейді:
«Классикалық критерийлер бойынша белгілі бір табыс деңгейі және жеке үйі, пәтерінің болуы, отбасымен шетелге демалысқа шығу мүмкіндігі сияқты сыртқы белгілері бойынша бағалайтын болсақ, бұл топ шынымен де өсіп келеді. Орта тап біртіндеп пайда болып, ол жылдар өткен сайын ақырындап нығайып келеді».
Сарапшылар Қазақстан мен Қырғызстандағы басты мәдени өзгерістердің бірі ретінде «тіл мәселесін» де атайды қос республикада да мемлекеттік тілдердің дамуы жүріп жатыр.
«Қазақ тілінде сөйлей алатын адамдар үлесі әлдеқайда артты және ол бұдан былай да өсе береді. Бұл үдеріс соңғы 10-15 жылдың ішінде ғана орын алды. Мысалы, біз жүргізетін сауалнамалар кезінде респонденттердің 65-70 пайызы қазақ тілін таңдайды. Қазақ тілінің рөлін күшеюуі — оң үдеріс. Ол тарих пен мәдени естелік сияқты біріктіруші факторға айнала алады», — деп сенеді Серік Бейсембаев.
Медет Төлегеновтің айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесінде де қырғыз тілінің маңызы артқан.
«Бүкіл ішкі және сыртқы құжат айналымын тек мемлекеттік тілде ғана жүргізетін ведомстволар бар. Мектептегі білім беру саласында да демографиялық өзгерістерге байланысты қырғыз тіліне қарай айқын бұрылыс байқалады. Жоғары оқу орындарында жағдай әлі күрделі: сапалы бейіндік оқу материалдарының тапшылығы өте қатты сезіледі, бұл толыққанды көшуді тежеп отыр. Дегенмен, тұрмыстық деңгейде азаматтардың күнделікті өмірінде қырғыз тілінің қолданылу аясы соңғы жылдары бірнеше есеге артты», — дейді саясаттанушы.
Қоғамның өзгеруінде атап өтуге тұрарлық тағы бір жайт— ұлттық сәйкестік мәселесі.
«Біз маңызды қадамға қол жеткізе алдық — азаматтар төлқұжатынан ұлты жазылуын алып тастадық. Көптеген адамдарға бұл жаңашылдық ұнамады, дегенмен біздің ішкі ID-паспортымыз енді адамның этникалық тегіне қарамастан, ең алдымен Қырғызстан азаматы екенін көрсетеді. Біртұтас сәйкестіктің түпкілікті қалыптасуы үшін уақыт қажет», — дейді қырғызстандық құқық қорғаушы Әзиза Әбдірасулова.
Ал Қазақстанда өздерін қалай атау керек деген мәселеге қатысты: қазақ па әлде қазақстандық па деген пікірталастар әлі күнге дейін жалғасып келеді.
«Көптеген адамдар өздерін Қазақстан азаматы деп санайды. Бұл саяси құрылым жалпы алғанда жұмыс істеп тұр. Алайда толыққанды азаматтық ұлт тек тиесілілік сезімін ғана емес, сонымен бірге мемлекетке ықпал ету мүмкіндігін де білдіреді. Адамдар мемлекетке әсер ете алатынын сезінгенде ғана өздерін толыққанды азамат ретінде сезінеді. Ал бұл жерде ең алдымен елдің саяси өміріне араласу туралы сөз болып отыр», — деп атап өтті әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Ақталмаған үміттер
1990-шы жылдардың басында қазақстандық және қырғызстандық қоғамда тәуелсіздік міндетті түрде демократияның қалыптасуына, сөз бостандығының нығаюына және азаматтық қоғам институттарының дамуына алып келеді деген үміттер болды. Алайда, бұл үміт ақтламады.
Серік Бейсембаевтың пікірінше, көптеген қазақстандықтардың биліктен көңілі қалған.
«Орындалмаған басты үміт — бұл жүзеге аспаған демократия. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары белсенді саяси өмірмен, жаңа партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың пайда болуымен қатар жүрді. Бірақ кейіннен саяси жүйе жабық сипатқа ие болды. Көптеген азаматтар тәуелсіздікті әділдік пен заң үстемдігі қағидаттарының нығаюымен байланыстырған. Мемлекеттік институттар қоғам мүддесі үшін жұмыс істейді, ал заң бәріне бірдей болады деп үміттенген. Алайда бұл үміттер ақталмады», — деп есептейді ол.
Бұл пікірмен саясаттанушы Медет Төлегенов келіседі.
«Біздің «демократия аралымыз» дауылдарға төтеп бере алады деген үміт болған еді. 90-шы жылдары біз үлкен сеніммен құрылған институттар өте әлсіз болып шықты. Демократиялық жетістіктерді тез әрі сенімді түрде бекіту мүмкін болмады. Мемлекетті дәл осы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ететін құқықтық институт ретінде нығайту керек еді», — дейді ол.
Қоғамның биліктен көңілі қалуы, билікке деген сенімнің жылдан жылға төмендеуіне алып келді.
«Қазір біз жастардың әртүрлі мемлекеттік институттарға деген сенімі тақырыбында үлкен зерттеу жүргізіп жатырмыз. Бұл зерттеу соңғы 10-15 жылда сенімнің төмендеп бара жатқанын көрсетеді. Бұл, ең алдымен, экономикалық жағдайдың нашарлауымен байланысты. Девальвация мен дағдарыстар билікке деген сенімді қатты төмендетті», — дейді әлеуметтанушы Серік Бейсембаев.
Бұл ретте Қазақстанның бүгінгі мемлекет басшысына деген сенім де төмендегенін айта кету керек.
«Мысалы, «Демоскоп» жобасының зерттеулеріне сүйенсек, Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенім деңгейі шамамен 61 пайызды құрады, ал Назарбаевқа деген сенім әрдайым 75-80 пайыз деңгейінде болатын. Тіпті дағдарыс кезеңдерінде де ол сирек жағдайда 70 пайыздан төмен түсетін. Парламент пен үкіметке деген сенім өте қатты құлдырады. Әсіресе, соңғы екі жылда. Бұл биліктің бірқатар шешімдерімен байланысты. Мысалы, уақытты ауыстыру, атом станциясын салу, салық реформасы және басқалары, осының барлығы биліктің абыройын түсірді», — деп есептейді Бейсембаев.

Қырғызстанда билікке деген сенім деңгейіне қатысты нақты мәлімет жоқ.
«Мемлекет әртүрлі бөлшектерден тұратын құрал. Егер адам істі болып жатса, ол сот жүйесіне сене ме? Немесе жергілікті әкімге сенеме ме? Жауаптар әртүрлі болады. IRI жүргізетін тұрақты сауалнамалардың нәтижелері (соның ішінде нақты тұлғаларға деген сенім рейтингтері) өте құбылмалы. Мысалы, өткен жылы ҰҚМК басшысы Ташиев өте танымал тұлға еді, бірақ қазіргі жағдай мүлдем басқа. Сенім — өте құбылмалы көрсеткіш », — дейді саясаттанушы Медет Төлегенов.
Қазақстанмен салыстырғанда, Қырғызстанда қылмыс топтар қоғамның өміріне белсенді араласты.
«Ұйымдасқан қылмыстық топтар тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жекешелендіру, рэкет және қаржылық әрекеттер толқынында көтерілді. Олар тамыр жайып, ұзақ уақыт бойы өздерін бүркемелеп келді, осылайша елдегі экономикаға ғана емес, саяси процестерге теріс ықпал етті», — деп түсіндіреді бұл құбылысты Төлегенов.
Өз кезегінде қазақстандық саясаткер Владимир Козлов елдің саяси алаңында бүкіл ел ауқымындағы ықпалды, батыл тұлғалардың қалмағанын өкінішпен атап өтті.
«Егер қазіргі жағдайды Назарбаев кезеңімен салыстыратын болсақ, ол уақытта саяси алаң әлдеқайда белсенді еді. Саяси күреске қатыса алатын өзіндік салмағы, жақтастары, өз ресурстары мен амбициялары бар тұлғалар болды. Бүгінде мұндай тұлғалар жоқтың қасы. Бұл 30 жыл бойы жүйелі түрде қалыптасқан саяси жүйенің нәтижесі», — деп мәлімдеді Козлов.
Қырғызстандағы саяси жағдайды бағалай келе, саясаттанушы Медет Төлегенов соңғы жылдары республикада демократиялық дамудан кейін шегіну орын алғанын айтады.
«Бізде қоғамдық өмірде де, жеке өмірде де шартты түрде либералды құндылықтар қабылданған кезең болды. Бірақ шамамен 15 жыл бұрын консерватизмге қарай бұрылыс басталды. 2023 жылы Қырғызстан тіпті гендерлік теңдік индексі (GSNI) бойынша ең жоғары бұра тартушылық көрсеткіштері бар елдер қатарына кірді. Республикада Дүниежүзілік құндылықтарды зерттеу нәтижелері айтарлықтай консервативтік ығысуды көрсетті», — деп атап өтті ол.
Ал қырғызстандық құқық қорғаушы Әзиза Әбдірасулова республика бастан өткерген саяси дағдарыстарды еске алады.
«Біздің басты қасіретіміз — 2005 жылдың наурызында еліміз саяси төңкерістер арқылы билікті ауыстыру қаралы кезеңіне қадам басты. Кейіннен бұл жағдай екі рет: 2010 және 2020 жылдары қайталанды. Мен Алмазбек Атамбаевты әрдайым қатаң сынап келдім, бірақ оның тарихта орны бөлек, оның кезінде билік бейбіт, конституциялық түрде ауысты. Бірақ 2020 жылы тағы да төңкеріс орын алды, бүгінде біз осының салдарын көріп жатырмыз», — деді Әзиза.
Тәуелсіздіктің 35 жылында төңкерістер көрші Қырғызстанда алты мемлекет басшысын билікке әкелді, ал Қазақстанда небәрі екінші президент. Республикада төңкерістер болмағанымен, көтерілістер орын алды.
Серік Бейсембаев 2022 жылғы қасіретті Қаңтар оқиғасын еске алып, оның қоғамға қалай әсер еткенін айтады.
«Қаңтар бетбұрысты сәт болды. Бұл оқиғаларға дейін Назарбаев негізін қалап, кейін Тоқаев жалғастырған дұрыс жолмен келе жатырмыз деген үміт бар еді. Бірақ кейін халықтың көңілі қалды.
Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру және реформалар туралы жариялағанда, көпшілік сенді. Адамдар саяси бәсекелестік, саясат пен басқаруда жаңа тұлғалар пайда болады, билік басқаша әрекет ете бастайды деп үміттенді. Алайда бұл жүзеге аспады, сондықтан соңғы 3-4 жылда біз қоғамда түңілуді көріп отырмыз», — деп есептейді әлеуметтанушы.

Қазақстанда қалыптасқан саяси жағдай туралы айта келе, саясаттанушы Димаш Әлжанов заманауи технологиялар саяси бақылаудың сипатын айтарлықтай өзгерткенін айтады.
«1990-шы жылдары бүгінгідей бақылау құралдары болған жоқ. Әлеуметтік желілер, ақпаратты лезде тарату мүмкіндігі болмады. Ал қазір билік тек дәстүрлі медианы ғана бақылаудың жеткіліксіз екенін түсінді. Саяси белсенділік онлайн кеңістікке ауысты, демек, бақылауды сол жерде де күшейту қажет. Қазіргі уақытта негізгі ресурстар ақпаратты бақылауға, қоғамдық көңіл-күйді қадағалауға және бүгінгі режимнің «заңдылығын» бұдан былай да төмендеуіне жол бермеуге бағытталған», — дейді сарапшы.
Ал Бейсембаевтың айтуынша, жаппай бақылау қоғамда қорқыныш тудырды және соңғы жылдары бұл қорқыныш айтарлықтай күшейе түскен:
«Бізде пікір білдіруге қатысты қорқынышты көріп отырмыз. Зерттеулердің бірінде респонденттерге билікті жария түрде сынаудың салдары туралы тікелей сұрақ қойылды. Сонда адамдардың 60 пайызы бұның қауіпті екенін және салдары болуы мүмкін екенін айтты».
Серік Бейсембаевпен сұхбатты мына сілтеме бойынша көре аласыздар.
Қос республиканың тәуелсіздігіне 30 жылдан асса да, қоғамда егемендіктен айырылып қалу қорқынышы әлі де сейілмей тұр.
«Бұл тақырып өзекті, бірақ оның қабылдануы контекстке байланысты. Жаһандық катаклизмдер жағдайында ел әлем картасында қала ма деген радикалды пікірталастар жүріп жатыр, өйткені қазір әлемде әскери қақтығыстардың мысалдары жеткілікті. Бізде тәуелсіздікке нұқсан келу қорқынышы прагматикалық тұрғыда көрініс табады. ЕАЭО-да маркетплейстерде сауда жасаған немесе тоқыма өнімдерін экспорттаған кәсіпкерлер жаңа, қатаң ережелерге тап болып: «Ел олардың мүдделерін қорғай ма?» деген сұрақ қояды. Немесе шекарада фуралардың ұзын кезектері пайда болған кезде.
Тағы бір себеп — сыртқы күштердің (Ресей, Қытай немесе Батыс) қатысуы, бұл кезде адамдар бұл ықпал Қырғызстанның ішкі мүдделеріне нұқсан келтірмей ме деп қауіптене бастайды», — деп есептейді саясаттанушы Медет Төлегенов.
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, тәуелсіздік идеясы қазақстандықтардың негізгі құндылықтарының бірі болып қала береді:
«Адамдар егемендіктен айырылғысы келмейді, тәуелсіз Қазақстанда өмір сүргісі келеді. Ресейдің Украинаға қарсы ауқымды соғысы басталғаннан кейін бұл тақырып өзекті сипатқа ие болды. Бұрын қазақстандықтардың 90 пайызы Ресейді дос әрі стратегиялық серіктес деп санайтын. Қазір халықтың басым бөлігі Ресейден егемендікке төнетін қауіпті көреді. Егер бұрын мұндай сценарийлер маргиналды дүние ретінде қабылданса, бүгінде оларға деген көзқарас айтарлықтай салмақты бола түсті».
Қоғам тарапынан реформаларға бастамашылық ету немесе халық билігі мәселесі Қырғызстанда да, Қазақстанда да әлі күнге дейін жүзеге аспаған күйде қалып отыр, дейді сарапшылар.
«Жобаларды әрдайым саяси топтар немесе мемлекеттік құрылымдар дайындайды. Қоғам көбіне резонатор рөлін атқарады: билік халықтың дайындығын, бұған қалай қарайтынын және орындайтынын тексеріп, байқап көреді. Тіпті ең демократиялық кезеңдердің өзінде халық ниетімен қабылданған заңдардың сәтті мысалдары бізде іс жүзінде жоқ. Бәлкім, мысалы ретінде 2010 жылғы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды атауға болады, ол кезде әйелдердің үкіметтік емес ұйымдары ауқымды науқан жүргізіп, оның парламентте қабылдануына қол жеткізді. Азаматтардың белсенділігі қажет, бірақ әзірге бастама биліктің қолында қала бермек», — деп атап өтеді қырғызстандық саясаттанушы Медет Төлегенов.
Қазақстандағы жағдайдың бұдан айырмашылығы шамалы.
«1995 жылдан бастап барлық реформалар дерлік президент билігін күшейтуге және бостандық кеңістігін шектеуге бағытталды. Авторитарлық режимдер, егер елеулі саяси немесе экономикалық дағдарыс болмаса, өздігінен реформалануға қауқарсыз», — деді Серік Бейсембаев.
Қорытынды
35 жыл ішінде Қазақстан мен Қырғызстан жағымды да, жағымсыз да терең демографиялық, мәдени, экономикалық және саяси өзгерістерді бастан өткерді. Және қос республикада бұл өзгерістер көп жағдайда өте ұқсас болып шықты: діндарлықтың күшеюі, ұлттық тілдердің дамуы, халық саны мен экономиканың өсуі.
Ең өкініштісі, тәуелсіздіктің таңында пайда болған көптеген үміттер осы күнге дейін ақталмады.
«Үміт беретін нәрсе — осы жылдар ішінде халқымыздың жинақтаған орасан зор тәжірибесі. Бұл ең құнды тәжірибе, адамның КСРО-да немесе тәуелсіз Қырғызстанда дүниеге келгені маңызды емес. Дағдарыстар мен тұрақсыздықтарды бастан өткеру тәжірибесі төзімділікке үйретеді. Иә, бізде көп нәрсе сәтсіз шықты, бірақ осы талпыныстардың өзі бізге бәрін дұрыс істей алатын болашақ бейнесін сақтап қалуға мүмкіндік береді», — деп сенеді қырғызстандық саясаттанушы Медет Төлегенов.
Қорытындылай келе, қазақстандық әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бүгінде көптеген қазақстандықтар сезініп отырған тұрлаусыздық туралы айтады.
«Біз тәуелсіз Қазақстанды құрдық, бірақ қазір не құрып жатырмыз? Бұл жағдай тек қоғам үшін ғана емес, билік үшін де қауіпті. Қазақстанның экономикалық және саяси тұрғыдан өркендеген мемлекетке айналуға жақсы мүмкіндігі болды, бірақ бұл жүзеге аспады. Мен үшін ең өкініштісі— бізде болған және әлі де бар сол әлеуетті пайдалана алмай қалуымыз мүмкін», — деп түйіндеді Бейсембаев.
Материалды дайындағандар: Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан)
және Лейла Саралаева (Қырғызстан)
Эта статья на русском языке по ссылке ниже:
«Тәуелсіздік 2.0» жобасының басқа жарияланымдарымен
мына сілтемелер арқылы танысуға болады:
- Как Россия, США, ЕС и Китай влияют на Казахстан и Кыргызстан, используя «мягкую» и «жесткую» силы
- Үш төңкеріс және бір транзит: Қазақстан мен Қырғызстанда президент билігі қалай…
- Заложница власти. Как за годы независимости менялись конституции Казахстана и Кыргызстана
- «Биліктің тұтқыны»: тәуелсіздік алғалы Қазақстанмен Қырғызстанның конституциялары қалай өзгерді
- «Қуаныштан көзіме жас алдым». Қазақстан мен Қырғызстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдары
- «Я плакал от счастья». Как Казахстан и Кыргызстан строили независимость в первые годы после развала СССР
БОЛЬШЕ оперативных и важных НОВОСТЕЙ в нашем Telegram-канале:
https://t.me/respublikaKZmediaNEWS и https://t.me/RESPUBLIKAexpertKZ
ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»
В Казахстане почти нет независимой прессы. Власти сделали все возможное, чтобы заткнуть рты журналистам, осмеливающимся их критиковать. В таких условиях редакции могут рассчитывать только на поддержку читателей.
«Республика» никогда не зависела ни от власти, ни от олигархов. Для нас нет запретных тем. УЗНАТЬ БОЛЬШЕ О НАС можно здесь.
Поддержать нас можно разными способами — они указаны на этой странице.











