«…Көптеген адамның мәйіті тау бойын алып жатты, жолдан өтіп кету үшін мәйіттерді аяғымызбен теуіп сайға түсіруге мәжбүр болдық. Осылай қырғыз еліне жеттік. Жете алған қазақтардың бәрі дерлік аман қалды», — деп, өткен ғасырдың 30-жылдарындағы сұмдық жағдайын, Жамбыл облысының тұрғыны есіне алады.

1930 жылдардағы  ашаршылық –  қазақ тарихындағы ең қайғылы кезеңдердің бірі. Сталиннің байларды тәркілеу, ұжымдастыру және астықты игеру саясатының салдарынан әртүрлі баға бойынша 2,5 миллионға дейін қазақ қырылды. Бұл сол кездегі республика халқының жартысына жуығы.

Шамамен жарты миллион қазақ шекара асып кетті. Олардың біраз бөлігі – көршілес Қырғызстанға, сол кездегі Қырғыз Совет республикасына табан тіреді. Ол жерде де аштық орын алды, бірақ Қазақстандағыдай қасырет болған жоқ.

Ашаршылық. Фото https://foto.kg/

Сол қайғылы оқиғалардан кейін  ғасырға жуық уақыт өтті. Дегенмен әлі күнге дейін Ашаршылыққа саяси баға берілген жоқ, маңызды сұрақтарға жауап табылмады. Мысалы, 1930 жылдардағы аштық неге Қазақстанда соншалықты ауқымды болды, ал көрші Қырғызстанда ондай болған жоқ? Қырғыз еліне қашқан мыңдаған қазақтар қалай аман қалды? Бұл қасірет үшін кім жауапты?

Осы және басқа да сұрақтарға біз «Отарлаудың ақ дақтары» еларалық  зерттеуде жауап табуға тырыстық.

Сондай-ақ, біз бұл жобада сол Ашаршылықтан  аман қалған адамдардың ұрпақтарының естеліктерін келтіреміз.

Ашаршылық себептері мен салдары

Қазақстанда 1930 жылдардағы орын алған Ашаршылықты, сол кездегі Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы Филипп Голощекиннің атымен «Голощекин аштығы» деп атап кеткен. Ол сол кезде республикадағы ұжымдастыру процестерін басқарған еді.

Қазақстандық тарихшы, Азия зерттеулері институтының басшысы Сұлтан Әкімбековтің пікірінше, 1930 жылдардағы қасіреттің себептері тек ұжымдастыруға байланысты емес.

Оның айтуынша, 1929 жылы Қазақстандағы ұжымдастыру туралы қабылданған шешім радикалды сипат алды:

«Көшпелі қазақты, яғни халықтың 77 пайызын отырықшы өмір салтына көшіру керек болды. Олай дегеніміз барлық малды, яғни сол кездегі шамамен 1000-2000 шаруашылықты орталықтандыру көзделген еді».

Сұлтан Әкімбеков

Большевиктер жоспарлаған Қазақ даласындағы ұжымдастыру көптеген себептерге байланысты қиындады.

«Біріншіден, жайлымсыз қалған мал қырылды. Республика  Одақты 20 пайыз етпен қамтамасыз етіп отырды. Екіншіден, көптеген салық салынды: астық, 2-3 пуд сүйек, киіз, салық тізімі өте көлемді еді. Құжаттардан белгілі болған дерек бойынша: 25 пуд немесе 400 кг астық салығын төлеу үшін, бір қазақ жеті түйе мен 15 қой берген, бұл мүлдем теңі жоқ алмастыру », — тарихи деректерге сілтеме жасай отырып Әкімбеков осылай дейді.

Оның пікірінше, жаппай аштықтың себебі Кеңес Одағының саясатының нәтижесі:

«Аштық – қазақтар үшін өте эмоционалды, жан тебірентіп, жан ауыртатын оқиға. Аштық қоғамда орасан зор сезім тудырады. Кейбіреулер сол кездегі мемлекет саясатына қатты сыни көзбен қарайды, ал басқалары оны Кеңес Одағында болған жаһандық процестер контекстінде қарастыруға тырысады. Мен бұл құбылысты жалпы контекстте қарастыру керек дегенге келісемін».

1933 жылға қарай, қазақтардың 40 миллион малынан, шамамен оннан бір бөлігі қалды.

«Ал мал қазақ үшін жалғыз азық көзі еді. Халық аштықтан қырыла бастады. Осыған қарамастан, ұжымдастыру жалғасып, мал тапсыру қарқыны азайтылмады, тағы 3,5 миллион мал басын алу көзделді. Адамдар қиын жағдайға тап болып, мемлекеттен көмек болмады және 1930 жылы адамдардың жаппай қырыла басталды», — деп түсіндіреді Сұлтан Әкімбеков.

Тарихшы мәліметі бойынша, сол жылдары жарты миллионға жуық қазақ шетелге қашып, шамамен 30 пайызы қаза болды.

«Қазақтардың елеулі бөлігі аштықтан құтылу үшін Ресейге, Өзбекстанға, Қырғызстанға, сондай-ақ Қытайға, Ауғанстанға және Иранға қашты. Шамамен 500 мың адам жер аударды. 1939 жылғы халық санағы бойынша қазақ халқының саны 1926 жылмен салыстырғанда 1,2 миллион адамға азайды. Яғни, кем дегенде 27 пайыз қазақ аштық жылдары қырылды. Эмоцияға бой берілмесе де бұл тым қорқынышты жағдай», — дейді Сұлтан Әкімбеков.

Сұлтан Әкімбековпен толық сұхбатты төмендегі сілтемеден қараңыз:

Большевиктер казаққа «жұт» болды

Кезінде Кеңес басшылығы 30-жылдардағы аштықты ауа-райының қолайсыздығына байланысты, ауа-райының салдарынан деп түсіндірді. «Бірақ бұл шындыққа жанаспайды, —  дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының тарихнама және методология бөлімінің жетекші қызметкері Арман Әбікей.

«Шын мәнінде халықтан мал тартып алу науқаны жүргізілді, ет өткізудің көлемі үлкен болды – бұның бәрі қазақтарды аштыққа әкеліп соқтырды. Жұт туралы да айтылады. Алайда XIX ғасырда Қазақстан аумағында шамамен 20 ірі жұт орын алды, бірақ қазақтар одан аман қалды, олар табиғи апаттарға қарсы тұруды үйренген. Билікке келген большевиктердің өздері  қазаққа жұт болып шықты», — дейді тарихшы.

Арман Әбікей

Ол қазақтардың ашаршылықтан құтылу үшін қалай және қайда қашқанын айтып берді:

«1930 жылдың басында-ақ басқа жерге көшу толқыны басталды. Жүз мың адам Батыс Сібірге кетті, 100 отбасы Батыс Сібір арқылы өтіп, Қиыр Шығысқа жетті. Олар өте ауыр жағдайға тап болды. Батыс Сібір өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Эйхе деген кісі: «24 сағат ішінде қазақ босқындары қуып шығарылсын»,- деп бұйрық шығарады. Бұл жергілікті билік құрылымдары үшін, қазақтарды ашық жазалауға жол ашады ».

Оның айтуынша, 1930 жылдың қазанында Қытайға 40 отбасы қашуға бел буған, бірақ шекарада оларды НКВД қызметкерлері тосып алып, атып тастайды.

«Тек 9 отбасы шекарадан өтіп үлгерген, қалғандары не ұсталып, не өлтірілді. Әйелдер зорланды, ерлер тоналды…», — деп келтіреді сұмдық мәліметтерді Арман Әбікей.

Сол аштық жылдары каннибализмнің көптеген жағдайлары тіркелді.

Арман Әбікей бұл құбылысты адамдар үміт үзгендіктен орын алған жағдай деп түсіндіреді, себебі мемлекет оларды тағдыр озбырлығына қалдырды.

«Біз оларды осындай жағдайға жеткізген кім екенін ұмытпауымыз керек. Себебі аштықтың қызуында, 1931 жылы адамдарды құтқарудың орнына, Кеңес үкіметі шетелге 51,8 млн пуд астық сатқан. Адамдар аштықтан жаппай қырылып жатты, билік олардың өлетінін білсе де, оларды ештеңе тоқтатпады… Бұны мемлекеттік «каннибализм» деп санауға болады және бұл әдеттегі каннибализмнен де қорқынышты».

Тарихшы Қазақстандағы 30-жылдардағы аштықты геноцид деп атауға болатынына сенімді, өйткені ол кеңес билігінің саяси шешімдерінен туындады:

«1992 жылы құрылған Ашаршылықты бағалау комиссиясының мәліметтері бойынша Қазақстанда кем дегенде 2,2 миллион қазақ қырылған. Комиссия шешімі бойынша «Бұл Кеңес билігінің қылмысы» және «Геноцид белгілері болды» делінген. Екі-үш жылдың ішінде көшпелі мәдениет жойылып кетті. Ғалымдар этноцид туралы да айтады, ол мәдениетті, ұлттық сананы, тілді жою деген сөз», — деп атап өтті тарихшы.

Арман Әбікеймен сұхбатты төмендегі сілтемеден көре аласыз:

«Анам мені құтқару үшін қарындасымды қасқырларға тастады»

«…Аман қалғандар тышқан мен арамшөп жегенін немесе бидай масақтарын тергенін еске алады…», — деп,  «Аштық жайлаған дала» деген кітабында, американдық зерттеуші Сара Кэмерон жазады.

Аштықтан аман қалған қазақтардың ұрпақтары көптеген қорқынышты жағдайларды еске алады, мысалы адамдар мысық пен ит жегені, ұрпақ жалғастыру үшін, ұлдарын алып қалып,  қыз балаларын құрбан еткені туралы айтылады.

Солардың бірі – Мекеметас Мырзахметұлы, қазақ ғалымы-абайтанушы, қоғам қайраткері, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Биыл ақсақал 94 жасқа толды.

«Аштық жылдары бүкіл ауылымыз қоныс аударды, бұл ауыл Ташкенттің жанында орналасқан еді. Көпшілігі сол жаққа қоныс аударып, аман қалды, Қырғызстанға кеткендер де аман қалды. Ал қалғандарының көбі өлді. Анам маған сегіз айлық қарындасымды, мені құтқару үшін, қасқырларға лақтыруға мәжбүр болғанын айтып берген еді..», — деп еске алады ақсақал Жанболат Мамайдың «Зұлмат» фильмінде.

Ал, Досым Сәтбаев түсірген  «Откочевники мертвой степи» фильмінде бизнесмен Ерлан Кожасбай әжесінің әңгімесін келтіреді:

«Әжемнің айтуынша, адамдар аштықтан есінен адасып кете жаздады, айналадағы тірі жанның бәрі азық болды: ит-мысық, тышқан және олар мәйіттерді жей бастаған».

Астана тұрғыны Серік Белгібай атасының естеліктерімен бөліседі:

«…Атам кайтыс болғандарды жерлеуге мұрша болмаған, әкесі екеуі мәйіттерді орап, үйдің есігін жауып, тастап кеткенін айтып берген. Әкесі жаназа оқып, атамды иығына көтеріп, Омбыға қарай жөнелген. Жолда көлде үйрек ұстап оны шикідей жегенін айтып отыратын…».

Серік Белгібаймен сұхбатты төмендегі сілтемеден қараңыз:

«Олар тоз-тозы шыққан еді, апат күйінде болды»

Көршілес Қырғызстанда да, ол кезде Қырғыз АКСР деп аталған, аштық болды, бірақ ол Қазақстандағыдай апаттық салдарға әкеліп соқтырмады.

«Бізде де аштық басталған еді. Мұрағаттарда әртүрлі аймақтарда 5-6 адамның өлімі тіркелгенін, балалардың қырылғаны туралы құжаттар бар», — дейді қырғыз тарихшысы, профессор Зайнидин Құрманов.

«КСРО аумағы 24 экономикалық аймаққа бөлінді, Қазақстан астық пен ет өнімдіру аймағына, ал оңтүстік көршілеріміз – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан – мақта өндіру аймағына кірді. Сондықтан ол жерлерде Қазақстандағыдай апат болған жоқ», — деп түсіндіреді тарихшы Арман Әбікей.

Ол қырғыз жеріне өтіп, аман қалған қазақтар ұрпақтарының естеліктерін келтіреді.

Көке Абаев: «…Жамбыл облысының шекарасынан өтіп, Қырғызстанға кеткендердің бәрі аман қалды. Ал шекараның бұл жағында қалғандардың бәрі аштықтан өлді. Тауда жолда өте көп мәйіт  болды. Адамдар жолдан өту үшін мәйітті  сайға аяқпен итеруге мәжбүр болған».

_

Қырғызбай Қасымханов: «Ата-бабаларым: төрт адамнан тұратын отбасы барлық малын тастап, бір атпен Қырғызстанға кеткен. Ысықкөлге жетіп, солай аман қалды. Әкем – сол отбасының кіші ұлы, есімімді қырғыз халқының құрметіне қойған еді».

Фрунзе, 1930 ж. Фото https://foto.kg/

«Бір күні Фрунзе қаласына жаяу жүріп келген, әбден азған, үсті бастары лас, азып-тозған адамдардың үлкен тобы келе бастайды. Фрунзе тұрғындары үшін бұл апат болды. Қала тұрғындарын бұл жағдай қатты таң қалдырған. Олар қазақтармен жылдар бойы көрші болып өмір сүріп, қыз беріп, қыз алысып, құдаласып, неше түрлі жарыстар өткізіп, той жиындарында бас қосып жүрген ғой. Қазақтар, қырғыздармен салыстырғанда, дәулетті еді. Кенеттен осында күйге түсіп, кедей болып шыға келді», — дейді тарихшы Зайнидин Құрманов.

«Біз оларды бұрыңғы көршіміз екенін елестете алмадық, күні кеше ғана біз олармен бірге қымыз ішіп, той-тұмалақтарда жүрген едік, ал бүгін олар тоз-тозы шыққан, апатты жағдайға түскен », — деп профессор әжесінің естеліктерін келтіреді.

Кырғыз еліне келген қазақтар саны туралы нақты мәлімет жоқ. Қырғызстан тарихшылары 120-150 мың адам болған дейді.

«Орташа есеппен алғанда, 150 мың босқыншы болды деп ойлаймын. Адамдар Қарағандыдан, Семейден жаяу жүріп келген. Арбасыз, балалар, қарттар, бәрін арқаларына асып келген. Жолға шыдамай аштықтан өте көп адам қайтыс болды. — дейді Құрманов. — Олардың бір мақсаты – қалаға жету, өйткені онда жергілікті тұрғындардан көмек болады деп сенген. Ал адамдар шынымен көмектесіп, су, киім, нанымен, барымен бөліскен».

Сондай – ақ, профессор ашаршылық туралы нағашы әжесінің әңгімесінен біледі, ол кісі Жамбыл облысынан қашып келген қазақтар ұрпағы.

«Олар Бақайыр колхозына дейін шамамен 40-50 км жүріп келген, жолда ол  барлық бауырларынан, әкесінен, анасынан айырылған, олар тек сіңлісі  екеуі ғана аман қалған.  Кейін сіңлісі де жоғалып кетеді, өйткені неше түрлі сұмдық жағдайлар орын алған. Адам жеу, балаларды, адамдарды ұрлау. Адамдар аштық пен трагедиядан есінен айырылған», — дейді Құрманов.

Тарихшы куәгерлердің естеліктерін келтіреді: алдымен қайтыс болғандардың денелерін көлікпен шығарып жатты,  кейін оларды ат арбаларымен де әкетіп жатты.

Қала қызметтері соншалықты көп мәйіттерді бірден шығара алмады.

Қазақтар қырғыз ауылдары мен қалаларына келген кезде, онда босқындарды қабылдайтын ешқандай дайындық болмады. Асығыс тамақтану пункттері, балабақшалар, аштарға арналған асханалар құрылды.

Қосымша балалар үйлері мен балаларды қабылдау мекемелерін ашу мәселесі туындады. Бұны Қызыл крест және милицияның көмегімен балалар комиссиясы атқарды. Балаларды қала көшелері мен қала шетінен жинап,  олар тек үйсіз қалған балаларды немесе ата-аналары өздері өткізген  балаларды қамтыды.

Сол кезде бір жарым мың бала балалар үйлеріне орналастырылды. Жетім балалар арасында бүгінгі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкесі Кемел Тоқаев та болған еді.

«Фрунзеге дейінгі жол өте ұзақ және ауыр болды. Атам туыстарын баспана берген орыс отбасына орналастырды. Бірде ол жұмыс іздеп кетті, ал оралғанда кіші қызы пешке құлап қайтыс болған екен. Ал әжем  аяғынан жүре алмай шарасыз қалған. Атам бір күні үйден кетіп, қайтып оралмады. Ал оның ұлдары, яғни менің әкем және оның ағасы Қасым балалар үйіне түсті», — дейді Қасым-Жомарт Тоқаев «Президент 2.0» фильмінде.

Тарихшы Құрмановтың пікірінше, мыңдаған қазақтардың өмірін сақтап қалуға Жүсіп Әбдрахманов, Қырғыз республикасының бірінші басшысы көп күш салған, ұстамы өте мықты  адам еді. (Суретте оң жақта).

Жүсіп Әбдрахманов

«Жүсіп Әбдрахманов шынйы большевик болды, коммунистік идеяға берік еді, осы идеяның жанкүйері болған. Бірақ не болып жатқанын көріп, жаны шыдамады. Ол коммунистік идеяға және коммунистік жетекшілерге деген сенімін жоғалтты. Оның ойына коммунистер 100 артық трактор сатып алу үшін мұндай қасыретке, жаппай адам өліміне жол береді деген ой оның санасына кіріп шықпайтын », — дейді Құрманов.

Тарихшының айтуынша, Әбдрахманов қорықпастан, Мәскеу мен Ленинградқа жіберілуге арналған қоймаларда жиналған етті, астықты және басқа да азық-түлікті қырғыз бен қазақ халқына таратты.

1933 жылы, аштық басыла бастағанда, Әбдрахманов нан өндіру жоспарын орындамағаны үшін Қырғыз АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы қызметінен босатылды. Ал 1938 жылы ату жазасына кесілді.

«Сәбилерді бір шыны сүтке айырбастап жатты»

Ашаршылықтан қашқан қазақтар ұрпақтары бүгінде Қырғызстандағы қазақ диаспорасының негізін құрайды. Олардың бірі – Қырғызстанның тұңғыш стюардессасы, бүгінде авиация мұражайының директоры Тлеухор Бошумова.

«Мен орта жүз қазағымын, руым арғын. Ата-бабаларым Қарағандының ар жағындағы Ағадыр ауданында тұрды. Бай да емес, кедей де  емес едік, орташа отбасы — 5 түйе, 10 ат, қойларымыз бар еді. Сиыр сауып, айран, қаймақ жасап, биенің сүтінен қымыз пісетін. Осылайша өмір сүріп жатты.1927 жылы ұжымдастыру басталып, олардың малын тартып алады. Ол кезде байсың ба, кедейсің бе деп сұрамайтын. Аулада екі ат тұрса – біреуін алып, 5 ат болса –  4-ін алып кететін», — дейді Тлеухор Бошумова.

Тлеухор апайға ашаршылық туралы әкесі айтып берген екен. Қырғызстанға қоныс аудару туралы шешім бүкіл ел бірге қабылдапты:

«Біз туыс әпкеміздің күйеуі Жібек жолында керуенші болған екен. Бір күні келіп: «Кетейік, мен шөбі де, суы да, тауы да бар жерлерді көрдім, мал жайып, аштықтан өлмейсіңдер»,- дейді. Бүкіл ру жиналып, ақылдасады… Әкемнің айтуынша, өте қиын болды, жолда адамдар өліп, тіпті, аман қалу ниетімен,  кішкентай балаларды, сәбилерді бір шыны сүтке айырбастап, тастап кеткендер де болды».

Аман қалған қазақтар ұрпақтары әлі күнге дейін қырғыз халқына қиын қыстау заманда қол үшін бергені үшін алғысын айтып жатады.

Тлеухор Бошумовамен толық сұхбатты төмендегі сілтемеден қараңыз:

Ашаршылық және оның құрбандары үшін кім жауапты?

Миллиондаған адам өлімі орын алса да, КСРО-ның ресми тарихында Ашаршылық туралы айтылмайтын. Тек тәуелсіздік алғаннан кейін бұл қайғылы жағдай туралы айтыла бастады.

Тарихшы Зайнидин Құрманов Ашаршылық туралы фактілерді КСРО-ның керемет бейнесін бұзбау үшін жасырған дейді.

«Кеңес Одағы идеологиялық мемлекет екенін ұмытпаңыздар. Кенес үкіметі: «Коммунизм құрамыз, бүкіл халық бақытты болады, барлығы үйлесімді, әділ, репрессия жоқ, қылмыс жоқ қоғам болады»,- деп сендірді. Жұмақ. Ал кенеттен осы жұмақта азамат соғысы, сұмдық  ашаршылық, қылмыс, жаппай репрессиялар болды. Әрине, идеология бұның бәрін жасырды. Тек қайта құру кезеңі басталғанда ғана  мұрағаттар ашылып, шындық белгілі болды».

Қазақ және қырғыз тарихшылары ашаршылық үшін бар кінәні Кеңес билігі мойнына алуы керек деп санайды.

«Халық бағасын беріп қойды. Әрине әлі де: «Сталин мен Ленин бақытты қоғам құрғысы келді»,- деп айтатын ақымақтар бар. Сол кезден бері жүз жыл өтті. Ал енді, қазақтар немесе қырғыздар жан басына шаққандағы ЖІӨ-ден озып кетті ме? Халықты жаппай қырусыз, егер нарықтық экономиканы, сау бәсекелестікті дамытсақ, қазіргі даму деңгейіне жете алар едік», — дейді профессор Құрманов.

Сұлтан Акимбеков бұл пікірмен келіседі:

«Яғни, болған оқиға үшін барлық жауапкершілік Сталин мен сол кездегі билік мойынында. Бірақ бұған бағаны кім беруі керек, айту қиын. Мұнда саяси мағына жатыр. Біз бұл туралы айтпауға тырысамыз. Өйткені, Ресейде КСРО-ға сын көзбен қараудан бас тартуға тырысады. Керісінше, жағымды бейне қалыптастырғысы келеді, сондықтан 90-жылдардағы көптеген шешімдерді жойып жатыр. Мәскеудің Кеңес тарихына көзқарасын  ескеруге мәжбүрміз».

Қазақтар КСРО-ның мұрагері ретінде Ресейден ашаршылық үшін кінәні мойындауды талап етуі керек пе? Қазақ қоғамында бұған байланысты бірыңғай пікір жоқ.

Тарихшы Сұлтан Акимбековтің пікірінше, қазіргі саяси жағдайда бұл мүмкін емес, сонымен қатар қажет те емес.

«Бұл мәселені өзекті етудің қажеті жоқ. Бірақ бұл біз ел ішінде бұл мәселемен айналыспауымыз керек дегенді білдірмейді. Біз зерттеуіміз керек. Бізде әдебиет аз, ғылыми жұмыстар жеткіліксіз. Украина туралы аман қалғандардың және олардың ұрпақтарының естеліктері өте көп. Ал бізде ешкім оны жазып алмайды. Бұл жұмысты әлі де жасауға болады», — дейді қазақ тарихшысы.

Әріптесінің  пікірімен қырғыз тарихшысы Зайнидин Құрманов та келіседі.

«Ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді, Кеңес репрессиялары бойынша екінші Нюрнберг соты болған жоқ. Сондықтан әркім: «Біз болған жағдайда кінәлі емеспіз, тек өз міндетімізді атқардық» дейді».

Сонымен бірге профессор аштықтан Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Иран және Сібірге қашқан қазақтарға байланысты көлемді жұмыс атқарылғанын атап өтті.

«Біз көптеген мақалалар жаздық және одан әрі жұмыс істеуге дайынбыз. Болашақта мұндай  қасырет қайталанбауы қажет. Біз, тарихшылар, санитарлар сияқты бұл туралы ескертіп отыруымыз керек», — деді Құрманов.

Тарихшылардың пікірі бойынша сол қайғылы жылдар оқиғаларын әрі қарай  зерттеу өте маңызды. Болашақ ұрпақ,  орын алған қасыретке, тарихи және моральдық тұрғыдан әділ баға беру мүмкіндігі болуы керек.

Ашаршылыққа арналған ескерткіш Алматыда 2017 жылы 31 мамырда ашылды. Қазис Тоғызбаев суреті
Материалды дайындауға Назира Дәрімбет, Юлия Козлова (Қазақстан) және 
Лейла Саралаева, Даяна Оселедко (Қырғызстан)қатысты.

Орысша нұсқасын төмендегі сілтеме бойынша оқи аласыз:
https://respublika.kz.media/archives/135132

ПОДДЕРЖИТЕ «РЕСПУБЛИКУ»! 

_

Можно через KASPI GOLD, отправив донаты на номер телефона  8-777 681 6594 или карты  4400 4302 1819 1887. И другие способы на этой странице.

Spread the love

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Пожалуйста, введите ваш комментарий!
пожалуйста, введите ваше имя здесь

Достигнут лимит времени. Пожалуйста, введите CAPTCHA снова.